Аймақтар • 01 Қараша, 2019

Естайдың ескерткіші

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірімізде «Хұсни-Қорлан» деп әлеуметке «әлемде жоқ ән салдырған» Естай Беркімбаевтың құрметіне арналған рухани-мәдени шаралар жалғасуда. Жерлестерінің осы бір дара тұлғаға құрмет, ілтипат пейілдері ерекше. Ескерткіш мүсінтас орнату «Ақтоғай» қоғамдық қоры бастамасымен қолға алынған.

Естайдың ескерткіші

 

Қолында домбырасы бар әнші­нің тас бейнесі аудан орта­лы­ғы – Ақ­тоғай ауылындағы Балалар өнер мектебінің алдынан орын алды. Бұл сәулет туын­дысы марқұм, жергілікті суретші Бота Машраповтың үлгі-жоба­сы негізінде жасалған.

– Балалар өнер мектебінінің аула­сынан орын алған мүсінтас-бүгінгі ұрпақтың өтке­нін біліп, ұлы аталарына тағ­зым етуі мақсатында дүниеге келді. Екіншіден, қазақ әніне, өнер­ге арналған ескерткіш, – дейді облыстық мәдениет бас­қар­­масының басшысы Ернұр Дәуенов.

Айтуынша, өнер мектебіне Естай Беркімбайұлының есімін беру туралы ұсыныс Мәдениет министрлігіне жіберілген.

Естайдың туған немересі Зекен Жанәбілқызы да салтанатты рәсімге қатысып, Алашқа аты белгілі атасы жайлы естелік айтты.

– Сіңлім Зейнеш екеуіміз атам мен әжеміздің тәрбиесінде бол­дық. Өте сабырлы, кербез, сал­мақ­ты,парасатты жан еді. Өлең жазатын жеке үстелі болатын. Жанында домбырасы сүйеулі тұра­тын. Өлең жазып болған соң қолына бірден домбырасын алып, әуенін келтіретін, – деп еске ала­ды әжей.

Рухани-мәдени шара барысында Естай әндері шырқалды. Ақто­ғайлық айтыскер ақын Бей­сен­бі Мұқажанұлы Естайдың «Наз­қоңыр» әнін айтып, тілегін арнады. Әншінің «Жайқоңыр, «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Дүние-ай», «Қош­та­су», әндері қазақ музыка­сының алтын қорында сақтал­ға­нын айтып өтті.

Мүсінтастың ашылуына аудан әкімі Қаршыға Арынов бастаған шығармашыл зиялы қауым өкіл­дері, Естайдың ұрпақтары, туыс­қан­дары қатысты.

Шара барысында Естай ауы­лын­­дағы ақынның қабірі басына барып құран бағышталып, ас берілді.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы