Қоғам • 05 Қараша, 2019

Мемлекеттік қызметкерлер салыққа салғырт қарай ма?

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті меншік салығын төлеу бойынша міндеттемелердің орындалу барысына арнайы талдау жүргізді. Нәтижесінде жеке меншікке салынатын салыққа байланысты борышкерлер тізімінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілер көш бастап тұрғаны анықталған.

Мемлекеттік қызметкерлер салыққа  салғырт қарай ма?

Бір қызығы, меншікке салық төлеуге салғырт қарай­тындардың дені полиция қызметкерлері мен әс­кери қызметшілер екен. Шаһар­дың кірістер органдары мем­лекеттік қызметкерлердің тұр­ғы­лықты мекенжайы және жұмыс орны бойынша па­й­да болған берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама да жіберген.

Мәселен, меншік салығы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде ішкі істер органдарының 289 қызметкері, әскери бөлім­дердің 218 қызметкері, қар­жы құрылымы саласында еңбек ететін 67 жеке тұл­ға жеке мүлік салығын кешік­тір­ген. Мамандар борышкер­лер тізімінде әкімдік қызмет­керлерінен бастап басқа да мемлекеттік орган өкілдерінің барын айтады.

– Меншік салығын төлеу мерзімі қазан айының алғаш­қы күні аяқталғанын еске саламыз. Жеке тұлғалар­дың көлік құралдарына биыл­ғы салынатын салық жел­тоқ­санның соңына дейін төленуі тиіс. Егер уақытында төленбеген жағдайда қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Сонымен қатар елімізде 2019 жылдың 16 шілдесінен бастап салықтар бойынша өсімпұлдарды есептен шығару және жеке тұлғалар үшін салықтық ра­қымшылық жасау туралы Заң күшіне енді. Осылайша 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін салық кезеңдері үшін салықтың негізгі сома­сын төлеген жағдайда өсім­пұлды есептен шығару жолы­мен жүргізілетін салық­тық ра­қымшылық туралы са­лық төлеушілер мен жеке тұл­ғалардың қаперіне жеткізгіміз келеді, – дейді Алматы қаласы бо­йынша Мемлекеттік кіріс­тер департаментінің мамандары.

Осыған байланысты пайда болған берешекті шектеу және өзге де мәжбүрлеп өн­діріп алу шараларын қабыл­дауды болдырмау үшін құ­зырлы орган миллион­дар тоғысқан мегаполис тұрғын­дарын мемлекет алдындағы міндеттемелерін уақытында орындауға, сондай-ақ жүргі­зіліп жатқан салықтық талаптарды пайдалана отырып, жинақталған борыштардан босатуға шақырды.

 

АЛМАТЫ