Осы тіркес жайлы ойланғанда үнемі біздің көз алдымызға ару шаһар – Алматы оралады. Сол сәтте-ақ жүрегіңді Көктөбенің жып-жылы жазғы самалы сипағандай бойыңды сиқырлы әуен билейді. Кенет Есентай өзенінің ерке сыңғыры жаныңды тербеп, бейсана тәтті мұңның тұтқынына айнала бересің. Сыршыл шайырлар жырлағандай «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған» деп баяу әндетіп кеткеніңді аңдамай да қаласың. Бұл сенің жүрегіңдегі Алматы екенін әлбетте, түсінесің. Сосын риясыз жымиясың.
Алматы – Алашқа қайырлы астана болған, елдігіміз бен егемендігіміздің ақ бесігіндей ару шаһар дер едік. Әр қазақтың жүрегінде өзінің Алматысы бар. Алматы – біріміз үшін алтын зерлі көне қамал шығар, біріміз үшін алма жұпары аңқыған аспалы бақ болуы мүмкін, ал енді біріміз үшін мыңдаған жылдар бойы Алаш баласы аңсап күткен асыл азаттығымыздың бесігі болып тербелген мың бояулы мегаполис.
Қазақ тарихы әр кезеңде өзінің қилы тағдырын Алматымен ұштастырып келеді. Көне кенттің іргесінен табылған Алтын киімді ханзададан басталған ежелгі тарих елдігіміздің берік тұғырына айналған Алматының тамырын тіпті тереңге бойлатты. Алтын Адам – шежірелі Алматының дүние жүзіне танымал бренді. Алтын Адам – Алматының тарихи символы, Тәуелсіздік алаңының ұлы сақшысы!
Алматы сонау сексен алтының ызғарлы желтоқсанында өзін батыр Қайрат, сұлу Ләззат болып қорғаған шерлі шаһар. Алматының Тәуелсіздік алаңына әр Алаш баласы есепсіз қарыздар.
Әлбетте, Алматы – ақындардың қаласы. Заманында Сәкен Сейфуллиндер іргетасын қалап, ұлы Мұқаңдар мен Ғабеңдер кемеліне келтірген Жазушылар одағы Алматының бірден-бір бренді дер едік. Алматы – рух генераторы, сезім музейі. Қазақ қаламгерлері жазған әр шығармада Алматының зор үлесі тұратындай.
Алматы сондай-ақ – қаламы шабыт, қадамы шабыс тілеп тұратын журналистердің сәнді ордасы. Бір ғана «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген асқақ сөз қаншама ұрпақтың жадында жаңғырып келді. Алматы – ұлы мұраттар мен биік мақсаттарға баспалдақ бекет ретінде бұдан әрі де жасап, жаңара беруі керек.
Алматы – ең бастысы Алаш баласы аңсап жеткен азаттыққа қол жеткізгенде байрағымызды көтеріп, байтағымызды бекіткен қасиетті астанамыз ретінде бағалы! Мұны Тұңғыш Президент – Елбасы өзінің әр сөзінде үнемі зор махаббатпен, үлкен жауапкершілікпен айтып отырады.
Алматы төрінде рухымыз түлеп, ұлттық санамыз салтанат құрды. Алматы көшелерінде ұлы қолбасшымыз Абылай хан, ұлы хакіміміз Абайдан бастап ел тарихына есепсіз еңбек сіңірген даңқты тұлғалардың ескерткіштері алғаш бой көтергені де тың тарихтың жаңа парақтары сияқты.
Жалпы, Алматының символы – әрине, Алматы апорты. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Иісі жұпар, дәмі шекер, түсі нарт қызыл жемісте Алматының бүкіл жұмбағы жасырынып тұрғандай сезіледі. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алматы апорттың Отаны екенін және оның Алатаудың баурайында өсетінін мақтанышпен айтқанда әлем назары Алматыға тағы бір мәрте жалт қарағандай болды!
Белгілі ғалым Бэрри Джунипер «Алмалар тарихы» атты кітабында, ал ұлыбританиялық жазушы Кристофер Роббинс «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» атты кітабында алманың Отаны Қазақстан екенін атап көрсеткенде біз Алматы феноменіне жаңа көзқараспен қайта үңілу керегін түсіндік.
Мыңжылдық тарихы бар мегаполистің бүгінгі келбеті тіпті өзгеше. Табиғаты әсем, тарихы терең рухани елордамызды әр қазақ көзінің қарашығындай қорғап жүруі шарт. Бүгінде екі миллионнан астам халық тұратын бай шаһар кейде Қазақстанның ғана емес, әлемнің кіші макетіндей елестейді. Алматы еліміздің рухани берік діңгегі екенін мойындауымыз керек. Алматы – мемлекеттің саяси да, экономикалық та биік көрсеткіші.
Кейде әр қала өзінің жанын сол қалаға ғана тән ерекше белгілерде сақтайтындай көрінеді. Алматы бірде өзінің жанын асқақ Алатаудың биік шыңдарына, енді бірде Көктөбе мен Шымбұлақтың шыршалы келбетіне, я болмаса Жетісудан өріліп аққан асау өзендерге жасырғандай болады. Кейде ғимараттары көкпен таласқан, қарт шыңдарды бөктерлей бой көтерген бұл шаһарда жүректері сыршыл сезімге толы адамдар ғана сүретіндей көресің. Қызық. Биік қала тұрғындарының да талғамы биік, рухтары өршіл болып тұрғандай сезіледі.
Біз бұның бәрін неге айтып отырмыз. Бас басылым бүгіннен бастап ару шаһар жайлы арнайы бет шығаруды жоспарлап отыр. Осы жоба арқылы Алматының әр құбылысын жан-жақты ашуға тырысқымыз келеді. Алматының ішкі өмірі мен жүйелі жұмыстарына кеңінен тоқталуға бұл жоба үлкен платформа сияқты.
Әр қазақ өз Алматысын жырлап өтуі керек дер едік. Алматы – Алаштың екінші аты, екінші тынысы, елдің ең ірі мегаполисі ретінде мәңгілікке асқақтай бермек.