Парламент • 05 Қараша, 2019

Су қауіпсіздігі мәселелері талқыланады

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болды. Парламент Сенатының 7 қарашада болатын отырысының күн тәртібі белгіленді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Су қауіпсіздігі мәселелері талқыланады

Палата отырысында «Қазақ­стан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы» 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады.

Бюрода Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары комитеттерге бөлі­ніп берілді.

«Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып белгіленді.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілді.

Сенат Жоспарына сәйкес 29 қарашада «Қазақстанның су қауіпсіздігі: жағдайы, проблемалар және ұсыныстар» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтетін болды. Парламенттік тыңдауларды өткізу Парламент Сенатының Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді. Бюро мү­шелері осы мәселеге байланыс­ты су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді.

Сенат Төрағасы мемлекеттік және жекеменшік су қоймалары үшін бірыңғай талаптар мен стан­дарттар болуы тиіс екенін атап өтті. «Жекеменшік су қойма­лары мемлекеттік су қоймасы дең­гейінде бақылануы тиіс. Оларға қойы­латын талаптар мен стандарттар қандай, оларды мемлекеттік органдар оларды соңғы рет қашан тексерді?», деді Д.Назарбаева. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылағаштағы қайғылы оқи­ғаны мысалға келтірді. Онда бөгеттің бұзылуы салдарынан 45 адам қаза тапқан болатын. «Оны жекешелендіргеннен кейін меншік иесі бірде-бір тиын сал­ған жоқ. Гидротехникалық жеке құрылыстардың иелері­не ешқандай стандарттар белгі­лен­беген», деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Дариға Назарбаева осыған байланысты су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазіргі заңдарды, нормативтерді және стандарттарды мұқият зерделеуді және оларды жетілдіруге орай ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бюро отырысында сондай-ақ Сенат комитеттерінде қаралып жатқан үшжылдық бюджет те тал­қыланды. Дариға Назарбаева өз сөзінде «Бюджеттің игерілуіне қатысты үнемі көп сын айтылатыны баршамызға мәлім. Рес­публикалық бюджеттің дұрыс қалыптасуы мен орындалуына тек қана Үкімет пен атқарушы органдар емес, депутаттар да жауапты деп есептеймін. Өйткені бұл заңды қабылдайтын  – Парламент. Сондықтан барлық комитеттерге осы маңызды құжатты мем­лекеттік көзқараспен, мұқият, жан-жақты қарауды тапсырамын», деді Дариға Назарбаева.

Салалық комитеттің төрағасы Ольга Перепечина қазір жұмыс топтарында үшжылдық бюджетті талқылау өтіп жатқанын айта келіп, Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы 21 қарашада болатынын және заң жобасы одан кейін палатаның қарауына берілетінін жеткізді.

Жоғарғы палата Төрағасы Сенат материалдары бойынша үздік журналистік зерттеу конкурсының және экологиялық журналистика конкурсының басталғандығы туралы бюро мүшелерін хабардар етті.

 «Конкурстардың мақсаты – журналист мамандығы туралы кеңінен насихаттау және беделін арт­тыру, «Журналистік зерттеу» жанрын дамыту, Сенаттың қыз­меті туралы халықтың хабардар болу деңгейін ұлғайту, эколо­гия саласындағы заңнаманы жетіл­діру, журналистерді көтермелеу», деді Д.Назарбаева.