Аймақтар • 05 Қараша, 2019

Радиотолқындағы туризм

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінің туризм сала­сындағы жетістіктері жетерлік. Тарихи аймақты туризм орталығына айналдыру басты назарда. Әсіресе Әулиеата жеріне саяхаттап кел­ген шетелдік туристердің өңір тарихына деген құрметі жоғары.

Радиотолқындағы туризм

Алайда, заман талабына сай кез келген келушінің өз бетінше өңір туризмі туралы ақпарат алғаны дұрыс. Бұл ретте Жам­был облыстық туризм басқармасының тапсы­рысымен елімізде тұңғыш рет Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында «Тараз – Алматы» және «Тараз – Шым­кент» автожолдарының кіреберіс доға­ларына 88,8 FM радиотолқыны орналастырылды.

Енді ежелгі Тараз шаһарының батыс және шығыс қақпаларына орнатылған радио­тол­қыннан көне қалаға келуші қонақтар да, турис­тер де көлікте келе жатып-ақ өңір туризмі туралы барлық ақпаратты тыңдай алады. «Аталған радиотолқында қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде туристік ақпараттық аудио­роликтер трансляциясы іске қосылған. Сонымен қа­тар мұнда өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асыратын «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы туралы ақпарат та тұрақты түрде беріліп тұрады», дейді басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Аталған қосымшада өңірге келуші туристер мен қонақтарға облыстағы негізгі 33 тарихи-мә­дени орын мен қонақүйлер, тамақтану кешен­дері мен шипажайлар туралы қазақ, орыс, ағыл­шын, түрік және қытай тілдерінде ақпарат беріледі. Өңірге келуші барлық турист бұл ретте өз таңдауын жасайды. Ал шетелдік турис­тер сол қосымшадағы сөйлеу сөздігімен және экс­курсиялық маршруттарды құрып беретін интерактивті картаны қолданып, әр нысанда орнатылған арнайы QR-кодтарды да өздерінің ұялы телефондарына сканерлей алады. Сол арқылы кез келген турист арнайы орнатылған аудиогидтен толыққанды ақпарат алуына болады. Бір сөзбен айтқанда, тілі де, тұрмысы да бөлек шетелдік туристер үшін Тараздағы бұл бастама барлық қажеттілік үшін қолжетімді болып тұр.

 

Жамбыл облысы