Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы № 555
Сенбі, 27 сәуір 2013 1:53
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабы 4-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32 және 36-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидалары бекітілсін.
Сенбі, 27 сәуір 2013 1:53
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабы 4-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32 және 36-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдері қоса беріліп отырған Қағидаларда белгіленген тәртіппен қызметке сайланады, өкілеттігін тоқтатады және қызметінен босатылады деп белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы:
1) облыс әкімдерімен бірлесіп, осы Жарлықта көзделген Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны мен тізбесін айқындасын;
2) Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыс әкімдері аталған сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
5. «Облыстық, аудандық маңызы бар қалалар мен облыстар аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы аудандардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдерін қызметке тағайындау, олардың өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 86 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 39, 472-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Облыстық маңызы бар қалалар мен облыстар аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы аудандардың әкімдерін қызметке тағайындау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібі туралы»;
1-тармақтың 4) тармақшасы алып тасталсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Жарлықтың 1-тармағында көзделген өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібінен басқа, облыстық маңызы бар қалалар мен облыстар аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының Президенті өз ұйғаруы бойынша қызметінен босатуы мүмкін.».
6. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2013 жылғы 24 сәуір
№ 555
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босатудың осы қағидаларыҚазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу, олардың өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
2. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiледi.
3. Жанама сайлау құқығы аталған әкімдерді тиісті аудан (қала) мәслихаттарының депутаттары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары-таңдаушылар сайлайтынын білдіреді.
4. Сайлауды өткізу кезінде дауыс беру таңдаушылардың ерік білдіруін қандай да болмасын бақылау мүмкіндігін болдырмайтын, жасырын болып табылады.
5. Кандидаттардың осы Қағидаларда белгіленген шекте сайлауға қатысуға тең құқықтары бар.
6. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтерінің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері төрт жыл мерзімге сайланады.
2. Сайлау жүйесі
7. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізу кезінде дауыс беруге қатысқан таңдаушылар дауыстарының көпшілік санын алған кандидат сайланған болып есептеледі.
8. Әкімдердің сайлауына әзірлікті және оны өткізуді ұйымдастыратын сайлау органдары аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары болып табылады.
9. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы:
1) әкімдердің сайлауын өткізуді қамтамасыз етеді;
2) әкімдікке ұсынылған кандидаттарды, олардың сенім білдірген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді, осы Қағидаларда көзделген жағдайларда оларды тіркеу туралы шешімнің күшін жояды;
3) дауыс беруге арналған бюллетеньдердің мәтіндерін бекітеді және олардың дайындалуын ұйымдастырады;
4) дауыс беру пунктін дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшіктердің жасалуын қамтамасыз етеді;
5) әкімнің сайлауындағы дауыс беру нәтижелерін анықтайды, сайланған әкімді тіркейді, сайлау нәтижелері туралы хаттаманы аудан (қала) әкіміне жібереді;
6) қайта сайлау өткізеді;
7) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және осы Қағидаларға сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасалады.
3. Әкімдікке кандидаттарды ұсыну және тіркеу
11. Сайлау күні туралы хабарды аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының назарына жеткізеді.
12. 25 жасқа толған, Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қойылатын талаптарға сәйкес келетін, жоғары білімі бар және тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары әкімдікке кандидаттар бола алады.
13. Әкімдікке кандидаттар ұсынуды аудан (қала) әкімі жергілікті қоғамдастықпен консультациялардан кейін балама негізде (яғни әкім лауазымына кемінде екі кандидат) жүзеге асырады.
14. Әкімдікке кандидаттарды ұсыну аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына аудан (қала) әкімінің ұсынымын және кандидаттардың тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында әкімдікке кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштерін беру арқылы жүргізіледі.
15. Кандидаттарды ұсыну сайлау күніне отыз күн қалғанда басталады және жиырма бес күн қалғанда аяқталады.
16. Егер кандидаттардың барлығы тіркелгенге дейін өз кандидатураларын алып тастаған немесе кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталатын күнге әкімдікке екі кандидаттан кем тіркелген жағдайда, аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мен тіркеу мерзімін ұзартады, бірақ ол он күннен аспауға тиіс.
17. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттың қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтайды, ол туралы тиісті хаттама жасайды.
18. Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін, тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына ұсыну мерзімі басталатын айдың бiрiнші күніне табысы мен мүлкі туралы декларацияларды тапсырады.
19. Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) жариялаған табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметі органдары декларацияларды алған күннен бастап жеті күннің ішінде тексереді.
Бұл ретте кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы салық қызметі органдарының талабын алған ұйымдар оны алған күннен бастап төрт күннің ішінде сұратылып отырған ақпаратты ұсынады.
Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының кандидаттар туралы мәліметтерді ұсыну туралы талабын алған өзге мемлекеттік органдар оны алған күннен бастап екі күннің ішінде сұратылып отырған ақпаратты ұсынады.
20. Кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) аудан (қала) әкімінің Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қаласы, ауылдық округі, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімі лауазымына тиісті кандидаттарды ұсыну туралы ұсынымы;
2) әкімдікке кандидат ретінде дауысқа түсуге келісетіні туралы өтініші;
3) әкімдікке кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы декларацияларды тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы.
21. Кандидаттарды тіркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы хаттама жасайды.
22. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы:
1) кандидаттарды тiркеу аяқталғаннан кейiн жетінші күннен кешiктiрмей, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсілмен, әрбiр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсібінің) орны мен тұрғылықты жерiн, кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы мен қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтердi көрсете отырып, олардың тіркелгені туралы хабарлайды;
2) тiркеу кезінде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
3) мынадай жағдайларда:
кандидатты ұсыну қағидалары бұзылған;
кандидат лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
кандидаттың сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу фактілері анықталған;
сот таңдаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияны тапсыру кезіне декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған;
осы Қағидаларда көзделген өзге де талаптар сақталмаған жағдайда, кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнің күшiн жояды.
23. Кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тiркеудiң күшін жоюға қатысты кандидат үш күн мерзімде жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасай алады.
24. Кандидаттарды тіркеу дауыс беру күніне он бес күн қалғанда аяқталады.
25. Кандидат тіркелгенге дейінгі кезеңде және дауыс беруге екі күн қалғанда аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
Бұл жағдайларда тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды және қабылданған шешім туралы аудан (қала) әкіміне хабарлайды.
26. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін кандидаттардың барлығы шығып қалған жағдайда, сайлау мерзімін ұзарту туралы мәселені аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы шешеді.
27. Дауыс беретiн күнге екі күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшін жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейдi.
4. Сайлау алдындағы үгіт және сайлауды қаржыландыру
28. Сайлау алдындағы үгiт осы Қағидалардың 24-тармағына сәйкес тiркеу аяқталған күннен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
29. Сайлау алдындағы үгiт:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және таңдаушылармен кездесулердi) өткiзу жолымен;
2) баспа және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
30. Мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына, сайлау комиссияларының мүшелеріне, діни бірлестіктерге сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, оның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалаулар мен жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, таңдаушыларға тегiн тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ ақша төлеу арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге тыйым салынады.
31. Кандидаттар үгіт жүргізуге және өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын насихаттауға құқылы.
32. Кандидаттардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, сайлау комиссияларымен қарым-қатынаста кандидаттардың мүдделерiн білдіретін, саны бесеуден аспайтын сенiм бiлдiрген адамдары болуына құқылы.
33. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарын өз қалауы бойынша айқындайды және тiркеу үшiн аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына олар туралы хабарлайды.
34. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сенім білдірген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәліктер береді.
35. Сенiм білдiрген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, мемлекеттiк саяси қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.
36. Сенiм білдiрген адамдар өздеріне кандидат берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді.
37. Сенім білдiрген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз ұйғарымымен не кандидаттың шешiмiмен өз мәртебесiнен айырылады.
38. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады.
39. Дауыс беру пункттерінен тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
40. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржыландырылады. Бюджет қаражатын жұмсауды аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Мемлекеттік бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыруға және қызметіне:
сайлау комиссияларының босатылған мүшелерінің жалақысы;
жалақыға үстемеақы;
техникалық қамтамасыз ету (компьютерлер, ұйымдастыру техникасын сатып алуға, жабдықтарды жалға алу және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ дауыс беруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу және жасау);
көлік шығыстары;
бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
байланыс қызметтеріне, почта-телеграф шығыстары;
полиграфиялық шығыстар;
кеңсе және шаруашылық тауарларын, ұрандар, плакаттар, мемлекеттік рәміздер үшін материалдар сатып алу;
2) үй-жайларды жалға алуға;
3) iссапар шығыстарына;
4) кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткiзуге және кандидаттардың үгiт баспа материалдарын шығаруға;
5) кандидаттардың көлік шығыстарына;
6) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беру пунктінде орналастырылатын әкімдікке кандидаттар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға арналған шығыстары жабылады.
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттарға сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге бөлінетін қаражат мөлшерін тиісті облыстық сайлау комиссиясы айқындайды.
41. Әкімдердің сайлауында кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен құрылатын сайлау қорларының қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін.
42. Әкімдікке кандидаттың сайлау қоры:
1) жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгi жалақының жиырма бес есе мөлшерiнен аспауға тиiс кандидаттың жеке қаражатынан;
2) жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының елу есе мөлшерiнен аспауға тиiс Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.
43. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шотқа түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек кандидатқа ғана тиесілі.
44. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін бес күннен кешіктірмей, кандидат өзінің сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына есеп ұсынуға міндетті.
5. Әкімдерді сайлау
45. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын Қазақстан Республикасының тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде қырық бес күн қалғанда тағайындайды. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде сайлау өткізіледі.
46. Әкімдердің сайлауында дауыс беру және сайлау қорытындыларын анықтау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген сайлау рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
47. Әкімді сайлау тиісті аудан (қала) мәслихаты депутаттары-таңдаушылар отырысында өткізіледі.
48. Таңдаушылардың тізімдерін аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары тиісті мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша жасайды және дауыс беру пунктінде іледі.
49. Егер таңдаушылардың отырысына тиiсті аудан (қала) мәслихаты депутаттарының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды болады.
50. Таңдаушылардың отырысында аудандық (қалалық) мәслихаттың хатшысы төрағалық етушi болып табылады.
Таңдаушылар отырысының өткізілу фактісін куәландыратын құжат мәслихат хатшысының аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына ұсынатын отырыс хаттамасы болып табылады.
51. Таңдаушылардың отырысына тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысады.
52. Таңдаушылардың отырысы өткізілетін үй-жайда аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру пунктін ұйымдастырады.
53. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша сайлау нәтижелері туралы хаттама жасайды.
54. Отырыс аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының төрағасы әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру нәтижелерін жария еткеннен кейін жабылады.
55. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбаса, аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды.
56. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейін екі ай мерзімнен кешіктірілмей өткізіледі. Қайта сайлау өткізу кезінде жүзеге асырылуы көзделген сайлау іс-шаралары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және осы Қағидаларға сәйкес өткізіледі.
Қайта сайлау өткізу туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
6. Әкімдерді тіркеу және
олардың қызметке кірісуі
57. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап бес күн мерзімде сайланған әкімді тіркейді. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының сайланған әкімді тіркеу туралы шешімі аудан (қала) әкіміне және тиісті мәслихатқа ұсынылады.
58. Әкім лауазымына орналасу арнайы тексерістің оң нәтижелерін алғаннан кейін жүзеге асырылады. Арнайы тексерістің нәтижелерін алғанға дейін тұлға әкімнің міндеттерін уақытша атқарады.
59. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын және сайланған әкімнің тіркелгені туралы хабарды, оның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсібінің) орнын және тұрғылықты жерін, әкімнің қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы мен қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтерді көрсете отырып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
60. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы таңдаушылардың тізімдерін жасау қағидалары, дауыс беру және дауыстарды санау, сайлау қорытындыларын анықтау тәртібі бұзылған, осы Қағидаларды басқа да бұзушылықтар орын алған жағдайда, егер бұл іс-әрекеттер таңдаушылардың ерік білдіру нәтижелерін дұрыс анықтауға мүмкіндік бермейтін болса, әкімдер сайлауын жарамсыз деп тануы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібі
61. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін аудандардың (қалалардың) әкімдері облыс әкімдерінің келісімімен қызметінен босатады.
62. Аудан (қала) әкімі Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қаласының, ауылдық округінің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенті мен ауылының әкімі өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылғаны туралы оның өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш күн мерзімде тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына хабарлайды.
8. Қорытынды ережелер
63. Осы Қағидалармен реттелмеген мәселелер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының актілерімен шешіледі.
64. Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтерінің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының бұрын тағайындалған әкімдері жаңадан сайланған әкім тіркелген күннен бастап өз өкілеттіктерін тоқтатады.