Балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, мүмкіндігі шектеулі талантты балаларды қолдау, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақтың ұлттық киім үлгілеріне, халықтың тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты ояту мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауды «Періште» қоғамдық қоры былтыр, 2018 жылы тұңғыш рет өткізген еді. Кәмелетке толмағандар, әсіресе мүмкіндігі шектеулі сәбилер арасында ерекше танымал болған байқау биыл Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» және Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы қолдауымен биік дәрежеде ұйымдастырылды.
Алғашқы байқауға 23 бала қатысса, биыл олардың саны 41-ге жетті. Соның ішінде 26 қатысушы финалға өтті. Олардың арасында «Балалар ауылында» тәрбиеленуші жетім балалар, көру және есту қабілеті бұзылғандар, қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалар өз құрбыластарымен қатар байқауға қатысты. Байқаудың іріктеу сынақтары өткен 1,5 ай ішінде олар Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында, облыстық филармония мен облыстық өлкетану мұражайында фотосессиядан өтті.
Бір қызығы, осы байқау аясында ең үздік ұлттық тарихи киім үлгісіне арналған дизайнерлер байқауы да екінші мәрте өтті. Байқаудың идеясы – қазақтың XVII-XVIII ғасырлардағы ұлттық киім үлгілерін жаңғырту болатын. Бұл сайысқа тарихи костюм үлгілері қатысты.
Сонымен, қазылар алқасы 13-15 жас аралығындағы жоғарғы топ арасынан Гран-при сыйлығын Сұлтанбек Шамбулов пен Гүлзада, Бекзада Нұрсейілдерге, 1 орынды – Айқын мен Дарьяға тапсырды. 10-12 жас аралығындағы орта топ арасынан Бақытжан Бөпежан мен Алтынжан Шамбулова – бас жүлдеге, Бақдәулет пен Амангүл 1 орынға ие болды. 7-9 жастар арасындағы І және 4-6 жастағы ІІ кіші топтар арасында Ертөре Болат, Сәбина Ертаева, Әділ Иса және Анелия – Гран-приге болса, Арыстанбек, Нұрасыл және Ангелина есімді балдырғандар жүлделі бірінші орынның сыйлығын иемденді. «Үздік фотомодель» аталымы өзін әдемі көрсетіп, күйзеліске қарсы қайсарлық танытқан Әділет Ғаббасовқа бұйырды. 12 жасар Анель Асанова мен 7 жасар Алексей – «Ең әдемі модель» атанды.
Байқаудың барлық қатысушысы арнайы сертификатқа, лента мен сыйлыққа ие болды.
- Біздің үздік фотомодельдеріміздің суреті түрлі-түсті журналдарға жарияланатын болады. Гран-при және «Үздік фотомодель» атауының иелері журналға сұқбат береді. Сондай-ақ осы бағытта қызығушылығын дамытқысы келетін балалар Edelweissарт студиясында этикет және моделинг сабақтарынан дәріс ала алады, - дейді байқаудың ұйымдастырушысы, «Періште» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Дәулетова.
Айта кетейік, ұлттық киімдерді сарапқа салған жюри құрамында мәдениет қайраткерлері, суретшілер, тарихшылар болған еді. Сарапшылар дизайнерлер арасында өткен «Нағыз ұлттық киiм» байқауының Гран-при жүлдесіне Мәлика Кубаеваны лайық деп тапты.
Кеш соңында Флюра Миликеева жетекшілік ететін «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі байқау қатысушыларына фуршет ұйымдастырса, жеке кәсіпкер Айзада Шайхиева балаларға тәттілер мен шампун сыйлады. Жалпы, бұл байқауға қатысқан әр бала бұл күні ойыншық пен сыйлықтан кенде болмады.
Батыс Қазақстан