Аймақтар • 30 Қазан, 2019

Салыққа салғырт қарағандар қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар

639 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті меншік салығын төлеу бойынша міндеттемелердің орындалу барысына талдау жүргізді. Нәтижесінде жеке меншікке салынатын салықтар бойынша борышкерлер тізімінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілер бары анықталған.

Салыққа салғырт қарағандар қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар

Бір қызығы меншікке салық төлеуге салғырт қарайтындардың дені полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер екен. Шаһардың кірістер органдары мемлекеттік қызметшілердің тұрғылықты мекен жайы және жұмыс орны бойынша пайда болған берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама да жіберген.

Мәселен, меншік салығы бойынша берешекті талдау нәтижесінде ішкі істер органдарының 289 қызметкері  жалпы сомасы 5,9 млн теңгемен көш басында тұр. Сондай-ақ әскери бөлімдердің 218 қызметкері, қаржы құрылымы саласында еңбек ететін 67 жеке тұлға жеке мүлік салығын кешіктірген. Борышкерлер тізімінде әкімдік қызметкерлерінен бастап басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

«Меншік салығын төлеу мерзімі  қазан айының алғашқы күні аяқталғанын еске саламыз. Жеке тұлғалардың көлік құралдарына 2019 ж. салынатын салық  желтоқсанның соңына дейін төленуі тиіс. Салық уақытында төленбеген жағдайда қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.  Сонымен қатар, Қазақстанда 2019 жылдың 16 шілдесінен бастап салықтар бойынша өсімпұлдарды есептен шығару бойынша жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау туралы Заң күшіне енді. Осылайша, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша салықтың негізгі сомасын жеке тұлға төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару жолымен жүргізілетін салықтық рақымшылық туралы салық төлеушілер мен жеке тұлғалардың назарына жеткіземіз»,- дейді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары.

Осыған байланысты, пайда болған берешекті шектеу және өзге де мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауды болдырмау үшін құзырлы орган мегаполис тұрғындарын мемлекет алдындағы міндеттемелерін уақытында орындауға, сондай-ақ жүргізіліп жатқан салықтық талаптарды пайдалана отырып, жинақталған борыштардан босатуға шақырды.

 

 

АЛМАТЫ