Қоғам • 01 Қараша, 2019

Өтініштердің жауабы өтімді болуы керек

480 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – тұрақты мемлекет» атты семинар-кеңес өтті.

Өтініштердің жауабы өтімді болуы керек

Халық пен билік арасында диалог орнату мәселелері талқыланған іс-шараны Пре­зидент Әкімшілігінің Өтініш­терді қарауды бақылау бөлімі және Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды. Жиынға Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ер­лан Саиров пен Мұрат Әбе­нов, сондай-ақ облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалалары әкімдіктері аппарат басшыларының орынбасарлары, Бас прокуратура өкілдері, белгілі саясаттанушылар мен блогерлер қатысты.

Басқосуда Президент кө­мек­шісі Аида Балаева сөз алып, Мемлекет басшысының Жол­дауда көрсеткен мемлекеттік тұ­рақ­тылықты сақтау бағытын­дағы атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қо­ғам арасында тұрақты диалог құруға баса мән беріп отыр. Жолдаудағы «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды, азаматтардың талап-тіле­гін назарға алып, шешімін та­буды көздейді. Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі осы мақсатта құрылды. Бүгінде бұл бөлім өтініштерді сапалы қарау жұмысын жүйе­леу­ді қолға алды. Үш айда еліміз­дің үш өңіріне барып, аймақ­тар­дағы азаматтарды қабыл­дау шараларындағы ілгерілеу­шілікті байқадым. Бірақ осы бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсу керек. Өйткені бізге түскен өтініштердің ауқым­ды бөлігі – өңірлерге тие­сіл­і. Біраз мәселенің назардан тыс қалуы халық пен орталық мемлекеттік және жергілікті ат­қарушы органдардың арасында тиісті деңгейде байланыс жоқтығын аңғартады. Қазір азаматтар жергілікті орындарда қаралатын мәселелерімен Президентке жүгініп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласына алыс­тағы ауыл-аймақтардан өз жақ­­тарында да қарастыруға бола­­тын арыз-шағымдарын айтып, әбігер болып арнайы келе­тіндер де бар, – деді А.Балаева.

Осы ретте Президент кө­мек­шісі мәселелерді жүйелі шешу үшін азаматтардың үніне ғана құлақ аспай, мемлекеттік органдар да бір-бірін тыңдай білуі керек екенін айтты. Себебі мемлекеттік органдардың бір-біріне сілтеуімен халықтың талап-тілегіне дер кезінде мән берілмей, мәселелер қордаланып қалады. Осындай олқылықтарды ретке келтіру үшін Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арнайы жобалық кеңсе ашқан екен.

– Мемлекеттік органдардың жұмысының сапасын арттыру үшін біз өтініштердің 90 пайызын Президент Әкім­шілігінің бақылауына алдық. Бұл жұмысты ұйымдастыру аясында бөлім мемлекеттік органдардың жауаптары мен өтініш берушілердің пікірлерін талдау мен сапасына ерекше назар аударады. Тіпті теріс жауаптың өзі, менің ойымша, азаматтың күмәнін сейілту үшін негізді түрде жеткізілуі керек. Бөлімде құрылған жобалық кеңсе аясында мемлекеттік органдар деңгейіндегі жүйелік проблемаларды анықтау мақсатында өтініштерге талдау жүргізіліп жатыр. Біз негізсіз немесе орынсыз берілген жа­уаптардың барлығын орталық және жергілікті атқарушы ор­ган­дардың өздеріне қайтарып жатырмыз. Осылайша әртүр­лі мемлекеттік орган қызмет­керлерінің біліктілік деңгейі де анықталады. Егер бір сұрақ келсе, жауап лайықты болуы керек. Алдымен мемлекеттік ор­гандар бір-бірін тыңдай білуі тиіс. Бір-бірімізді естіген бойда адамдардың үні де құлағымызға жетеді. Өтініштерді қарау ке­зінде артық бюрократиялық ке­дергілер мен рәсімдерді жою, ведомствоаралық ынты­мақ­тастықтың тікелей арналарын құру және атқарушы тәртіптің сапасын қамтамасыз етудің маңызы зор. Қазір Үкімет, министрліктер, бар­лық мемлекеттік органдар, оның ішінде ауылдық, аудан­дық деңгейлерге дейін азамат­тардың сұрағына тікелей жауап беретін адамдар анықталды. Біз өзара тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Әрбір үндеу тиімді қаралуы тиіс, – деді Президент көмекшісі.

Жиында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аза­маттық қоғамды қалыптас­ты­рудағы рөлі туралы айтып берді. Ерлан Саиров бұл тұ­жырымдаманы жаңа дәуірдің бастауында тұрған басым бағыт ретінде атап, елдің тұ­рақтылығы саяси және эко­номикалық дамумен ғана емес, осындай азаматтық жауапкер­шілікті күшейту факторларымен нығаятынын алға тартты.

Ал Мұрат Әбенов шенеу­нік­тер шын мәнінде жалдамалы менеджерлер екенін, ха­лыққа қызмет ететінін ұмыт­пауы керек екенін еске салды. Ол ашықтық мәселесіне тоқ­талып, азаматтар қай салаға қа­ражаттың қалай жұмсалып жатқанын айқын әрі түсінікті түрде көре алуы керек екенін айтты.

Сонымен қатар отырыста Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өкілі Асхат Ибраев баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға 1,7 млн өтініш түскен. Оның ішін­де 236,2 мың өтініш жер мәселелеріне қатысты болған. Бұған қоса, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық мәселе­лері жөнінде 120,5 мың өтініш, еңбек және әлеуметтік қорғау бо­­йынша 129,7 мың талап-тілек
түскен.