Қоғам • 31 Қазан, 2019

Адасқан ұлдың елге оралуы

988 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жат ағымдардың жетегіне ілесіп, адастырар уағыздардың айтағына бас изеп, ақырында қақтығыс алаңына айналған Сирияға тап болған қандастарымызды елге қайтару ісінде мемлекетіміз тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілгені белгілі. Бұған «Жусан» операциясы дәлел бола алады. Осы орайда, яғни жат жерде басы шырмауға түскен жандарға қол ұшын беруде еліміздің шет мемлекеттердегі дипломатиялық қызметкерлерінің де атқарып жатқан істері мол. Бүгін біз сондай жағдайлардың біріне қатысты мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Редакция 

Адасқан ұлдың елге оралуы

Бұл оқиғаның өткеніне біршама уақыт болды. Мен ол кезде Қазақстанның Сирия­дағы консулы қызметін атқа­ра­тынмын. Сирияда соғыс ошағының тұтануына байланысты, Дамаскідегі кеңсеміз көршілес Иордания астанасы Амман қаласына көшіріліп, ендігі қызметті осы арадан жүр­гізуге тура келді. Қазақстандық азаматтардың қажеттіліктерін өтеу орайында Дамаскіге жиі барып тұратынмын. Осындай сапарларымның бірі есімде ерекше сақталып қалды...

Кезекті рет Орталықтың тап­сырмаларын орындау мақ­сатында Дамаскіге жол жүріп кеттім. Әдетте, Сирияға Ливан ар­қылы қатынайтынбыз. Ұшақ­пен Бейрутқа жетіп, одан әрі қарай көлікпен Дамаскіге жете­­міз. Амман мен Дамаскі ара­­сын­да әуе қатынасы үзіл­ген, шекара жабылып, екі елдің ара­сында қарым-қаты­нас тоқ­тауға жақындаған. Бұл жол­­ғы сапарымның мақсаты – Сирия аумағында болу тәр­тібін бұзғаны үшін ұзақ уа­қыт бойы қамауда отырған қазақ­стандық азаматты елге қай­тару. Алдымен, Сирия Ішкі істер министрлігінің бірқатар лауа­зымды тұлғаларымен кез­де­сіп, отандасымызды елге қайтаруға қатысты жайттарды анықтап алдым. Қуанарлығы, біздің жігітке сириялық құқық қорғау және лаңкестікке қарсы күрес жүргізетін мекемелері тиісті тексеру жұмыстарын жү­р­гізіп, оған тағылатын қан­дай да бір айыптың жоқ екен­дігін жеткізді. Елінде соғыс қи­мылдары жүріп, қан тө­гіліп жатса да, дәстүрлі сабыр­лылы­ғы мен қонақжайлы­лығы­нан, ақкөңіл пейілдерінен айы­рыл­маған сириялықтардың міне­зіне таңғалмасқа болмайды. Мәжбүрлікпен жат елдерде босқын болып жүрсе де, тұрған мекендерін лезде базарға айналдырып жіберетін іскерлік қабілеттері де ғажап олардың.

Әлгі қазақ жігіті Сирияға Түркиядан заңсыз кіріп, Хомс маңында ұсталғаннан кейін, Адра қаласында орналасқан арнайы түрмеге қамалып, бір­неше ай арнайы тексерістен өткізілген соң, Дамаскіге жет­кі­­зілген. Қамауда отырған­да артық әрекеттерге бармай, тәртібі жағымды болыпты. Түрме қызметкерлері тарапынан жәбір көрмеген. Қамаудағы отандасыммен жүздесу кезінде ол өзі туралы қысқаша баяндап берді. Алматы облысының тумасы, әке-шешеден ерте айырылып, жетім өскен. Туған-туыс, дос-жаран деген атымен жоқ. Қой бағып, түрлі қа­ра жұмыс атқарған. Есейе келе ислам дініне бет бұрып, Сауд Арабиясына қажылыққа бармақ болған. Қазақстан­нан Әзербайжанға, одан әрі Түр­кия арқылы Сирия аумағына өткен кезінде ұсталған екен. Бір қы­зығы, бірнеше елдің ш­екара­сынан құжатсыз өткен. Түрмедегі жағдайына шағым­данған жоқ. Тек соңғы уақыт­тары өкпесі ауырғаны болмаса, бір қарағанда, денсаулығы мықты көрінді. Өзара әңгіме­лесу кезінде айтқандары ша­шыраңқы шығып, есіне түскен жайттарды әбден шатастырып, әр нәрсенің басын бір шалатыны байқалды. Сәт сайын өзгеретін көңіл күйінен күтпеген әрекеттерге бара алатындай күмән туды. Дегенмен қалай болса да, азаматты елге жеткізуім қажет. Уақыт тығыз, шұғыл шешім қабылдап, оны ең ыңғайлы деп табылған Дамаск-Дубай-Алматы бағытындағы ұшақпен аттандыруға кірістік. Дамаскіден шет мемлекеттерге әуе қатынасы әбден қиын­даған уақыт. Бауырлас дейтін араб мемлекеттерінің көбі Сириямен әуе байланыстарын үзген. Бұл басына бұлт үйіріліп, анығы сырттан келген жат күштер шаңырағын шай­қалтуды көздеген Шам хал­қы­ның барша қиындықпен жалғыз өзі арпалысып жатқан кезең болатын.

Ендігі шаруа әлгі жігітке қажетті құжаттарды рәсімдеп әрі Сирияның мүдделі мекеме­лерімен келісіп, жергілікті полиция көмегімен әуежайға жетіп, Дамаскіден аттану. Заулаған көліктеріміз әуежай­ға бет алды. Жол бойы қира­ған үйлер, траншеялар мен танк­тер тұрған бекеттер. Алыс­тан атыстың дауысы айқын ес­тілуде. Жүргізушіміз жуыр­да ғана осы жерлерде қару­лы қақтығыс болғанын айтады. Әуежайдың өзі әскери қамал тәрізді көрінді. Аспанда бір­не­ше әскери тікұшақ ерсіл-қар­сылы ұшып жүр.

Біз қауіптенгендей тосын жайттар Дамаскі әуежайында бас­тал­ды. Азаматымыз күтпе­ген жерден Қазақстанға қайт­пай­мын деген дау шығарып, ұшаққа отырмау үшін кез кел­ген әрекетке баруға да­йын екенін көрсетті. Жылдар бойы жинақталатын кәсіби тәжірибені пайдаланатын тағы бір сәттің туғанын түсіндім. Мұн­дай проблемамен Сауд Ара­биясында, Иранда және Өзбек­станда қызметте жүрген­де талай мәрте бетпе-бет кез­дескен едім. Иә, ол басқа әң­гі­ме. Рес­ми қызметкер ретін­де нұсқау­лық­тарға сәйкес жансыз, құр­ғақ тақылдаудың түкке тұр­майтындығы, керісінше ахуалды одан әрі ушықтырып жіберу ықтималдығы белгілі. Онымен жерлес, сапарлас, тіпті жанашыр жолдас бей­не­сіне көшіп, біршама уақыт бауырлық әңгіме айтудың кезегі келген. Әсері тиді білем, серігім бө­тен ниетінен бас тартып, бірге жүруге келісті. Бұған қо­са, ұшаққа алып кірмекші бол­ған сусабын құтысының іші­не жасырған екі пышағын қолы­нан алдым. Ал оның то­сын әрекеті тіркеуден өтіп, ұшаққа кіретін кезде ке­нет­тен өрбігендіктен, шыға­рып салысуға ілесіп келген кө­мек­­шілерімнен ендігі қайыр жоқ. Оның үстіне әуежай қыз­мет­керлеріне және кеден­ші­лерге бұл жайтты хабарлау – оның депортациялануын дереу тоқтатып, бұған де­йін ат­қарған барлық ісімізді жоқ­қа шығармақ. Сондықтан өзім «тәркілеген» қауіпті заттар дереу қоқыс жәшігіне тастал­ды. Хош, ақыры Дубайға қаты­най­тын ұшаққа бірге отырдық.

Дубайға келіп қонған сері­гім екеумізді осы қаладағы біз­дің­ консул мен Біріккен Араб Әмір­лік­теріндегі ел­шілік­тің дип­ломат­тары және жер­гілікті меке­ме­лер қыз­мет­ке­р­лері қар­сы алды. Алма­тыға ұшатын ұшақ ке­лесі күні болғандықтан, біздің жо­лау­­шы­ның «ерекше» мәр­те­бе­сіне байланысты, өзге жұрт­тан оңаша арнайы бөлмеде күтуі­­міз ұйымдастырылыпты. Да­­маскі­­де басталған екеуара жү­­ре­к­жарды сұхбатты жаңа, қы­зық­ты тақырыптар қосып қай­та жалғастыруға тура келді. Әй­теуір соңғы тәулік те сәті­мен өтіп, Алматыға бағыт алдық. Алыс сапарларда жүр­генде осы­нау алтын ұяма әр­дайым аяу­лы ата-анаммен, ақжар­қын, адал достарыммен қауы­шу­ды күтіп, іштей ерекше қуа­ныш­қа толы сағынышпен жету­­ші едім. Бұл жолы өзге сезім бо­­й­ды биледі, қасымдағы өмірі бұ­ра­­­лаң­­­ға толы адамды аман-есен елі­­­не жеткізудің зор жауап­кер­­ші­­л­і­­гін сезініп, көңілде толқу бар.

Әуежайда ұшақтан түскен сәтте тағдырдың тәлкегіне ұшырап тұрмыстың қисапсыз қиындығынан қажып, санасы сансыраған, ақырзаман дауылы атамекенінен адасты­рып, айдаладағы жанжал аума­ғы­на лақтырған азаматты жер­гі­лік­ті қызметкерлер қарсы ал­ды. Мұнан кейінгі оның тағ­дыры мен үшін беймә­лім, бірақ бала күнінен айналасы­ның қамқорлығы мен жылы ала­­қа­нына мұқтаждай көрінген бей­күнә бейнесі көз алдымда қалып қойыпты.

 
Бабыр ДӘУРЕНБЕК