Қазіргі таңда Сенаттың қарауына жіберілген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген түзетулерде пәтер иелері кооперативтерін тарату, үйлерді қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін жинақ шоттарын ашу, сондай-ақ қалалық және облыстық бюджет есебінен көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеуді қаржыландыру қарастырылғаны белгілі. Осы жайтты ескерген облыс басшысы келесі жылдан бастап шаһарлардың проблемалық негізгі көшелерінде жұмысты бастап кетудің жоспарланғанын айтты.
– Бұл бізге ғимарат қасбеттері бойынша белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, жинақ шоттарын ашуды және жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуді қарастырады. Бұрын бұл жұмыстарды атқару үшін демеушілерді іздестіруші едік, ал қазір мұны қала немесе облыс есебінен іске асыра алатын болдық, – деген Жеңіс Қасымбек қала басшыларына он күн ішінде үй қасбеттерін бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін проблемалық көшелердің тізімін беруді тапсырды.
Шынында да Қарағандыдағы және облыстың басқа да қалаларындағы үйлердің сүйкімсіз сұрғылт түсі адамның еңсесін басып тұрушы еді. Енді олар түрлі-түсті, көз қуантатын түстерге боялып, сырланатын болғаны бөрікті аспанға атып шаттандырмаса да, қуанарлық жаңалық. Әрине бұдан қарапайым тұрғындардың тірлігі оңалып, жағдайы жақсарып кетпесі белгілі. Дегенмен айналаңдағы, өзің тұрып жатқан қаланың көшелеріндегі кемпірқосақтың түсіндей көңілге қуаныш сыйлар бояулардың болғаны қандай жақсы!
Жалпы, экономикасы дамыған елдерде тұрғызылғанына жарты ғасырдан асып кеткен тұрғын үйлер тып-типыл болып сырылып, олардың орнына жаңасы салынатынын біз жақсы білеміз. Біздің де осы күндерге түбі жететініміз анық. Әзірге жауырды жаба тоқып, еңсені түсіретін ең бір сұрқай түс – сұр бояулардың көзін жойсақ, мұның өзі үлкен жеңіс болар еді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы 5815 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөндеуді қажет ететін көрінеді. Бұлардың басым көпшілігі ел арасында «Хрущевка» аталып кеткен қарасұр түсті үйлер болар деп батыл жорамал жасауға болады. Сондай-ақ бұл тізімге Сталин заманында салынып, сырты сатпақ-сатпақ болып тұрған ескі үйлерің кіруі де әбден мүмкін...
Қасбеті әрленіп-сырланып, әдемі кейіпке енген үйлердің ту сыртын да, яғни аула жаққа қарайтын бетін де жағдай жақсарған кезде көңілді түстерге бояп қоюды ұмытпау керек. Сонда ғана облыстағы қалаларды келген қонақтарға ұялмай көрсетуге болады. Яғни таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған жөн.
Қарағанды облысы