Спорт • 31 Қазан, 2019

Чемпиондыққа талас қызды

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күндері футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 31-тур ойындары өтті. Ел біріншілігінің аяқталуына небәрі екі тур қалса да, чемпиондыққа талас қыза түсуде. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Алматының «Қайраты» мен елорданың «Астана» командалары бас жүлде үшін таласуда.

Чемпиондыққа талас қызды

 

Ел біріншілігінің 31-тур ой­ын­­­дарының шымылдығын Қы­зыл­орданың «Қайсары» мен Атыраудың «Атырау» ко­ман­далары ашты. Қазақстан ку­бо­гында топ жарғаннан кейін «Қай­сар» Еуропа лигасына жол­дама алып, ішкі чемпионаттағы мис­сиясын мерзімінен бұрын орын­даған соң қалған ко­ман­даларға ұпай тарата бастады. Өткен турда «Ертіске» ұпай сый­лаған Қызылорданың командасы бұл жолы «Атырауға» үш ұпай ұстат­ты. «Қайсар» өз алаңында өткізген кездесуде қонақтарға 0:1 есебімен есе жіберді. Матч­тағы жалғыз гол­дың авторы – Гжельчак Петр. Премьер-лигада жан сақ­тап қалудың қамына кіріскен «Аты­рау» бұл жеңісінен кейін тур­нир кестесінде 23 ұпаймен 11-орында келеді.

Еуропа лигасына жолдама беретін үшінші орыннан үміті бар Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Пав­лодардың «Ертіс» коман­дасын қа­былдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Өте тартысты өткен ойында «Ордабасы» соң­ғы минуттарда қарсыласынан басым түсті. Матчтың 78-минутында қорғаушы Сергей Малый есепті ашса, арада 6 минут өткенде шабуылшы Май Махлангу кез­десудің нүктесін қойды. Өз ала­ңында маңызды үш ұпайға қол жеткізген «Ордабасы» қо­ла жүлде үшін күресті жал­ғас­тыруда. Ал «Ертістің» бас­ты мақсаты үздік ондықтың қата­рынан түсіп қалмау болып тұр.

Чемпиондықтан негізгі үміт­кер­лердің бірі – Алматының «Қай­­­раты» өз алаңында осы матч­қа дейін бас жүлдеден үміт­ті болған Қостанайдың «То­бы­лын» қабылдады. Жалпы, бұл матчты турдың орталық ойы­ны деп айтуға толық негіз бар. Өйткені екі командаға да үш ұпай ауадай қажет болатын. Сондай-ақ жеңіске жеткен команда чем­пиондыққа таласты әрі қарай жал­ғастыра береді, ал жеңілген ко­манда ал­тын жүлдеден үмітін үзіп, қо­ла медаль үшін ойнайды. «Ордабасы» – «Ертіс» матчы сияқ­ты бұл ойында да екі гол соғып, жеңімпаз команданың есі­мі соңғы минуттарда бел­гілі болды. Георгий Жуков 73-минутта «Қай­ратты» есепте алға шығарса, 93-минутта Артур Шушеначев алаң иелерінің жеңісін нақтылады. Енді «Қайрат» пен «Астана» арасындағы чемпиондыққа талас қыза түспек.

Соңғы жеті ойынның бе­сеуінде қарсыластарына есе жі­беріп, турнир кестесінде тө­мен сырғып бара жатқан Қара­ған­дының «Шах­тері» соңғы екі турда екінші рет тең ойнады. Сәйкесінше, кеншілер коман­дасы жеті турдан бері же­ңіске жете алмай келеді. Өткен турда «Таразбен» 0:0 есебімен тең тар­қасса, бұл жолы өз алаңында Көк­шетаудың «Оқжетпес» клу­бымен тең ойнады. Ойындағы қо­рытынды есеп – 2:2. Бір-бір ұпай­ды қоржындарына салған екі команда турнир кестесінде 7-ші және 8-орындарды бөлісіп тұр.

Талдықорғанның «Жетісуы» мен Тараздың «Тараз» клубының арасындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды. «Жетісу» бұл ойында жеңілсе де, жеңіске жетсе де турнир кестесіндегі 5-орында қа­ла береді. Сондықтан бұл ойын жетісулықтар үшін аса маңызды болған жоқ. Ал қонақ команданың мақсаты қалай да ұпай олжалау болатын. Сырт алаңда бір ұпайға қол жеткізген «Тараз» 26 ұпаймен тур­нир кестесінде 10-орынға тұ­рақ­тады.

31-турдың шымылдығы елор­дада жабылды. «Астана» – «Ақ­төбе» арасындағы матч тур­дың ең көп гол соғылған ойы­ны болды. Чемпиондықтан негізгі үміткер «Астана» Еуропа лига­сының 3-турында сырт алаңда Нидерландтың АЗ командасынан оңбай жеңілген соң, айыбын жуып-шаю үшін өз жанкүйерлері алдында ірі есеппен жеңіске жетуі керек еді. Және солай бол­­ды да. Бұл кездесуде «Ас­та­на» 5:0 есебімен жеңіске жет­се, Ма­рин Томасовтың бір өзі 4 гол соқты. Футбол тілімен айт­қан­да, покер авторы атанды. Бір қызығы, ел чемпионатында соң­ғы рет төрт голды 2003 жы­лы түрікмен шабуылшысы Мүслім Агаев салған екен. Осы­лайша 16 жылдан бері мұр­ты бұзылмай келе жатқан статис­тиканы хор­ва­тиялық саңлақ жаңартты. «Астана» сапындағы бесінші голды Серікжан Мұжықов сал­ғанын да айта кетейік.

Алдағы жексенбі күні 32-тур ойындары өтеді. Бұл турда «Ақ­төбе» – «Шахтер», «Атырау» – «Ордабасы», «Ертіс» – «Қайрат», «Оқжетпес» – «Жетісу», «Тараз» – «Қайсар» және «Тобыл» – «Астана» командалары кездеседі.

31-турдан кейін сұрмергендер көшін 19 голмен «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов бастады. Екінші орында 18 голмен «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеола тұрса, үшінші сатыда «Қайраттың» тағы бір ойын­­шысы Мартон Эппель орна­ласқан. Оның еншісінде 16 гол бар.