Мұндай ауқымдағы ДСҰ-ның іс-шарасы ұйымның негізін қалаушы болып табылмайтын елде алғаш рет өтетін болады.
МК-12 жұмысына 164 қатысушы елдердің сауда министрлері және ДСҰ–ның 20 бақылаушы елдерінің, сондай-ақ бүкіл әлемнің халықаралық сауда саласындағы ірі сарапшылары қатысады. Іс-шараға қатысушылардың жалпы саны 5-6 мың адамнан асады.
Ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы елеулі және табысты тәжірибені, кез келген форматтағы конгрестік-көрме іс-шараларын ең жоғары деңгейде өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылымның болуын және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ескере отырып, МК-12 ұйымдастыру мен өткізудің негізгі операторы болып «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы белгіленді.
Министрлік конференциясы аясындағы мәжілістер мен іс–шаралар EXPO Іскерлік орталығының объектілері – Конгресс-Орталығы, Халықаралық көрме орталығы, Hilton Astana, Астана халықаралық қаржы орталығы нысандарында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Женеваға сапарының аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік Сауда Ұйымының арасындағы ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясын Нұр-Сұлтанда өткізу туралы келісімге қол қойылды.
Министрлік конференция ДСҰ-ның жоғары басқарушы органы болып табылады, оның отырыстары екі жылда бір рет өткізіледі. Органның құзыретіне көпжақты сауда келісімдерінің аясындағы барлық мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау, оның ішінде халықаралық сауданы реттейтін жаңа тәртіптерді бекіту құқығы кіреді.