Қоғам • 30 Қазан, 2019

Мұғалімдерге қолдау көрсету күшейтіледі

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов осыдан екі жыл бұрын «CA Garden Schools» жеке компаниясының басқаруына берілген №54 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты.

Мұғалімдерге қолдау көрсету күшейтіледі

Көрсетілген мерзім ішінде инвестор жөндеу жұмыстары мен материалдық-техникалық базаны жаңартуға 100 млн тең­геден астам қаражат салды. Оpen-spase үлгісінде жұмыс істей­тін co-working алаңдары, intel­lec­tum қосымша білім беру бөл­месі және лекцияға, шығар­машылыққа, медиаға арналған үш бөліктен тұратын garden hub лекция бөлмелері сияқты жа­ңа жұмыс алаңдары ашылды. Бі­рінші қабаттағы директордың кабинеті мұғалімдер бөлмесі болып қайта жабдықталды.

Мектеп директоры Шәкәрім Сейсенбайдың айтуынша, білім беру жүйесін жетілдіру мақ­сатында мұғалімдер үнемі білік­тілік арттыру курстарынан өтіп тұрады. Мұндағы мұғалім­дер мереке күндері кезекші­лік жасау сияқты басқа да өз мін­дет­теріне кірмейтін жұмыстар­мен әу­реленбейді. Ал мектеп тү­лек­тері еліміз бен шетелдердегі ең үз­дік білім ордаларына оқуға түсті.   

Nur Otan партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары өз сө­зінде, мектептегі оң өзгеріс­терге биз­нес енгізген менеджмент жүйесінің арқа­сында қол жет­кі­зіл­гендігін жә­не мұндай тәжіри­бені басқа оқу орындарына тара­тудың маңыз­ды­лығын атап өтті.

«Елдегі адами капиталдың сапасы мұғалімдерге және білім беру деңгейіне байланысты. Сон­дықтан жүйені заңнамалық деңгейде жетілдіру үшін партия тарапынан біз осындай білім ордаларының сәтті қадамдарын зерделеудеміз. Сонымен қатар Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен осы мамандықтың мәртебесін көтеруге, мұға­лім­дерге жүктемені азайтуға және олардың міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқаруына жол бермеуге  бағытталған «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасы жасалды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдағы төрт жылда мұға­лімдердің еңбекақысын екі есеге көтеруді тапсырды. Nur Otan мұғалімдерге көмектесу, жағ­дай жасау және олардың мүд­делерін қорғау үшін осы бағытта белсенді жұмыс істейді», – деді Бауыржан Байбек.