Кездесу барысында 2015 жылы мақұлданған және 17 ғаламдық Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) қамтитын Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін Қазақстанда іске асыру мәселелері талқыланды. Ә.Смайылов өз сөзінде 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін жүзеге асыру өзекті ғаламдық проблемаларын шешуде басты рөл атқаратынын атап көрсетті.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанда ОДМ жүзеге асыру және локализациялау барысы бойынша пікір алмасты, қол жеткізген оң нәтижелерді атап өтті және осы мақсаттарды одан әрі іске асырудағы проблемаларды айқындады.
Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары өзі басшылық ететін және құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен БҰҰ елдік офисінің өкілдері кіретін Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша Үйлестіру кеңесінің шеңберіндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.
Кездесу қорытындылары бойынша Ә.Смайылов БҰҰ өкілдерінің барлық ұсыныстары мен ұсынымдары тиісті мемлекеттік органдарға жан-жақты талдау және ағымдағы жұмыста пайдалану үшін жолданатынын мәлімдеді.