100 • 01 Қараша, 2019

Ұлылықты ұлықтаған күндер-ай!..

195 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

..Хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы қарсаңында Семейге «Егеменнің» аппаратынан жасы үлкен әріптес ағамыз Мамадияр Жақып жақындап қалған тойдың толғақты мәселелеріне байланысты іссапармен келе қалған. Онда біз аталған басылымның осы өңірдегі меншікті тілшісі едік. Тегінде Мамекең де ертеректе байырғы басылымның Семейдегі тілшісі болып бақандай он шақты жыл қызмет атқарған адам. Сондықтан да ол мұндағы басшы-қосшы, үлкен-кішінің бәрін дерлік жақсы біледі. Ағамыз келген бетте бірінші кезекте ел ақсақалдарына сәлем беретін дағдылы әдетінен бұл жолы да жаңылмаған.

Ұлылықты ұлықтаған күндер-ай!..

Сөйтіп елмен де сәлемдесіп, негізгі шаруа да бітті-ау деген кезде өзінің осындағы ежелгі досы, республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімұлы екеуімізге тосын бір ұсыныс айт­қан. «Ерте заманда бабаларымыз қасиетті Меккеге, одан қала берді әулие, әнбиелердің ба­­сына жаяу-жалпылап барған және сол жолда арып-ашықса да шы­даған. Сөйтіп алдына қойған мақ­саттарына жеткен. Ендеше мынадай дүбірлі той қарсаңында Семейден Жидебайға дейін жаяу барып, Абай әлеміне басқаша көзбен үңіліп, аралап қайтсақ, солайша басқаға да ой салсақ...»

Мамекеңнің тоқсан ауыз сөзінің түйіні осыған сайды. Жөн сөз, орынды ұсынысқа біз де бірден ден қо­йып, қостай жөнелдік. «Ендеше, Ал­матыдағы басшыларымыз «жә» десе, «Ұлы­­лыққа тағзым» деп аталатын бұл акцияны газет Абай қорымен бірлесіп өткізетін болады» деді игілікті ұсыныс иесі қашанғысынша сөзді қысқа қайы­рып. Осылайша алдағы сапар жайы пысық­талған соң қонағымыз сол кез­дегі астанамыз Алматыға қайтып кеткен.

Арада көп уақыт өтпей жатып Мамекең бізге телефон шалған. Даусы жарқын, көңілі көтеріңкі. Сөйтсек  бұл кісінің әлгіндей ұсынысын газеттің сол шақтағы басшысы Нұрлан Оразалин бірден қолдапты. «Хакім ақынға байланысты ұсынысты басшы ақын неге қолдамасын» деп біз де риза болғанбыз. Сонымен тағы да арада көп уақыт өтпей жатып қасында Алматыдағы Әуезов мұражайының байырғы қызметкері Талатбек Әкімов бар Мамекең Семейге жетіп келсін! Әйтеуір дес бергенде Балтекең екеуіміз бұл кісілер келгенше сапар жайын ойластырып қой­ғанбыз.

Сонымен белгіленген күні жаяу сапар кезінде Абайдай ағасы­ның шапағатын көрген Әнияр Молда­баевтың үйінен аттандық. 1940 жылы ұлы ақын­ның 95 жылдығына орай оның әдеби-мемориалдық мұражайы осы үйде ашылған болатын. Сол үй бұл шақта ақын мұражайының Әуезов пен Алаш арыстарына арналған филиа­лына айналған еді. Бізді осы арадан жолға шы­­ға­рып салуға келген қалың жұрт­шылықтың қалтқысыз көңілі бәрімізге қанат бітіргені рас. Бі­рақ алғашқы күннің өзі қай-қайсымызға болмасын оңайға түспеген. Айталық, сол алғашқы күннің соңында Мамекең аяғы қажалып, күлдіреп шыға келген бесінші адамымыз Манатбек деген жолдасын «ертеңдер қайтып келейін» дегеніне илікпестен біржола қайтарып жіберген. Бірақ Алматыдан келген досына адал Мәкең болса артынан машинасымен келіп, бізді Жидебайда қарсы алған. Сондай-ақ етжеңді Балтекеңе де ширақ жүру оңайға түспеген. Бірақ бұл ағамыз қайта-қайта көш соңында қала бергенмен, ақырына дейін «ақырын жүріп, анық басудан» танбаған. Яғни, көшбасшымыз ара-тұра жеңілдік жасағанымен одан бұл үзілді-кесілді бас тартқан.

Осы орайда Балтекең туралы бірер ауыз сөз айта кетсек дейміз. Абайдың бір інісі Ысқақ болса, ал оның ұлы Кәкітайдың ақын ағасының алғашқы жыр жинағын жарыққа шығаруға зор еңбек сіңіргенін көзіқарақты жандар жақсы білсе керек. Жоғарыда аты аталған жолсерігіміз Ысқақтың Ахметбек деген екінші ұлының Қапиза деген қызынан туған. Яғни, кешегі аға сұлтан Құнанбай қажыға шөбере жиен болып келеді.

Жаяу сапар барысында тізгін­шілердің көмегімен тамақты да өзіміз жасап ішіп, шатырды да өзіміз солармен бірге тіге­­тін едік. Бір күні кешкісін да­лал­ық қосымызға енді жайғаса бастағанда жергілікті азаматтар бастаған алматылық қонақтар екі­ машинамен жетіп келген. Олар есімі елге танымал белгі­лі ғалымдар Рахманқұл Берді­баев, Ғарифолла Есім, Шәкір Ыбыраевтар болып шықты. Бұл кісілер де Абай тойы мәселесімен Абай елінен келе жатқан беттері екен. «Парсыда «пешқадам» деген сөз бар, – деген сонда Рахаң жарықтық, – ол озық жүру, ал­да бо­лу деген мағынаны біл­діреді. Міне, сіздер осы жаяу жорықтарыңызбен көп адам­дар­дан оздыңыздар. Бұл әй­теуір біреу бас­тауы керек шаруа болатын. Соны сіздер бас­тадыңыздар, сондықтан сіздерге рақмет!» Рахаң солай десе, ке­лесі қонақтардың бірі жа­пон­дар­дың Фудзияма тауын кие тұта­тындығын айта келіп, біздің әулиеміз – Абай, киелі мекеніміз – Жидебай, ендеше сол киелі жерге сапарларыңыз сәтті болсын деп жатты.

Жолай Абай елінің байырғы ұстазы, осындағы бірер мектепке басшылық жасаған Мамыр­хан Тоққаринмен кездесіп, жүз­дескеніміз де есте қалып қойып­ты. Әуезовпен құрдас әкесі алты-жеті жасында Абай­ды көріпті. «Есімде қалғаны ақынның басы ерекше үлкен көрінді» деп отырады екен мар­құм. Мәкеңнің өзі болса университетте Мұқаңнан дәріс алыпты.

Сапардың соңғы күні бізді Семей-Қарауыл бағытындағы жол құры­лысында жүрген алып «КамАз» маши­насының жүр­гізушісі тоқтатқан. «Сіз­дерді күнде көремін. Не ғып жаяу жүр­ген жансыздар?» деген орыс аза­маты оның себебін білгенде кәдімгідей таңыр­қап басын шайқай берген. Ал елдегі әкем­нің біреулерден «Дәулеттер Жидебайға жаяу кетіп бара жатыр» деген сөзді естігенде «не, маши­налары сынып қалып па?» дегені тіпті қызық.

Сонымен Семейден жалпы қашық­тығы 160 шақырым­дай­ Жидебайға бес жарым күн де­генде жеткенбіз. Жидебайға қа­­лай жеттік, екі аяғымды ба­са ал­май қалғаным да рас, ке­шегі жел­тоқсанның ызғарлы же­лін­де жү­регіне әжептәуір сал­­­мақ түс­кен Мамекеңнің «шы­­нымен жеттік пе?» деп кө­зі­не жас алып, кәдімгідей тебі­ренгені де шын­дық. Сапар со­ңын­да бізге «Абай ауданының құр­метті азаматы» деген атақ берілді. Кейінде біреулер әлде қалжыңдағаны, әлде мұқатқаны белгісіз, «мұндай атақты біз жаяу жүріп, шаршап, шалдықпай-ақ алғанбыз» дегені де бар. Бұра сөйлегендерге ештеңе демесек те, сол жылы Мамекең екеуміз­дің Абай тойының құрметіне орай өткізілген республикалық конкурстың лауреаты атанып, Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның арнайы дипломымен марапатталғанымыз және рас. Солай дей тұрғанмен, елдің құрметін ең алдымен ұлы Абайға, екінші кезекте ел басылымы «Егеменге» көрсетілген ілтипат деп түсінгенбіз.

Дәл осындай жаяу жорық келесі жылы енді жыр жампозы Жамбылдың 150 жылдығында жалғасқан. Осы екі аралықта абайлықтар өздерінде өткен той эстафетасын жамбылдықтарға әкеп табыстаған еді. Біздің сол салтанатты көш сапында да бол­ғанымыз бар. Бірақ газет бас­шылығының «бұл жақын жер ғой, оның үстіне осы жолғы са­парға тілек білдірушілер өте көп» дегендіктен, «Егеменнің» екінші акциясына қатыса алмағанбыз. Алайда, содан кейінгі сегіз сапар­дың бірінен қалмаппыз. Солай дей тұрғанмен, екінші сапардың да өте сәтті өткендігін естіп, қуа­нып жаттық. Айталық, бұл жол­ғы сапарға Алматы облысының әкім­­дігі мен халықаралық Жам­был қоры ұйытқы болыпты. Мұның өзі «Егеменнің» акциясына ендігі жерде биліктің де қатты көңіл бөле бастағанын айғақтап жатты. Екіншіден, халық та жаяу жүргін­шілерді алақан­дарына салып, аса жылы қарсы алыпты. Ал оның себебі де жоқ емес-ті. Өйткені бұған дейін спортшылар Алматыдан Жам­был баба басына қыста шаңғымен бара бастаған екен. Енді сол шара кең көлемде қолдау таба бастаса, жыр жанашырлары неге қуанып, шаттанбасын!

Арада тағы бір жыл өткен соң заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы да келіп жеткен. Ма­мекең­нің ұйғарымымен бұл жолғы сапарды Аягөзден бастап, содан Абай ауда­нының орталығы Қарауыл арқылы Мұ­хаң­ның кіндік қаны тамған Бөріліде аяқтағанды жөн көргенбіз. Бұл екі аралық аз дегенде 260 шақырым. Оның үстіне осы жолы жел қалай жүр­­сек те, қарсы алдымыздан соқты да тұрды. Соның салдарынан әлгі екі аралықты бақандай он бір күн дегенде әрең жүріп өткенбіз. Ұзын жол үстінде қиналып келе жатқанымызды көріп, сезінген кейбір жанашыр жолау­шылардың «айдалада сіздерді көріп тұрған кім бар, сондықтан біраз жерге дейін ала кетейік» дегендеріне көнетін біздің Мамекең бе?! Қысқасы, жалпы он сапарда да бұл мәселеде арымыз таза, басқаны да, өзімізді де еш алдағанымыз жоқ.

Әңгімемізді сәл кейін шегініп айтатын болсақ, Аягөзден сапарға сон­дағы мектеп лицейден аттанғанбыз. Жоғарыда айтқандай, мұнда да жер­гілікті билік, оның ішінде атын атап, түсін түстеп айтатын болсақ, аудан әкімі Айбек Кәрімовтің өзі «Егемен­нің» бұл акциясына ерекше көңіл бөлді. Ескілікті әңгіме мен тарихқа, әдебиет пен мәдениетке қатты мән беретін әкім жолай біздің жергілікті ауыл тұрғындарымен кезде­сіп, жүз­десуімізге де жол ашып беріп отырды. Мұндай жиын соңы қанша асықсақ та мазмұнды ойын-сауыққа ұласып жатты. Осы Айбек бауырымыз кейін­де Се­мей қаласының әкімі болып тұр­ғанда тағы бір сапарға өзі бас болып шығарып салып еді. Қаланың тағы бір әкімі Мейрамхат Айнабеков те біз­дің осындай шараларымыздан сырт қал­маған. Кейінде билік «Еге­меннің» дәс­түр­лі акциясын қол­дап әкетті деп жатқаным да сон­дықтан.

Осы жолы біздің сапымызда Ма­мекең, Балтекең үшеумізден бас­қа, көшбасшымыздың жан досы, белгілі әдебиет сыншысы, Мем­ле­кеттік сый­лықтың лауреаты Зей­нолла Серік­қалиев, Семей қала­сы әкімдігі құқық бөлімінің басшысы, отставкадағы полковник Балташ Әлиев, Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орта­лығының қызметкері Сұң­қар Жұртбай мен Қанат Бал­табекұлы сынды жас азамат­тар болды. Қадірлі Зекең бұ­дан кейінгі Қаныш Сәтбаев пен Ғабит Мүсіреповтің жүз жыл­­дықтарына орай Павлодар мен Баянауыл, Петропавл мен Жам­был аудандары, сондай-ақ Түркістанның 1500 жылдығына арналған жаяу жорықтар кезінде де қатарымыздан табылды. Бірақ, өкі­нішке қарай, енді өзінің ту­ған жеріне дауылпаз ақын Махам­беттің екі жүз жылдығына орай сапарға шығайық деп жатқанда қатты науқастанып, ауру­ханаға түсіп қалды. Содан оңала қой­­ма­ған Зекең көп ұзамай бәрімізді өкін­тіп, келместің кемесіне мініп кете бар­ды.

Ендігі әңгімемізді ұлылар елінде та­ғы екі жаяу жорық экспедицияс­ы өткізілген. Оның бірі дала данышпаны атанған Шәкәрім қа­жы­ның 150 жылдығына, ал соң­ғысы Елбасы Жарлығымен «ажал аждаһасы» атан­ған Семей атом поли­гонының жабыл­ғанына жиыр­ма жыл толуына орай ұйым­дас­тырылған.

Сөз соңына қарай басқа да жаяу жорықтарымыздың мән­­ді бол­­ған­дығын айта кетсем деймін. Мә­селен, Қаныш Сәтбаев­тың, Ғабит Мүсі­реповтің 100 жылдықтарына орай Пав­лодар – Баянауыл, Петропавл – Жам­был бағытындағы жорығы­мыз ғұлама академик пен классик жазу­шыға ар­нал­ған шаралардың біріне айналды.

Келесі сапарда жергілікті азамат­тар­дың бірі болып қата­рымызға қо­сылған Жақсыбай Самрат есімді жігіт кейінде «Егеменнің» еңселі қыз­мет­керлерінің біріне айналды. Осы сапар барысында той мерзіміне үлге­ру керек деген нұсқауға сәйкес бір-екі күн қатарынан күніне қырық гра­дус ыс­тық­та қырық шақырым жол жүр­гені­міз­ді көзі көргендер айғақтап айта жатар.

Енді қасиетті Түркістанның 1500 жылдығына арналған сапарға келетін болсақ, бұл жолы бізбен ол жаққа Алматыдан академик тілші-ғалым Өмірзақ Айтбаев ағамыз ере барып, сол сапар барысында баршамызды әңгімеге де, әнге де қарық қылды. Ал мұндағы ел мен жер тарихын шырайлы Шымкентте қатарымызға қосылған жергілікті жазушы Мархабат Байғұт майын тамызып баяндаудан танбаған.

Енді әзірге соңғы оныншы сапар­ға келетін болсақ, ол жыр алы­бы Жам­былдың ұстазы жыр сүлейі Сүйінбай бабамыздың 200 жыл­дығына арналған еді. Осы айтылған мерейтой­лар­д­ың бәрі «ЮНЕСКО» деңгейінде атап өтіл­ген ауқымды шаралар. Мұның соң­ғысының қызықты әсерлері өз алдына бір әңгіме. Иә, оны әзірге соңғы сапар деп жатқаным да бекер емес. Жуырда ел жақтан, Семейден елең еткізерлік жақсы бір жаңалық естіліп қалды. Хакім Абайдың ал­да келе жатқан 175 жылдығына орай ондағы «Абай-Бөрілі» қорық-мұражайының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары қала ішіндегі Абай жүрген ізбенен жүріп өтіпті. Осының өзі кейінгі жас ұрпақтың да ұлылықты ұлықтап, аруақтарды ардақтай білетінін көрсете ме дейміз!

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі