100 • 29 Қазан, 2019

Ел газетінің жаңашыл қадамдары үлгі етілді

431 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-­да еліміздің бас басы­­лымы – «Egemen Qazaq­stan» газетінің 100 жыл­дығына орай «Turkistan open media forum». Жаңа және дәстүрлі медиа: ын­ты­мақ­тастықтың заманауи модельдері» атты форум өтті. Осы форумда ел газеті «Егеменді» болашақ журналистер білім алар, ізденісіне қажетті дүниені табатын, шеберлігін шың­дай­тын университетке теңе­­ген пікірді естігенімізде марқа­йып қалғанымыз рас.

Ел газетінің  жаңашыл қадамдары үлгі етілді

Соңғы жылдары басы­лым­­дағы өзгерістердің оқыр­ман һәм бәсекелестік талабына сай­ жүр­гізіліп жат­қаны, ресми са­­рын азайып, есесіне сыни, ха­лық­ара­лық жағдайларға қатыс­ты материалдар, шетелдік сарапшы­лар­дың пікірлеріне көп орын беріле бастағаны да зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылды.

Түркістан облыстық Қо­ғам­дық даму басқарма­сының қол­дауы­мен, Қа­зақстан Журналистер одағы Түркістан облыс­тық фи­лиа­лы­ның ұйымдастыруымен өткен форумда кезінде ел газетін­де еңбек еткен ар­дагерлер­ге құр­мет көр­сетіліп, басылымның бү­гінгі жаңашыл қадамдары үлгі етілді. Түркістан, Жам­был, Қы­зылорда облыс­тарынан, Ал­маты, Шым­­кент қалаларынан келген белгілі журналис­тер рес­пуб­ликамыздың бас газетінің торқалы тойы­на құт­ты болсын айтты. Түр­кістанда оңтүстік өңірлер журналистерінің басын қосқан форумға тілектестігін білдіріп, ұсынысы мен құт­тықтауларын жібер­гендер де аз емес. Мысалы, қазақ басылымының жанашырлары Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Айгүл Қапбарова, Мә­жі­ліс депутаты Дархан Мың­бай­дан арнайы құттықтаулар келіп түсті. Ал «Егемен Қазақстан» рес­­публикалық газеті» АҚ Бас­қар­ма төрағасы Дархан Қы­дыр­әлінің құттықтау хатын фо­рум жұмысын жүргізген Журналис­тер ода­ғы Түркістан облыстық фи­лиалы төрағасы Ғалымжан Елшібай оқып берді. «Бүгінгі ақ­парат айдыны өте шапшаң дамуда. Осындай сындарлы кезең замана көшіне ілесіп қана қоймай, кез келген қиындықтардан жаңа­шылдықпен жол тауып, тың пікірлермен заманауи тілмен айтқанда креативті идеяларға арқа сүйеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда медиакеңістікте тер төгіп, ақпарат саласының қа­за­нында қайнап жүрген қыз­мет­­керлердің басын қосу, тә­жірибе бөлісудің маңызы өте зор. Тек Түркістан ғана емес, рес­публиканың бірнеше өңі­рін­дегі бұқаралық ақ­парат құрал­дарының, бло­герлерінің басын қосқан бүгінгі медиафорум­ның алға қойған мақсаты – осы са­лада жүрген мамандардың тәжі­рибесін ұштау, құнды пікірлерді алға қарай ілге­рілету деп есеп­теймін», делінген Басқарма тө­ра­ғасының құттықтау хатында. Сондай-ақ алқалы жиын­да сөз алған журналистер ел га­зе­тінің өткені мен бүгініне, бәсе­келестікке сай өзгерістеріне ке­ңінен тоқталды. Көп жылдар ел газетінде еселі еңбек ет­кен бел­­гілі қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт «Егеменнің» ел та­рихындағы ерекше ор­ны мен бүгінгі бағыты туралы әңгімеледі. Әрі жас журналистерді жаңа­шыл­дыққа, өз міндетін атқаруда жауапкершілікке үндеді. Кезін­де бас басылымның дамуына өзіндік үлес қосқан Алаш арыс­­тары Тұрар Рыс­құлов пен Сұлтанбек Қожановтың қазақ газет­теріне жанашырлығын тіл­ге тиек етіп, рухани бай­лық із­­деген тұлғалардың ағар­­ту­шы­лық бағыттағы еңбектерін өс­келең ұрпаққа үлгі-өнеге етуге шақырды. Ал Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ журналистика кафе­драсының оқытушысы, ға­лым Сейдолла Садықов «Егеменнен» еліміздің 100 жыл­дық тарихын айқын көруге болатынын атап өтті. «Зұлмат жыл­дардың елесі, ашаршылық, репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру сияқты хал­қымыздың басынан өткен ше­жірелі кезеңнің барлық көрінісін басылымнан таба аласыз. Ұлттық әдебиетіміздің классикалық озық үлгілері, сөз маржан­дары да осы газетте жарияланды. Мен өзім­нің ғылыми монография­ларым­ды жазу барысында осы басы­лымның мұрағатын ақ­тардым. Ста­линдік жаппай репрессия­лау кезіндегі қаралау, билік тарапынан қол­дан ұйым­дастырылған іріткі са­лар­лық де­­ректі ма­қа­лалар да, жалпы қа­зақ халқының жүріп өткен жолы, өткен күнінің шежі­ресін осы еліміздің бас газеті мұра­ға­тынан табуға болады. Басы­лымның бү­гін­гі бағыты, нарық­тық заман­дағы ізденістері де үлгі етерлік. Журналистиканы таң­­даған жастарға берері мол басылым», дейді Сей­долла Са­дықов. Сондай-ақ Жамбыл об­лыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мемлекеттік сатып алу, газетке жазылу және басқа да мәселелер бойынша өз көзқарасын ашық айтты. «Тар заманда Алаш зиялылары елдің бай-манаптарын қазақ баспасөзіне жазылуға шақырған.  Қазақ басылымдарын төбесіне көтерген бұл ерлік газетке қырын қарайтындарға сабақ болса», деп­ ағынан ақтарылды К.Сәт­ті­бай­ұлы. Ал «Egemen Qazaq­stan»­ газетінің Жам­был облысы­ бойынша­ меншікті тілшісі Ха­мит Есаман басылымның бүгін­гі бағыты, жаңа айдарлар, интернет ресурстағы жетіс­тіктері жөнінде әңгі­меледі. Түркістан облыстық Қоғамдық даму бас­қар­масының басшысы Да­мир Жүнісов «Егеменнің» а­қпа­раттық кеңістіктегі саяси салмағының басымдығын айтып, өңірде оңды іс­тердің ел газеті ар­қы­лы республикаға тара­лып жатқандығына тоқ­тал­ды. Сондай-ақ форум­да «Егеменнің» бай фото­мұрағатында жинақ­тал­ған ел тарихынан, тәуел­сіздік­тің сындарлы сәт­тері мен жарқын жетіс­тіктерінен сыр шер­тетін фо­тосуреттерді, Елбасы мен көр­­­­­некті тұл­ға­лардың, Қа­­­зақ­­­стан қала­лары мен көрік­ті ме­кен­­­дері­нің сирек кездесетін кө­­рі­ністерін бүгінгі нарықтық сұ­ранысқа сай тиімді пайдалануды ұсынғандар да болды.

Келелі кеңесте кезінде «Egemen Qazaqstan» газе­тінде қыз­мет істеген ардагер жур­на­лис­тер Мархабат Байғұт пен Көсемәлі Сәт­тібайұлының иы­ғына шапан жабылып, құрмет көр­сетілді. «Заң медиа» ЖШС бас директоры Досымбек Қонысбек, республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда, «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұма­ғұлова, «Оңтүстік рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш, Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді «Жаңа және дәстүрлі медиа: ын­тымақтастықтың заманауи модельдері» тақы­рыбында ой тол­ғады. «Фейк жаңалықтар индустриясы: зардабымен күресу жолдары» тақырыбы да қызу тал­қыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Түркістан төріндегі форум аясында Қазақстан Жур­налис­тер одағы Түр­кістан облыстық филиа­лының төрағасы Ғалым­жан Елшібайдың ұйытқы болуы­мен одақтың Жамбыл, Қы­зыл­­орда, Түркістан об­лыс­­тық, Шым­­кент қала­лық филиалдары және «Ме­диа­кратия» қо­ғам­дық бірлестігі арасында бір­­­­лес­­кен меморандумға қол қо­йыл­­д­ы. Форумға қо­­­­нақ ретінде қа­тысқан Қазақ­стан Журналистер ода­­ғы басқармасының төра­ға­сы Сейіт­­қазы Матаев тір­ші­лігі қай­­наған тілшілер қауымын бере­ке-бірлікке шақырып, елдік мүд­­де жолында еңбек етуге ша­қыр­ды. Журналистер одағына мү­шелікке қабыл­данған бірқатар әріп­тестерге мүше­лік куәлікті табыс етті.

 

ТҮРКІСТАН