Зерделік бұл ойындардың барлығы дерлік санадағы сайыс қабілетін шыңдайды. Ал саналық бұл қабілет бұрынғы дәуірде спорт есебінде емес, әскери дайындықтың рухани көрінісі еді. Осыған орай ежелгі дәуірдегі әскери демократиялық қоғам орнатқан аттылар мәдениетіндегі зерделік ойындардың маңызы мен орны қаншалықты және оның қандай үлгісі болды? деген сауалға жауап іздеу өзекті.
Атина (Афины) қаласында жиі болатын сақ данышпаны Анақарыс әйгілі грек билеушісі Солонмен кездесіп, бүгінгі шахматтың түпкі нұсқасы – эллиндік дойбы тақтасын ойлап табады. Аталмыш тарихи жайт дойбы түрлерінің бір танымнан туындағанына меңзейді және бұл ақпарат дойбы біткен гректікі деген тұжырымды жоққа шығарады.
Украиналық дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Евгений Кадниковтың зерттеуіне қарағанда, қиғашжүрісті дойбының шығуы сақтарға тән болған. Бұл дойбыны ойнауға сақ сарбаздары барынша құмар болыпты. Оған итермелеген сол кездегі дала билеушілері көрінеді.
Бізге жеткен тарихи ақпар бойынша ежелгі сақтардың саптағы ең төменгі әскери бөлімі 9 сарбаздан тұрған: шайқас алаңында төртеуі алдыңғы шепте, бесеуі артқы қатарға жайғасады. Артқы бестіктің қақ ортасында тоғызбасы жүреді. Мұнымен ол өзіне қарасты әскери бөлімшені көруге, басқаруға және сардар ретінде өзінің қауіпсіздігіне мүмкіндік алады. Сақтардың майдандағы бұл шебінен хабары мол гректер тоғызбасын өлтіріп, әлгі әскери бөлімшені ыдырату арқылы оңай жеңіске жетумен сақтарды тұйыққа тірей бастайды. Сақтардың бұл ескірген әскери тактикасы құпия түрде қалыптасқан әскери құрамы 9х9 өлшемді тікежүрісті дойбы ойынында көрініс тапқан.
Әскери тактикалық реформаның уақыты келгенін сезген сақтардың сол кездегі қағаны Саулы (Савлий) бұл құрылымды өзгерту арқылы жаңа тактика әзірлеуді өзінің туған бауыры Анақарысқа (Анахарсис) тапсырыпты. Өйткені Анақарыс Грекияда оқып, ғылым мен білімді меңгергендігі өз алдына, оның сол кездегі белгілі өнертапқыштығы мен ойшылдығы әйгілене бастаған еді. Ол өзгерісті сол кезде сақтар ойнаған дойбы тақтасын өзгертуден бастайды.
Анақарыс кемеңгер әскери бөлімшені 9х9 өлшемді тікежүрісті дойбы тактикасын өзгертіп, үш қатарға орналасқан 14 сарбаздан жасақтайды: бірінші қатарда – бес сарбаз, екінші қатарда – төртеу және үшіншісінде – бес сарбаз. Сөйтіп тоғызбасы үшінші қатардың қақ ортасында болады. Кейін осы тактикаға сәйкес сақ сарбаздары құмарта ойнайтын қосбояулы дойбының 9х9 өлшемі өзгеріп, үш қатарлы 5:4:5 түріндегі дойбы тастарының жайғасуы түзілген.
Бұл дойбы қиғашжүрісті болып келеді және ойын алаңы айқышталған жүріс жолымен төртке бөлінген. Әдетте аттылы сарбаздар бір-біріне туралай шауып маңдай түйістіре бетпе бет шабуылға аттанған. Анақарыс сақтардың бұлайша тұп-тура аттандауын доғаруды ұсынып, аттылы сарбаздың маңдайын 45 градусқа бұрып қиялай шабуды жөн санайды. Мұны теңіздік әскери тілмен «галспен/қиғаштап жылжу» дейді, яғни қиялай шапқан сарбаз қарсыластың туралай орналасқан қатарын қапталдан алып сиретуге мүмкіндік алады және де сарбаздар бес қаруды бірінен соң бірін жаппай бір пәрменмен қолдану керек болған: әуелі садақ тартылады, сосын найза жұмсалады, одан кейін сүңгі лақтыру мен айбалта не қылыш, сосын шоқпар. Жауға жақындаған сақтар қоян-қолтық ұрысқа кірісіп, сойыл мен қылышты іске қосқан. Сөйтіп ұрыс даласының ойын тақтасына түсірілуі дүниеге қиғаш жүрісті үш түсті дойбыны әкелген. Анақарыстың бұл тактикасы жаудың зәресін ұшырған көрінеді.
Бізге жеткен жазба аңыздарға сенсек, кемеңгер Анақарыс (анық ойлы деген лақапат болуы керек деп топшылаймыз) патшалық сарбаздар, яғни тоғызбасыларына үштүсті осы дойбыны ойнатып, ақыл-ой дағдыларын шыңдаған. Бұдан соғыс тактикасы мен оның дойбылық үлгісінің құнын жақсы сезген сақ патшасы ойын тақтасы мен ережесін құпия ретінде жариялап, онымен тек сарбаздарды ойнатқан. Оның былайғы жұртқа таралуы мен ашық ойналуына қатаң тыйым салған. Саулы қаған Анақарысқа барлық қолбасылар мен сардарларды үйретуге бұйрық еткен. Осылайша сақтардың әскери-тактикалық ой жүйесі тақтаға түсіп, астыртын зерделік спортқа ұласқан. Демек, ақыл спорты Ұлы далаға жат емес, тіпті сол Дала дойбының шығу төркіні болған сыңайлы.
Е.Кадниковтың ежелгі жазындылардан келтіруі бойынша, б.д.д. 596 ж. Анақарыс ежелгі Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, грек дойбышыларын ұтып, сақ данышпаны ежелгі Грекиядағы өзінің мәрмәр мүсінін қойғызуға еңбек сіңірген бірден-бір далалық жігіт екендігі мәлім болып отыр.
Маңғалатектес біздің тағы бір ойынымыз бар, оны бүгінде «тоғызқұмалақ» атаймыз. Қырғыздар «тоғызкөргол» дейді. «Көргол» – маңғолша құмалақ деген сөз. Біздің ойын деуге бүгінде даладағы таста қашалған ойын тақтасы ғана емес, хакім Абай Құнабайұлы ойнаған тастың Жидебайдағы қорық-үйде сақталған ағаш тақтасы куә. Яғни, бұл ойын қазақ элитасының бірден-бір зерделік атрибуты болған. Бұған қоса айтарымыз, аталған ойын Абай тұсында тоғызқұмалақ емес, «тоғызат» аталған. Бұл атауға патшалық Ресейдің шендісі әрі қазақ-қырғыздың этнографиялық мұраларын зерделеген Тоқмақ қаласының әміршісі Г.С.Загряжскийдің 1874 жылы «Туркменские ведомости» журналында жарық көрген «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» жинағындағы шағын «Тогуз ад» мақаласы куә.
Сақ дойбысы мен тоғызат ойынын далалық танымдық өлшемді әйгілейтін бірден-бір айғақ ретінде тануымыз керек. Екі ойынды біріктіретін сол айғақтарды атап өтейік. Біріншіден, сақ дойбысы арқылы майдандағы дала әскерінің тоғыздан құралған ең кіші звеносын ескерсек, күні кешеге дейін қалыңмалды тоғызбен есептеген өлшемді алсақ, бұл далалық таным кемі үш мың жыл бойы үзілмей келеді және мұның бір көрінісі тоғызөлшемді сақ дойбысы мен тоғызат ойыны дер едік. Бұл зерделік ойындар бір қауымның, бір кеңістіктің және біртұтас зерденің туындысы деуге айғақ болмақ.
Екіншіден, сақтардағы әскери құрылым тоғыз сарбаздан басталса, далалық тоғыз тайпаны біріктірген хандық мемлекет тоғыздық саяси бірліктен құралған. Осыдан келіп, тоғыз оғыз, тоғыз оба, тоқсоба ұғымдары орныққан. Тоғыз тайпадан тұрған хандық барынша орнықты да мықты әрі болашақ қағанаттың негізін қалаған.
Үшіншіден, тоғызаттың тақтасы әскери демократиялық мемлекеттің жүйесін танытады: ежелгі таным бойынша киелі 9 санына иек артқан аттылар қоғамы басты шешуші мәнді 9 санымен сипаттаған да, мемлекет құрушы елдер/тайпалар санын да тоғызбен есептеген. Абай ортасы ойнаған тоғызат ойынының тақтасы тоғыз отаудан тұратын тоғыз тайпаның тұтастану көрінісі мен екі хандықтың өзара шайқасын байқататын ойын алаңы. Жеңгені халықты қырмайды, басқа ойындардағыдай «жемейді», қосып алып тұтастырады. Бұл – далалық таным мен даналыққа тән тұжырым.
Төртіншіден, тоғызат ойынының басты атаулары аттылар қоғамына тиесілі, әсіресе жылқыны дәріптейді. Ойын тақтасындағы түркілерге ортақ отау атауларын біріктірсек, атты қоғамның ойлау жүйесін ғана қанағаттандыратын тоғыз атаудың тоғызы да аттылар қауымына тән сөздік қорға назар аудартады: маңдай, көкмойын, қандықақпан, белбасар, бел, атсыратар, тектұрмас, арт/құйрық.
Сайып келгенде, Абай Құнанбайұлы – сонау Анақарыс дәуірінен бұрын келе жатқан құндылықтардың жарқыншағы іспетті тоғызат ойынын бізге аман жеткізген зияткер тұлға. Сақ дәуірі мен бүгінгі заманды жалғап тұрған тоғызат ойынын жеткізуші әрі дәріптеуші ойшыл – Абай. Ол – қазақтың тоғызат ойынына қатысты мұрасының куәлігін жеткізіп кеткен куәгер. Тоғызатқа қатысты тарихи жазбаларды есептемегенде, ұлттың төл куәлігі ретінде сол Абайдың классикалық тақтасын ғана алға тарта аламыз. Бұл тақта Анақарыс пен Абай дәуірлерін тұтастырып тұрған тарихи бірден-бір далалық атрибут.
Серік ЕРҒАЛИ,
мәдениеттанушы