– Сіз 40 жылдан аса жоғары білім саласында, оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының директоры болып қызмет атқардыңыз. Өз тәжірибеңізге сүйеніп, сондай-ақ екі кезеңнің куәгері ретінде айтыңызшы, барлық білім беру жүйесінің биік сатысы саналатын жоғары білімнің біздегі ахуалы қалай?
– Жоғары білімнің қазіргі қауқары жалпы немесе салыстырмалы түрде айтқанда жақсы, алға ілгерілеу бар. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды бірыңғай жоққа шығаруға болмайды. Осы күні еліміздің дамуына үлес қосып, басшылыққа келіп, әр саланы сүйреп жүрген жандар – тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта университетті бітіргендер. Мұның өзі жоғары білімнің білікті мамандар даярлайтын деңгейде екенін көрсетеді. Дегенмен әлі де алға жылжуды қажет ететін тұстары баршылық.
Бүгінде жоғары білім жүйесі көптеген жаңартудан өтті. Болон процесі деп айтып жүрген жүйе студенттерді ізденуге, оқытушылармен білім алмасу жағынан тығыз қарым-қатынас орнатуға итермелейді. Бірақ біз осындай халықаралық тәжірибенің өзін қазақылыққа икемдеп тастаймыз. Айталық, студенттердің «Барлық сабақтан үздік болып тұрмын, сіздің сабақтан ғана балл көрсеткішім төмен болып отыр» деп басталатын өтінішінен асып кете алмаймыз. Тырысып жүргенін, талабын ескереміз де, студент білімін әлдеқайда жоғары бағалап жібереміз. Бұл – бір ғана мысал. Кейбір тәртібі де, білімі де нашар ізденушілерді оқудан шығаруда да осындай қазақылыққа саламыз. Мұның соңы неге алып барады? Осындай студенттер ілініп-салынып белді, ұлттық, мемлекеттік ЖОО-ны бітіріп, дипломын алады. Ал кейін түйіндемесін түрлі жақсы мекемелерге жібереді, жақсы университет берген диплом жұмысқа тұруға көмектескенімен, әрі қарай алып кете алмайды, кейбірі тіпті сынақтан да өте алмайды. Осыдан жоғары білімнің беделі төмендей береді. Қазір грантқа бір адамның орнына екі адам да таласпай тұр, яғни тестілеу, комиссия ЖОО-ларға ең талантты талапкерлерді таңдап бере алмай отыр. Сол себепті салмақ университеттерге көбірек түседі. Үздіктерді іріктеу университетке түсуден бітіруге дейін үздіксіз жүргізіліп отыруы қажет. Сонда «жоғары білімді» деген сөздің де салмағы артады.
– Сонау 1994 жылы «Қазақтардың мұраты», беріде «Қазақ ойшылдарының қоғамдық мұраттары» сынды қазақ-орыс тілдерінде монографияларыңыз жарық көрді. Докторлық диссертацияңыздың тақырыбы да «Қазақтардың қоғамдық мұраттарына тарихи-философиялық талдау» болыпты. Мұрат туралы жиі жазыпсыз. Ал жалпы білімнің мұраты неде?
– 1980-жылдары кеңестік елдердің азаматтары 15 республиканың ішінде бір мемлекеттің облыстары секілді кіріп-шығып жүре беретін. Тәжікстанның астанасы Душанбеде ірі конференция өтті. Сонда алғашқылардың бірі болып «Қазақ ойшылдарының мұраттары» тақырыбында баяндама жасадым. Түрлі елден жиналған делегаттардың алдында Абай, Шоқан мен Ыбырайдың философиялық ойлары мен қоғамдық мұраты туралы сөз қозғадым. Баяндамамды бітіргеннен соң сұраққа кезек берілді. Сол сәтте Мәскеуден келген бір ғалым: «Біз әрдайым қазақ ғалымдарының еңбектерінен өзіңіз әлгінде атап өткен сол үш тұлғаның есімін естиміз. Сонда сіздерде басқа ойшылдар жоқ па? Үшеуіне дейін де, кейін де ешкім болмады ма?», деп сұрады. Қал-қадерім жеткенше түсіндіріп, бар екенін барымды сала жеткізіп, аталған үш тұлға тек таңдаулылары болғанын айтып бақтым. Осы оқиғадан кейін намыстанып, аңыздардағы, ауыз әдебиетіміздегі ойшылдарды зерттеп, кейінгі ғылыми еңбектеріме арқау еттім.
Мұрат деген өзі бір ғажап сөз, мағынасы ауқымды, өйткені ол тарихтан терең тамыр тарта отырып, болашақпен байланыстырады. Қазақта көптеген фольклорлық шығармалар «мақсат-мұратына жетіпті» деген сөйлеммен аяқталады. «Мұратыңа жет» деп те бата береді. Ал білімнің мұраты – көбіміз қайталай кететін сапасынан да бұрын қажеттілігінде жатыр. Жиналған ілім қоғамның қажетіне жарауы, пайдасына асып, белгілі бір дәрежеде өз жемісін беруі керек.
– Қазіргі университеттер деңгейін түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткішімен өлшейді. Кейбір ЖОО-лар өз ішінде жалған сараптама жүргізіп, бітірушілері әр жерден әкеліп берген «жұмыс істейтіні туралы» анықтама арқылы есеп береді. Жалпы ЖОО-лардың рейтингі қалай жасалуы керек?
– Рейтинг негізінен сұраныстағы мамандықтарды нәтижелі дайындап отырғанына қарай жүргізілуі керек. Ал жай ғана жұмыс орнынан алынатын анықтамамен әзірленген есеп нақты көрсеткішке кепілдік бере алмайды. Себебі түлектер өзінің бітірген жоғары оқу орнына анықтаманы басшылығында танысы бар мекемелерден мөр бастырып, анықтама алып бере салады. Бұған мұндай қағазды қабылдап алуға университеттер де мүдделі, сол себепті оларға маманның қайдан, қандай жолмен анықтаманы алып келгені маңызды емес. Бар болса, болғаны. Ең қиыны, осы жұмысқа бақылау жасалмайды. Яғни, рейтинг ашық әрі адал қорытынды беруі үшін анықтама түлектерден емес, өндірістен алынуы тиіс.
– Әрбір үйде дипломы сандықта жатқан бір адам бар. Қоғам ішінде «жоғары білімді болу» жаппай үрдіске айналды. Дамыған елдерде мектеп бітірушілердің 30 пайызы ғана университет бітіреді. Кеңес өкіметі кезінде еліміздегі жоғары білімді жандардың мөлшері де осы шамалас болғанын үлкендерден естиміз. Біз қазір алға ілгерілеудің орнына осыдан 30-40 жыл бұрынғы жағдайдан да кері кетіп барамыз ба?
– Үкімет шыққан шығынның, қоржыннан алынған қаражаттың есебін алып отыруы керек. Жыл сайын 50 мыңнан аса адамға мемлекеттік грант беріледі. Демек, Үкімет 3-4 жылдың ішінде осынша адамға жұмыс орнын дайындап қоюы қажет. Жауапты министрлер мен жоғарыдағы басшылар грант санын жыл сайын көбейтуді жұмысының жетістігі ретінде, өзіне ұпай жинауға пайдаланады. Бірақ бұл жүйе жоғары білімді жұмыссыздардың қатарын көбейтуге жұмыс істеп жатқанын бағамдай бермейміз. Мәселе – осында.
– ЖОО-ларды, оның ішінде жекеменшік университеттерді қысқарту туралы сөз біраздан бері қозғалып келеді. Бұл жұмыс нәтижелі болу үшін қандай жолмен жүргізген жөн?
– Бұл әңгіме соңғы 3-4 министрдің қызметімен қатар айтылып келеді. Жалпы адамның өткендегі қателіктері болашақта қабылдайтын шешімдеріне сабақ болуы керек және жинаған тәжірибесін пайдалануы тиіс. Бүгінгі адам санасын жетілдіру, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы практикалық ғылымның негізгі міндетіне айналып отыр. Ғылым мен білімнің дамуы, тұрмыстық деңгейдің өзгеруі жұмысшы шаруадан басқа да әлеуметтік саланың өкілдерінен еңбекке деген еңбексүйгіштік пен темірдей тәртіпті, шығармашылық қарым-қатынас, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілет пен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі ғылым әлеуметтік институт сияқты өндіріс бірлігін, ғылыми басқару, ғылыми талап сынды құрылымдарға негізделген.
Елдегі техника саласының тұралап қалуына негізгі себеп – 1996 жылғы ЖОО-ларды жаппай оңтайландыру негізінде 20-дан астам білім ошағы біріктіріліп, кейбірі жойылып кетті. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын техникалық институт пен педагогикалық институт бірікті. Мысалы, Семейдегі мал дәрігерлік институты педагогикалық интитутпен қосылды. Шымкентте Кеңес одағына белгілі, мықты химиктерді даярлайтын Химия-технология институты, Жамбылда Гидромелиоративтік (Кеңес өкіметі кезінде 2-3 институт қана болатын), Павлодардағы Индустрия институты, Өскемендегі Жол-құрылыс институты, Ақмола облысындағы Инженерлік-құрылыс институты және т.б. түбегейлі жойылды. Қазір индустрияландыру картасы негізінде ірі жобалар іске асатын болса, өз ішімізде мамандар табу қиынға түседі. Сол себепті сырттан мамандар алдыруға мәжбүрміз. Техникалық ЖОО-лар жойылса, қайтадан сол деңгейге жеткізу мүмкін емес. Кез келген елдің экономикасын ұстап тұратын өндіріс орындары десек, саладағы білікті мамандар санын арттырудың маңызы орасан. Бұл қысқарту кезінде техникалық университеттерге тиіспесін деген сөз емес, болашаққа, қоғамға, өмірге қажет мамандарды сапалы дайындайтын ЖОО-лардың қалғаны дұрыс. Негізі қысқарту дегеннен гөрі жүйелеу керек дегенді қолдаймын. Себебі бір-бірін қайталап, дубликат жасаумен айналысып отырған университеттер бар. Мысалы, Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ әуелде құқық саласының мамандарын дайындайтын ЖОО болып ашылды, соған сай жұмыс істеді. Қазір қарасаңыз, психология, аударма ісі, есеп және аудит, тіпті туризм саласы бойынша да мамандарды даярлай береді. Жүйе керек.
– Университеттердегі оқытушылар мен профессорлардың алатын айлығы мардымсыз. Кейбірі тіпті балабақша тәрбиешісінен де аз жалақы алады. Бұл жоғары білімнің сапасын түсіруге әсер етіп тұрған бірден-бір себеп секілді. Осыдан келіп студенттерден ақша жинау басталады. ЖОО-дағы жемқорлықты қалай жоюға болады?
– Мамандығын сүйген адам оны өзгесімен алмастырмайды, әлбетте. Дегенмен логикаға салсақ, жоғары білім беретін маманның жалақысы да жоғары болу керек. Ал жалақы аз болған соң студенттерден ақша жинайды деу – қате пікір. Ашкөз адамға миллион айлық тағайындап қойсаң да жейді. Жалпы, ЖОО-лардағы жемқорлық жоғары білімнің жегі құртындай болып отыр. Білім сапасының жаңа биікке көтеріле алмай отырғанына бірден-бір себеп осы. Оны жоюда қатаң талап пен тәртіп керек. Әрі бұл параны алғанға да, бергенге де бірдей қолданылуы тиіс. Мәселе сонда ғана шешіледі. Мен студенттен ақша алсам, кәсіпкер емес, қылмыскермін ғой. Беретін адам да сондай. Демек, екеуі де жазаланғаны жөн. Осындай жағдайға жетпейінше, тыйылмайды. Маман жұмысқа кірудің алдында жалақысының мөлшерін біледі, күнкөрісіне жетпей ме, онда болашағын бағамдап барып шешім қабылдау қажет. Бұл әрине оқытушылардың айлығына көңілім толады дегенді білдірмейді. Бірақ ЖОО-дағы жемқорлық жалақыға тіреліп тұрған жоқ. Оқытушының кәсібилігі мен адамдық қасиетіне байланысты. Ақша алмақ түгілі оның жанарындағы тіленіп тұрған кейпінің өзі ар-намыстың төмендігін көрсетеді. Ал мұндай маман тәрбие мен білім бере алмайды. Сондықтан жемқорларды тек қуу керек. Студенттен ақша алмайтын, нәтижелі жұмыс істейтін, беделді адал еңбегімен жиған мамандардың жалақысын көтеру де ЖОО-дағы жемқорлықты жоюға көп көмектеседі.
– Білім беруді реформалау немесе жаңалыққа ұмтылу кезінде «әттеген-ай» дегізетін, бұрынғы бір бағытқа қайта түскіңіз келетін кез бола ма?
– Биыл мыңдаған түлек оқу бітіріп, диплом алды. Әр университетті орта есеппен 1 мың адам тәмамдайды десек, 130-дан аса ЖОО-дан 100 мыңнан аса адам жұмыс іздеуге шықты деген сөз. Осынша түлектің жартысы бұған дейінгі жұмыссыздар «әскерінің» қатарына қосылады. Келесі жылы тағы көбейеді. 1988 жылы Киевте өткен халықаралық ғылыми конференцияға қатыстым. Сонда бізді жергілікті кеңшарға алып барды. Сол жерде «Казахстан» («Қазақстан») деген жазуы бар тракторды көрдім. Украин тракторшысының айтуынша, бұл техникаға жететіні жоқ. Осы уақытта Павлодардағы трактор зауыты жабылып жатты. Ең өкініштісі, жастар тұрмақ, өндіріс саласында жүрген орта буын өкілдерінің өзі кезінде сұранысқа ие болған, ірі трактор зауытының болғанынан бейхабар. Бұл зауыт кезінде 45 мың жұмысшының аузын асқа, қолын іске жарытты. Қазір жұмыссыз жүргендерге бір кездері елімізде 45 мың қызметкер еңбек еткен зауыт болғанын айтсам, күйініп кетер еді. Дамыдық дейміз, сондай зауыттар бар ма қазір? Жұмыссыз жүрген жастардың жайы ойыма оралса, ескі жүйеге қайта түскім келіп, кері шегіне алмайтынымызды біліп ішім ашиды.
– Жоғары білімнің болашағын қалай елестетесіз?
– Қажеттілік пен мұқтаждық төменнен басталады. Содан соң жоғарыдағыны қозғайды. Қоғамның өз ішінде өндіріс қарыштай дамып, маманды іздей бастаса, ЖОО-ға деген жауапкершілік те, сұраныс та артады. Ертеңгі маман болатын адамда «өндіріс өркендесе, біз биіктейміз» деген түсінік қалыптасқанда ел дамуы алға жылжи бастайды. Қарапайым мысал, ауылдағылар мал бағудан қашады. Оның өзі тұнып тұрған өндіріс. Техника мен технология дамыған ХХІ ғасырда мал шаруашылығы шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаруға дейін жеткізетін мамандарға сұранысты күшейтеді және зауыттар ашу арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады. Осындай мысалды әр саладан келтіруге болады. Ал жоғары білім сол саланың бәріне маман дайындайды. Университеттерге сұраныс пен талап төменнен келеді. Сол себепті бәрі – қарапайымнан күрделіге қарай жүретін қалыпты құбылыс.
Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»