«Қазақстан – өңірдегі электронды мемлекеттік қызметтерді дамытудағы көшбасшы ел. Азаматтар онлайн тіркеліп, интернет арқылы кәсіпкерлік аша алады. Білуімше, бұл – елдеріңізде бес-алты жыл бұрын енгізілген қызмет. Қазақстан бұл бағытқа қомақты инвестиция жұмсаған, сәйкесінше нәтижесін көріп келеді», – дейді Тентиев.
Сонымен қатар А.Тентиев танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік қызметтерді алу жолдарына жоғары баға берді. «Әзірге Қырғызстанда барлығы мемлекеттік қызметтер порталына цифрлы қолтаңбамен кіру арқылы жүзеге асып жатыр. Болашақта біз де Қазақстанның тәжірибесін ескеріп, қызметтерді әлеуметтік желілер арқылы көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деп толықтырды ол.
Сарапшының пікірінше, азаматтарға цифрлы қызметтерді пайдалануды үйрету көп ұзамай өз жемісін береді. «Барлық адам мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі оңай алғысы келеді. Ешкім де ХҚО-ға қызметтерді алу үшін арнайы барғысы келмейді, сондықтан телеграм боттары мен мобильді қосымшалар сияқты қызметтерді алудың балама әдістері дамиды», дейді ол.
Еске сала кетейік, өткен аптада Нұр- Сұлтанда Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өтті. Оған әртүрлі елден IT-шешімдер, цифрлы технологиялар және т.б. сала сарапшылары қатысты.