Экономика • 04 Қараша, 2019

11 әуежайға «Ашық аспан» режімі енгізілді

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын­да ұшақ билетінің қымбаттығын сынға алғаны белгілі. «Елорданы әлемнің ірі қалаларымен және халықаралық қаржы орталықтарымен тікелей рейс арқылы байланыстыру өте маңызды. Басқаша айтқанда, «ашық аспан» жүйесін ашу керек. Бұл менің Үкіметке берген тапсырмам. Қорқатын ештеңе жоқ, бір компанияға қараудың қажеті жоқ» деген болатын Президент.

11 әуежайға «Ашық аспан» режімі енгізілді

 

Мемлекет басшысының сынынан кейін көп ұзамай Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі билет баға­сын арзандату шаралары қа­былданатыны туралы хабарла­ды. Ал 1 қарашадан бастап елі­міз­дегі ең ірі деген 11 әуежай­да «ашық аспан» режімі іске қосылды.

– 1 қарашадан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақ­тау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің санын шектеу алынып тасталды. Қазақстандық тасымалдаушылар ұшпайтын бағыттар бо­йынша шетелдік компанияларға 5-дәрежелі «аспан еркіндігін» ұсыну қарастырылған «ашық аспан» режімі енгізілді, – деп хабарлады Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министр­лігінің баспасөз қызметі.

Шетелдік әуе компания­ларының Қазақстандағы ірі қа­ла­ларға жасайтын маршруттарын кеңейте түсетін режім 3 жыл мерзімді қамтиды. Одан кейін де ұзарту мүмкіндігі қа­рас­­­тырылған. Енді ұшу бағыт­­тары мен оны жүзеге асыра­тын ком­паниялардың қатары көб­е­йіп, отандық әуе тасымалы на­рығында бәсекелестік күшейіп, билет бағасы да арзандауға тиіс.

Жалпы, «ашық аспан» режі­мін енгізу туралы ұсыныс­тың талқыланып келе жатқа­ны­на бірнеше жыл болды. Оны Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайға енгізу тәжірибесі де бар. Ең алғаш 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көр­месіне орай 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елорда әуежайында «ашық аспан» қанатқақты режімі енгізілді. Сөйтіп шетелдік компания­лар Нұр-Сұлтанға аптасына 7 рейс­ке дейін қатынауға мүмкіндік алды. Бұл шара көрмеге турис­тер тарту үшін қабылданған-ды. Сол арқылы бірнеше ай ішін­де шетелдік тасымалдаушылар елордадан Варшава, Хельсинки, Бейжің, Батуми бағытында аптасына бірнеше мәрте ұша бас­тады. Отандық компаниялар да Киев, Сиань, Ереван, Бату­ми сын­ды жаңа бағыттарды ба­ғын­дырды. Қанатқақты режім жақ­сы нәтиже көрсеткен соң тиісті ми­нистр­лік оның мерзімін ұзарту­ға шешім қабылдаған болатын.

Енді міне, «ашық аспан» елдің 11 әуежайында бір мезгілде іске қосылып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің деректері бо­йынша Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізуі­нің нәти­жесінде Salam Air авиа­компания­сы Маскаттан Алматыға дейін әуе дәлізін ашуды жоспарлау­да. Қазақстандық Air Astana бол­са, келер жылдың бірінші тоқсанында Жиддаға аптасына 3 рет қатынай баста­мақ. SCAT авиакомпаниясы 30 қарашадан бастап Жидда мен Мәдинаға аптасына екі рейс орындайтын болады.

Министрліктің баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, Аза­мат­тық авиация комитеті Азия­дағы ірі лоукостер саналатын Малайзияның Air Asia компаниясымен, дүние жүзіндегі ең ірі әуе компанияларының бірі, сингапурлық Singapore Airlines-пен, Ресейдің «Уральские Авиалинии» компаниясымен келіссөздер жүргізді.

– «Уральские Авиалинии» 22 желтоқсаннан Екатеринбург – Алматы бағытында қатынай бастайды. Польшаның LOT компаниясымен келісім жасалып, ол 2020 жылдың жазынан Варшавадан Нұр-Сұлтанға жасалатын рейс санын аптасына 7 мәртеге дейін арттыратын болды. Оған қоса LOT 2021 жылдан бастап Алматы бағытында рейс ашады, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Қазақстандық бюджетті тасымалдаушы Fly Arystan 13 желтоқсаннан бастап елордадан Мәскеуге күн сайын рейс орындайтынын да айта кетейік.

Жуық арада Қатардың Qatar Airways авиакомпаниясымен, Біріккен Араб Әмірлігінің Emirates, Fly Dubai авиакомпания­ларымен ұшу бағыттары бойынша жаңа маршруттарды ашу мақ­сатында кездесулер өтпек.

Сөз басында айтып өтке­німіздей, «ашық аспан» ре­жімі еліміздің әуе тасымалы нары­ғына жаңа шетелдік тасымал­даушыларды тартуға, сөйтіп бұл нарықта бәсекелестік ор­нату­ға ықпал етуге тиіс. Жаңа халық­­аралық маршруттар ашы­лып, авиабилеттердің құны тө­мендеп, әуе көлігінің халық­қа қолжетімділігін арттырады, сонымен қатар туризмнің дамуы­на оң ықпал етеді. Шетел­дік ком­паниялардың Қазақ­стан әуе­жай­лары арқылы басқа елдерге ұшуы еліміздің транзит­тік әлеуетін нығайтады деп күтілуде.