Кино • 31 Қазан, 2019

Әділ Ахметов: Ағылшын көрермені қазақ өнерін жоғары бағалайды деп сенеміз

540 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары қазақ киносына деген әлем жұртшылығының қызығушылығы артып келеді. Кезіндегі «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» туындыларынан кейінгі таңғалу мен тамсану сезімдерін, Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаевтар салған тағылымды соқпақты бүгінгі «Қазақфильм» киностудиясы түсірген жаңа жобалар лайықты деңгейде жалғап, жаңғырта алса, қанекей?!

Бұл қазақ киносының Лондондағы апталығы алдындағы ой болатын. Ұлттық кино өнерімізді Батыстың талғампаз көрермені талқысына ұсынуға аттанып бара жатқан бір топ өнер майталманына ақ жол тілеп тұрып та, осы бір толқынысты сезім шырмауынан шыға алмағанбыз. Уақыттың тым тығыздығына қарамастан орайын келтіріп, жауапты сапар алдында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасында басты рөлді сомдаған талантты актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметовпен аз-кем сұхбаттасып та үлгердік.

Әділ Ахметов: Ағылшын көрермені қазақ өнерін жоғары бағалайды деп сенеміз

– Әділ мырза, «Анаға апарар жолдың» Лондонға бас­тар бағыты сәтті болғай. Абы­­ройлы оралуларыңызға тілек­теспіз.

– Рахмет. Иә, алдымызда жа­уапт­ы сәт тұр. Ағылшынның тал­ғампаз көрермені қазақ өнерін жоғары бағалайды деп сенеміз.

– Апталықта қандай фильм­дер көрсетіледі?

– Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Ко­роль­дігіндегі елшілігі жә­не­ Ш.Айманов атындағы «Қазақ­­фильм» киностудиясы бірлесіп ұйымдастырып отыр­ған айтулы мәдени жоба аясында Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат», Ермек Тұрсыновтың «Шал» және Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмдері бір апта бойы Лондонның VueWest End кинотеатрында көрсетіледі. Мәдени апталық «Оралман» картинасы­мен ашылып, 1 қараша күні Сер­гей Дворцевойдың «Айка» фильмімен түйінделеді. Елден отан­дық кино өнерін Батыс жұрт­шылығына таныстыруға Нұрлан Санжар, Берік Айтжанов, Самал Еслямова, Сергей Дворцевой, Қанат Төребай бастаған бір топ делегат аттанып барамыз. Алла сапарымызды сәтті қылғай.

– Енді өзіңіз абыройын арқа­лап бара жатқан «Анаға апарар жол» фильмі жайында айтып беріңізші. Отандық һәм халық­аралық бірнеше ки­но­фестивальдарда жоғары баға­ланып, талай марапатты қанжығасына байлап үлгерген картинаның басты табысы неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, фильмнің бас­ты табысы – режиссердің ізде­ні­сін­де. Өйткені бұл шығар­ма көп жылдан бері Ақан Са­таев­тың көкейінде жүрген, ішін­де пісіп-жетілген қымбат дү­ниелерінің бірі. Түсірілім жұ­мыстары енді қолға алына бас­­таған кездің өзінде: «Осы уа­қытқа дейін түсіріліп келген фильмд­ерінің барлығы – Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолға» дайындығы» деп еститінбіз. Тү­сірілім барысында да оған кө­зіміз анық жетті. Одан кейін, әрине кино тақырыптық тұрғыдан да өте ауқымды. ХХ ғасырда қаз­ақ қиын-қыстау кезең­ді басынан өткерді ғой. Оған дейін бір­қалыпты өмір сү­ріп келді де, ХХ ғасырда ұлты­мыздың өмір сүру салты тұтас­тай өзгерді: ұжым­дастыру бас­талды, малынан айырылды, ашар­шылыққа ұрынды, баскөте­рерлері қуда­ланып, репрессияға ұшы­рады... енді есін жия беремін деген­де Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып кет­ті. Соғыстан кейінгі қиын жыл­дар... Осының барлығы қазақты есеңгіретіп жіберді. Бұл нәу­бет жылдар келешек ұрпақ үшін үлкен сабақ болуы керек. Өкінішке қарай, тарихымыздың осындай ақтаңдақ беттеріне ла­йық­ты мән бере бермейміз, көп құндылықтарымызды есімізден шығарып алдық. Бізге бүгінгі Тәуел­сіздігіміз, азаттығымыз жай­­­­дан-жай аспаннан салбырап тү­се салғандай көрінеді. Шын мә­нінде солай ма?! Осы бейбіт ғұмы­рымыз, еркіндігіміз үшін есепсіз қан төгілді, қаншама жан қиылды. Тарих бізге осыны­сымен тағылымды болуы керек. Қасіретті жылдарды бүгінгі қа­сиетті Тәуелсіздігіміздің қаді­рін ұғыну үшін де естен шығар­ма­уымыз қажет. «Анаға апарар жол­дың» айтар ұлағаты осы –  тарихи тамырымыздан айырылып қалмау.

– Иә, фильмнің сюжетінің өзі айрықша. Әсіресе финалы ерекше жүректі толқытады. Жалғыз ағаштың түбінде оты­­рып жалғыз ұлын сарыла күт­кен Ана... Жалпы, бұл оқи­­ға өмірде болған ба, әлде шы­ғар­машылық қиялдың жемісі ме?

– «Анаға апарар жол» – өмірде болған оқиға. Өздеріңіз білетіндей, режиссердің ата-анасы Қарғамбай Сатаев пен Әсия анамыз – өнер адамдары. Ол кезде актерлер қазіргідей емес, жаз мезгілінде айлап гастрольдік сапарда жүретін болған. Сондай гастрольдік сапарларының бі­рінде өнер ұжымы кішігірім ауыл­ға тоқтайды. Ауылдың ше­тіндегі жалғыз ағаштың түбінде күнұзын тапжылмастан отырған ақ жаулықты әжені көріп, таңыр­қай қарасқан сахнагерлер мән-жайды тұрғындардан сұраса, кейуананың баласы соғысқа кетіп, қайтып оралмапты. «Соғыс бітті!» деген сүйінші хабарды ес­тігелі бері ана күнде осылай жол бойына шығып, таң қылаң бергеннен күн ұясына батқанша жалғыз ұлын сарыла күтеді екен. Осы оқиғаны кейін ата-анасының аузынан естіген Ақан Сатаев қатты толқиды. Жалғыз ұлын күтіп, жол тосқан ақ жаулықты әже бейнесі режиссердің ойынан кетпей қояды. Ақыры ол толқынысты күй жылдар бойы жүрек түкпірінде пісіп-жеті­ліп, «Анаға апарар жол» болып көрер­меніне жол тартады. Әу баста тек Екінші дүниежүзілік соғыс кезе­ңін ғана қамтығанымен, кейін ауқымы кеңейтіліп, ХХ ғасыр­дағы қазақ халқының жай-күйін тұтастай ала отырып, сценарист Тимур Жақсылықовпен тандемде осындай көңіл тебірентерлік көркем дүниені өмірге әкеледі.

Кейін фильмнің түсірілу ба­ры­сында тағы мынадай бір оқиғаны естідік. Шағын ауылда өз мұңына тұншыққан тағы бір әже болыпты. Ол да қалтасына кұрт-кәмпитін салып алып, таң­нан кешке дейін соғыстан қайт­паған жалғыз ұлын күтіп, жол ториды екен. Оны біліп алған жас балалар алдынан шығып: «Апа, балаңыз келе жатыр, сүйін­ші!» деп, сүйінші сұраса, кейуана қуанып, қолындағы бар тәттісін балаларға үлестіріп бере­ді екен. Бұл оқиға күнде қай­таланады. Сөйтіп өз өтірігіне өзі сенгісі келеді екен қария. Өмі­рінің со­ңына дейін солай өзін өзі алдаумен өтіпті. Мұндай тағдыр­лар көп болған.  Фильм сондай оқиғалар ұмыт болмасын, халық­тың ауыз әңгімесінде ғана қалмасын деген ниетте қолға алынып, кино тілінде көрерменге ұсынылды. «Анаға апарар жол»  – жалғызын күтіп, күллі өмірін сарп еткен тағдыры тауқыметті аналарымызға қойылған мәңгілік ескерткіш. 

– Соңғы уақытта Ақан Са­таев фильм­дерінің басты рөлі­нен жиі көрініп жүрсіз. «Анаға апа­рар жолдағы» Ілияс рөлі «Томиристегі» Арғұн бейнесіне жал­ғас­ты дегендей... Жалпы режис­сермен шығармашылық тан­дем қалай басталған еді?

– Менің Ақан Сатаевтың фильм­деріне келу жолымның өзі қызық. Ең алғаш «Рэкетир» фильмінде көпшілік сахнаға түс­тім. Орыстың қызы екеуміз қол ұстасып, бірнеше секундтық кадр­да ғана көріндік. Кейін түсірілген «Жаужүрек мың бала» картинасында да жалғыз-ақ кадр­да бармын. Көпшілік сахнаның «Әумин!» деп қол жаятын эпизодында Райымбек батырдың рөлінде көріндім.  Одан соң «Рэкетир 2» фильмінде сөз сөй­леп, көлемдірек эпизодтарға  жайлап кіре бастадым. Ара­ға аз уақыт салып «Анаға апарар жол» тарихи туындысынан бас­­ты рөл бұйырды. Жақында көрер­менмен қауышқан «Томи­рис» фильміндегі Арғұн бейнесі де мен үшін актер ретінде  сәтті ізде­ністердің басы болғаны анық. Қазір ойлап қарасам, Ақан Сатаев­тың фильмдеріне бірден қойып кетпеппін, орын-орнымен, саты-сатысымен келген екенмін (күлді). 

– Бүгінде Ілияс секілді осындай қаһармандық фильмдерге кейіпкер болатын тұлғалар бар ма? Сіздіңше, бүгінгі заманның қаһарманы қандай болу керек?

– Қаһармандар қай кезде болмасын бар ғой. Сол секілді біздің арамызда жүрген бейбіт күн­нің батырлары жетерлік. Қаһар­мандық деген қолға қару алып, жауға қар­сы соғысумен өлшен­бейді. Мәсе­лен, осындай аумалы-төкпелі заманда өзінің тілін, дінін, ділі мен ұлт­­тық дәс­түрін сақтап, үлкенді құр­­мет­теп, кішіге ізет көрсетіп, «елім, жұр­тым» деп жүрген әр азамат­ты мен бүгінгі күннің қа­һар­­маны деп есептеймін. Тари­хымыз­ды ұмыт­пай, болашақ үшін еңбек етіп жүрген кез келген адам – қаһарман.

Әлі есімде, «Анаға апарар жол» фильмінің премьерасы­нан кейін Орал қаласынан бір жігіт ағасы телефон шалды. Үздік­сіз алғысын жау­дырып жатыр. Тол­­қып, тебіреніп тұрғаны дау­сынан анық сезіледі. «Менің жұ­байым: «Қазақтар кино түсіре ал­майды»  деп, отандық фильм­дерге менсінбей қарайтын. Содан «Анаға апарар жол» жайлы дос­тарымнан естіп, келіншегімді киноға әдейі ертіп апардым. Фильм­­нен әсерленгені соншалық, жұбайым жылап,  бірауыз сөз айтпай үйге келді. Менің жарымды мойындатқандарыңыз үшін көп рахмет!» деп өзінің эмоциясын білдіріп жатыр. Сол секілді фильмді көрген имам ағаларымыз да «Мың уағыздан артық дүние екен» деп ризашылықтарын жет­кізді. Бұдан артық қандай баға керек! Алла осы абыройдан айырма­сын деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»