Аймақтар • 01 Қараша, 2019

Мұнай өңдеу зауытында бірегей орталық ашылды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау мұнай өңдеу зауытында арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етудің бірегей орталығы ашылды. «Jeti Qazyna» деп аталған бұл жоба «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен еліміз бойынша алғаш рет Атырауда бастау алды.

Мұнай өңдеу зауытында бірегей орталық ашылды

Бұған дейін зауыт жұмысшылары қоймадан киім алу үшін тапсырыс беріп, өз мөлшерін күтуге, өзіне шақтап тігіп алуға, жууға тиіс болса, енді бұл жұмыстардың бәрін орталық атқарады. Қызметкер арнайы орталыққа келіп, жеке қорғаныс құралдары мен киімдерін алады, белгілі бір уақыттан кейін оны талапқа сай жуып, құрғақ тазалаудан өткізуге алып қалады да, орнына басқа жиынтық береді. Әр киім таңбаланады және мәліметтер базасына енгізіледі. Дайын болғаннан кейін қызметкердің ұялы телефонына хабарлама келеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін орталықтан зауыттың бас директоры Шухрат Данбай бірінші болып киім-кешек жиынтығын алды.

 - Орталықтың жұмысын Қазақстан-Ресей Allies Industrial бірлескен кәсіпорыны қамтамасыз етеді, оның есебінде ТМД-ның басқа елдерінде 150-ге жуық осындай жоба бар. Осы компанияның арқасында зауыт бұрынғы тамақ қоймаларының бос тұрған ғимаратына күрделі жөндеу және қайта жоспарлау жүргізді. АМӨЗ-де ашылған орталық – 100% қазақстандық жоба деп сеніммен айта аламын. Бұл Қазақстанда тиісті қызметтердің толық кешені бар алғашқы мамандандырылған орталық. Біз қызметкерлер үшін олардың жайлы және қауіпсіз еңбегі үшін ең жақсы жағдай жасаудамыз, - деп атап өтті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Бас директоры Шухрат Данбай.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі хабарлағандай, «Jeti Qazyna» жобасы аясында тағы бір бастама қолға алынады. Ол - тұрақты жылжымалы стеллаждар мен қорғау жүйесі бар құжаттарды сақтауға арналған сенімді, өртке төзімді бөлмелері бар орталықтандырылған мұрағат. Осылайша зауыт қазіргі заманғы игіліктерді күнделікті жұмыстарында қолдануға мүдделі болып отыр.

 

АТЫРАУ