Руханият • 01 Қараша, 2019

«Егеменнің» ардагерлері марапатталды

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел газетінің ғасырлық тойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Егемен Қазақстанға - 100 жыл» республикалық мерекелік шарасы жалғасуда. Шара шеңберінде іргелі оқу ошағының ректоры Ғалым Мұтанов басылымның Алматы бөлімшесінде айшықты қызмет атқарған бірқатар ардагер журналистерге университеттің «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.

«Егеменнің» ардагерлері марапатталды

Мұндай айтулы құрметке оқу орнының кешегі түлектері Қазақстанның құрметті журналисі Мамадияр Жақып, Ақпарат саласының үздіктері Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Талғат Сүйінбай ие болды.

Марапат иелері университет қабырғасынан таяуда ғана ашылған  «Егемен Қазақстан» газетінің зертханалық аудиториясында тілшілік тіршілікке бет алған болашақ журналистермен қауышты. Онда қазақ журналистикасының өткені мен бүгіні турасында әңгіме өрбіп, майталман мамандықтың қыр-сыры жөнінде орамды ойлар айтылды. Журналистика факультетінің деканы белгілі ғалым-журналист Сағатбек Медеубек қонақтарға білім отауының  85 жылдығы, фаультеттің қызықты өмірі туралы баяндады. 

 – Ел өмірінің елеулі сәттерін тасқа таңбалаған «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы тереңде жатыр. Басылымның тасын өрге сүйреген талай қабырғалы қаламгерлердің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен, оның ішінде біздің журналистика факультетінен қанаттанғанын мақтанышпен айтамыз. Оқу ошағы мен бас басылымның арасындағы рухани байланыс арқауы үзілмеген дәстүр сабақтастығының алтын діңгегі деп есептейміз, –  дейді Сағатбек Медеубек.

Өз кезегінде «егемендіктер» университет кітапханасының қорына отты мақалалары  мен төлтума туындылары топтастырылған кітаптарын сыйға тартты. Журналистика факультетінің ұстаздары Мамадияр Жақыптың «Сағыныш», Гүлзейнеп Сәдірқызының «Махаббатым - жүрегімде», Талғат Сүйінбайдың «100 тұлға - 100 пікір» жинақтары жас тәлімгерлерді кәсіби тереңдікке машықтандыратынын айтады.

 

 

АЛМАТЫ