Қоғам • 31 Қазан, 2019

«Жусан» операциясы: Нақты нәтижелер

2728 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзге де мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірлесіп, «Жусан» операциясы шеңберінде Сириядан төрт мәрте, яғни осы жылдың қаңтар, мамыр және маусым айларында барлығы 595 Қазақстан азаматы қайтарылғанын, және олардың арасында 400-ден астамы бала болғанынан хабардар етті.

«Жусан» операциясы:  Нақты нәтижелер

Қайтарылғандар ісі

Жалпы, осы қайтарылған аза­мат­­тардың 49-ы, яғни 33 ер адам мен 16 әйел бірден қамауға алынды. Олар­дың ішінде 9 ер адам мен 4 әйел сот үкімімен түрлі мерзімге бас бос­тан­дықтарынан айырылды. Ал өз­ге ұсталғандарға да қатысты қыл­мыстық тергеу ісі әлі жалғасып жа­тыр. Бұлардан басқа қалған адам­дар мұның алдында Ақтау қа­ла­­сын­дағы бейімдеу орталығына ор­­на­лас­тырылған болатын. Бір ай­дан кейін 140 әйел мен 406 бала бұрынғы мекенжайларына шы­ға­рылды. Осылайша қазіргі уақытта бейімдеу орталығының жұмысы аяқталды. Дегенмен оңалту барысы жергілікті жерлерде жалғасын тауып жатыр. Онда теологтар мен пси­хологтар сабақ өткізуде. Қазір­гі кезде қайтарылғандардың кейбі­реу­лері дәрігерлік тексеріс пен ем алуда. Ал кейбіреулері түрлі кә­сіп­тік дайындықтарға барып жүр.

Аталған тергеу барысына сәй­кес, Сирия жағдайында ДАИШ-тің (Қазақ­станда тыйым салын­ған тер­ро­ристік ұйым), бір жаса­ғын­да бол­ған тағы да 14 азаматқа қа­­­т­ыс­ты қылмыстық істі тергеу аяқ­­­тал­­ған. Оларға террористік әре­­­кет­­ке қатысты немесе сондай әре­­кетке біреулерді тартты және тер­ро­ризм­ді насихаттады, сон­дай-ақ өзге де ауыр қыл­мыс­тар жасады де­ген айып тағыл­ған көрі­неді. Бұл қыл­мыстық іс мате­риал­­дары Нұр-Сұл­тан қаласы­ның маман­дан­­­ды­рыл­ған ауданара­лық қыл­мыс­­т­ық істер бо­йынша сотына жі­бе­­ріл­­ген болатын. Со­ның нәти­жесінде жо­ғар­ыда айт­қаны­мыз­дай, айыптары дәлел­денген жан­дар соты басталды.

Олар Сирияға неге кетті?

Сириядан қайтарылғандардың «жаңылдым, жаздым» деген сөзі­не қарағанда, бәрі бірдей «о жақ­та өмір керемет» дегенге алданып қал­ғанын айтады. Көбіне жал­ған де­рек­ке құрылған үгітке се­ніп қала­тын­дар исламға енді қосы­лып жа­т­қан жастар көрінеді. Экст­ре­мис­тер­дің оларды қармаққа түсі­ру үшін «шынайы мұсылман мем­ле­кетін­дегі» ғажап өмір туралы әң­гі­­­ме­лері әсер еткен. Онда дін­нің бар­лық талаптары сақ­тала­тын­­дық­тан-мыс өмір сүру тек әділ­дік пен адал­дыққа негізделген дейді. Сон­дық­тан адамның жаны қалай­тын тәтті өмір сол жерде ғана деген же­леу олардың сенімін нығайта түс­­кен. Әсіресе бұл туралы көбі әлеу­­мет­тік желі арқылы біліп, құла­ғ­­дар болған. Бірақ олардың көбі Сирияға барған кезде ғана ал­д­ан­­ған­дарын нақты білген. Ол жер­де ешқан­дай да керемет өмір жоқ еді. Он­да соғыс жүріп жатқан. Ал со­ғыс­­тың не екенін кез келген адам біледі.

Сарапшылар ол жерде соғыс­тың жүріп жатқанын біле-тұра кеткендер де бар екенін айтады. Ал соғыста ешқандай адалдық та, әділдік те болмайтыны белгілі. Онда мұсылмандар, топтар бас­қа бір мүдделер үшін бір-бірі­мен қырқысып, есеп айырысып жа­тыр. Соғыста адамдар бірін-бірі өл­тіреді. Демек, ондай жерге бір түс­кен соң, қайтып шығу жоқ. Осын­дай жерге барып алып, бар­мақ тістеп, опынғандар туралы мы­сал­дар және көп. Қайтарыл­ған­­дар­дың дені о жаққа барғанда жағ­дай соншалықты қиын да, қай­ғылы болатынын ойламаған. Алай­да қайтайын десе, мүмкін емес. Ал онда қалу – өлім. Қайтарылған­дар­дың айтуы бойынша, еліме оралам дегендердің бәрін атып тастаған. Содан қолдарына қару ұстап, екі оттың ортасында қалды. Ал он­дағы жан­түршігерлік іс-әрекеттер басын­­дағы фото, бейнесуреттері әлеу­­меттік желі арқылы әлемге тарап кетті. Енді мұндай содырлық істер айыптаусыз қалмайды.

Айыпталушылар айыбын сот айтады

Соған сәйкес жоғарыда Сирия жағ­дайында ДАИШ-тің бір жаса­ғында болған 14 азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, іс сотқа берілді деп айтқанбыз. Бұлардың ісін қараған ашық сот отырысы басталды. Тергеудің мәліметі бойынша, бұл айыпталушылар бұрын ДАИШ содырлары болған көрінеді. Оларға террорлық әрекетке қатысты, терроризмге тартты және насихаттады, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылды. Атап айт­қанда, Сириядағы қару­лы қақ­тығыстан кейін ДАИШ тер­­ро­рис­тік ұйым мүшелері төрт адам­­н­ың басын кесіп, жұртқа үрей туғы­зу үшін көшеге тастаған. Кесіп алын­ған адам бастары көшеде жеті күн бойына жатқан. Сол адам бас­тарының бірін аяғымен ба­сып тұрып суретке түскен адам атал­ған сот іс қарап жатқан 14 айып­ты­ның бірі, яғни террористік топ мүшесі деп танылған, 1986 жылы туған А.Жансеңгіров екен. Ол су­рет интернет арқылы тарап кет­кен. Прокурор Е.Мұраттың айтуын­­ша, осы А.Жансеңгіров пен айып­­талу­шының тағы бірі Г.Бақыт­жанов екеуі террористік сипаттағы бейне ролик түсірген. Ал сараптама аталған роликте діни алауыздықты қоздыру және терроризмді насихаттау белгілерін анықтаған.

Дегенмен А.Жансеңгіров те өз­дерінің қылмыстық әрекетін амалсыз жасағанын айтты. Егер осылай істеп, суретке түспегенде ату жа­засы­на кесіледі екен. Сондықтан олар сондағы әскери адамдардың әмірі­мен аталған көріністі жасаған. Ал олар бұл бейнені өз телефондарына түсіріп, интернетке салған. Енді мұның ақ, қарасын сот қана анықтай алмақ.

Сирияға кеткендердің қаупі неде?

Қайтарылғандардың бәрі он­дағы жантүршігерлік жағдайды көзбен көргендер. Бірқатары соғыс отының ортасында опат болды. Ал көбінің балалары осы жағдайда өсіп келеді. Сарапшылардың айтуы бойынша, Сирияға адасып барғандар секілді осы балалардың да таным-түсінігі өзгеше қалыптаса бастайды. Бірнеше жылдан кейін әлгі жасөспірімдер есейеді. Үлкен ортаға араласады. Сонда оларды беделді бір күштер өздеріне тартып, басын қосып, түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін. Тіпті өздері келген мемлекетке қарсы айдап салуы да кәдік. Сонда жағдай тіптен қатер­лі бола түседі. Ал бұл қатердің ал­дын алу өз еліміздің қауіпсіздігін әрі­ден ойлау. Сондықтан азамат­тары­­мыздың, олардың балалары­ның елге қайтарылуы қауіпсіздік тұрғысынан алғанда дұрыс қадам болды. Оның үстіне олар Сириядағы қатерден құтылады. Осыған орай кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан азаматтарын Си­рия­дан эвакуациялауға байланыс­ты мәлімдеме жасаған болатын. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамырда Сириядан 231 қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала, негізінен мектеп жасына дейінгі балалар, оның ішінде 18-і жетімдер көшірілді. Бұл ауқымды гуманитарлық акция ағымдағы жылдың қаңтар айында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың нұсқауы бо­йынша сәтті өткен «Жусан» опера­ция­сы­ның жалғасы болды», деді.

 Қылмыстың алдын алу тиімді

Қазақстан үшін бейбітшілік басты ұстаным болып табылады. Сондықтан бейбіт өмірге қатер туғы­затын кез келген келең­сіздіктің алды алынады. Мәселен, елде бүлік шығарып, сосын Сирия­дағы со­дыр­лар қатарына қосылу­ды жоспар­лаған азамат қолға түсті. Соған орай Алматы қаласы Алмалы аудан­дық қыл­мыстық сотының А.Бі­тім­баев­ты терроризм актісіне да­йын­далу, терроризмді насихаттау, діни алауыз­дықты қоздыру жә­не атыс қаруын заң­сыз сақтау факті­лері бо­йын­ша 10 жыл­ға соттау туралы үкімі заңды күшіне енді.

Ол ҰҚК назарына бүлдіргі діни идеологияны ұстанушы және Қазақ­стан Республикасында ты­йым салынған ДАИШ халықаралық тер­рористік ұйымының жақтасы ре­тінде ілікті.Тексеру барысында оның интернетте ДАИШ үгіт-наси­ха­тының ықпалымен ха­лық көп шоғырланған орындарда жа­рыл­­ғыш­ты пайдаланумен терак­тілер дайындауы туралы ақпарат алынды.

Қарулы шабуыл жасағаннан кейін ол шетел содырларының қата­рына өту және террористік әрекетін жалғастыру үшін Сирияға кетуді жоспарлаған. Бірақ оның мақсатын бол­дырмау үшін осы жыл­дың сәуірінде Алматыда ішкі істер органдарын тарта отырып, ҰҚК күшімен А.Бітімбаев ұс­тал­ды.Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматикалық қару, жа­рыл­ғыш құралдар жасауға арналған құ­рамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды. Сөйтіп Бітімбаевтың кінәсі куә­гер­лік түсініктермен, заттай және өзге де дәлелдермен толықтай дәлелденген.