Аймақтар • 30 Қазан, 2019

Экологиялық таза әрі қолжетімді

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бәлкім, кәсіпкерлік іске жете төселе қоймаған нәзік жан жергілікті нарықтағы тәжірибелі әріптестерімен бәсекеле алмас. Дегенмен тынымсыз іздене жүріп адамдар күнделікті тұрмыста жиі қолданатын өнімнің барынша табиғи түрде шығарылуына деген ұмтылысы мен алғашқы қадамы құптауға тұрарлық. Сұраныстың бұлайша күрт артатынын Гүлшаттың өзі де күтпесе керек.

Экологиялық таза  әрі қолжетімді

Кейде таңданысын жасыра алмаған күйі басын әнтек шайқап қоятыны бар. Мұның өзі одан әрі шығармашылық шабытпен іздене түсуіне жол ашып, енді шампунь жасауға да көшті.

Бүгінде өтімді өнімге айналып отырған сабынның жасалу технологиясы қарапайым. Негізінен дәрілік өсімдіктерді пайдаланады. Қажетті гүлдер мен шөптерді өзі өсіреді. Осы себепті экологиялық жағынан таза әрі бағасы да қолжетімді. Өтініштер көбіне елордалық мен ресейлік тұтынушылар тарапынан көптеп түсіп жатады.

–Бұрындары әжелеріміз сақар қайнатып, қара сабын дайындаушы еді ғой. Ата-ба­бамыздың осы көне дәс­түрін заман ағымына қарай тех­но­логиялық жағынан жаң­ғыртып, арнайы рецепт бойынша түземін. Араластыратын қоспаларға түймедақ, қарағай инелері, шайыр, сәлбен қо­сылып, хош иісі мұрын жаратындай болуы керек. Белгілі мөлшерде қайнатылғаннан кейін дайын шампунь арна­йы ыдыстарға құйып алынады,– дейді «Шә­кірова» ЖК жетекшісі Гүл­шат Шәкі­рова.

Ол қазір сусабынның ерлерге және әйелдерге арнал­ған түрлерін әзірлеуге кіріс­кен. Ал­дағы мақсаты – тұтыну­шыларға емдік сабын ұсыну. Оны дайындау үрдісі күрделілеу әрі көп уақытты алатынына қарамастан көздеген мақсатына жетпей тынбайтын еңбекқор кәсіпкер кәдеге жаратылатын өнімдерді сұрыптап қойыпты. Беттегі безеу, денедегі бөртпе, қышыма, аллергиялық кеселдерге пайдасы зор көрінеді.

Гүлшат бұл саламен үш жылдан бері айналысып келе жатса да, жеткен жетістіктері қуантарлық.

 

Солтүстік Қазақстан облысы