Аймақтар • 03 Қараша, 2019

Күрең күздегі қызықты лагерь

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында күзгі маусымда алғаш рет «қиын» балалармен тәрбие жұмысы жүргізілуде.

Күрең күздегі қызықты  лагерь

Күзгі лагерьге облыстағы білім ошақтарынан 50 бала іріктелініп алынған екен. Барлығы бірдей қиын балалар емес, арасында белсенді  әрі үздік оқушылар да бар. Мамандар арнайы жоспарлы жұмыстарын жүргізіп, балалардың уақытын пайдалы  әрі қызықты өткізуде.  

– Күзгі маусымда түрлі құқық бұзушылықтар жасаған жасөспірімдермен жұмыс жүргізу үшін балаларды жинадық. Менің ойымша жұмыстың мұндай бағыты, яғни, жаңа форматы тиімді болмақ. Тәрбиенің нәтижелі болуы, олардың тілінде сөйлеп, қызығушылықтарын білу,– дейді облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  төрайымы Айсұлу Жұматова.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру қажет екендігі белгілі. Үстіміздегі жыл – Жастар жылы. Осы жылдың шарапаты да аз емес. Облыста атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту.

– Кәмелеттік жасқа жетпеген жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында күзгі демалыс кезінде алғаш рет лагерь ұйымдастыруды ұйғардық. «Балалық шақтың планетасы» деп аталады. Мақсатымыз демалыс уақытында балалармен көбірек жұмыс істеу,– дейді облыстық білім басқармасы басшысының  орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Балалармен арнайы мамандар түрлі тренингтер өткізуде. Сонымен қатар, балаларға арналған жобалар, форумдар және іс-шаралар арқылы оқушылар  өз пікірлерін ортаға салып, жан жақты дамуға мүмкіндік алып отыр.

– Маған хабарласып күзгі  лагерьге барасың дегенде қатты қуандым. Бұл жерде уақытты өте көңілді өткізудеміз,– дейді Көкшетау қаласындағы №16 орта мектептің оқушысы Александр Страбыкин.  

Қиын балалармен жұмыс істеу де оңай емес. Әйтсе де, бұрынғы жаттанды жұмысқа қарағанда, тыңға салған соқпақ тиімді бола ма деген үміт мол.

  

Ақмола облысы