Замандас
Ұмытпасам, сірә, жазушы Кәдірбек Сегізбаев болуы керек, біздің ұрпақты алдымен “өртеңде өскен гүлдерге” теңеген. Шындығы сол, өткен ғасырдың алғашқы жартысын жайлаған, талай қазақ шаңырағын ортасына түсіріп, түтінін өшірген алақұйын аласапыран мен ашаршылық, жүздеген мың боздақтың өмірін қиған ғаламдық алапат екі соғыс біздің ұрпақтың өмірін өксітпей кеткен жоқ. Олардың тағдыры мен тіршілігіне ықпал етпей өткен жоқ. Тегінде алдыңғы буынның өмірі мен кешкен күйі кейінгі лектің тағдырына шалығы мен шарпуын тигізбей қоймайды, бұл аралықта, қалаңыз-қаламаңыз, сиырып, сызып тастауға есе-теңдік бермейтін сабақтастық жатыр.
“...Сол бетімше практикаға келе жатып, жолда, поезд үстінде түс көрдім. Жылдың, күннің қай мезгілі екенін ажырату қиын, үйде әкем екеуіміз ғана екенбіз... Мен оның жүзіндегі ұсақ әжімдеріне, көзіндегі шуақты жылы сәулеге дейін мейлінше айқын көремін. Кенет мен әкемнің жүзінде мұң бар екенін аңғардым. Менің де көңілімде әлдеқандай мазаң сезім бас көтеріп, жүрегімнің әлденеден сыздағандай болғанын сездім... Оянып кетсем, көзім мен жастығым су. Содан көпке дейін әкемнің жылдар алға жылжыған сайын бірте-бірте көмескілене бастаған аяулы бейнесін қайтадан көз алдыма елестетуге тырысып, кеудемді сағыныш, өксік кернеп, жаңағы түсімді еске алып жаттым”.
Жазушы Болат Бодаубайдың “Май жаңбыры” повесінің лирикалық кейіпкері Бақыттың басындағы бір сәттік күйді бөле көрсетуіміздің өзіндік сыры бар. Білуімше, бұл автордың өзінің жеке басының тарихы, керек десеңіз, тағдыры. Отызыншы жылдардың соңында – қырқыншы жылдардың басында дүниеге келген әкелерін бірі көріп, бірі көрмей қалған, көбісі жөргекте қалған, бүгінде өздері әке, ата болған, әлі күнге дейін естеріне түскенде, жүректерін сағыныш сыздатып, жандары жабырқау күйге түсетін шерменде ұрпақтың тағдыры.
Тағдыр деген ұғымды құрайтын қоғамдық құбылыстар мен жағдаяттардың ағысы, өскен ортасы мен отбасының өнегесі мен ықпалы, уақыт ығыты Жамбыл облысы Шу ауданында мектеп бітірген, қабырғасынан күн көрініп тұрған он алты жасар өскінді алды-артына қаратпай қолына комсомолдық жолдама ұстатып, Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты екпінді құрылысының қайнаған ортасына күмп еткізіп тастап келіп жібереді. Еріксізден балаң Болатты тентіретіп, айшылық алыстағы бір қиянға алып келген қандай күш деген ойға қаласың? Бұл не өзі, еліктеу ме, елігу ме? Әйтеуір талай жасты ентелетіп, ереуілдетіп қойған не күш?
– Мен екпінді құрылыста өткізген екі жылымды жалған ұранның жетегіне ертіп жіберген зая кеткен жылдар деп санай алмаймын. Бүгінгі күннің биігінен, қазіргі өмір тәжірибемнің өресінен қараған күннің өзінде мен бұл құбылысты әбестік, әуестік демеймін. Мен мұны үлкен өмір мектебі деп білемін. Біз адасқан да, алданған да, арбалған да ұрпақ емеспіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап мен қатарлас талай жастар осында үлкен өмір мектебінен өтті, оң-солын таныды. Біз уақыт пешенемізге жазған ғұмырымызды кештік. Рас, қиындықтарға ұшырастық, шаршап, діңкелеген кездеріміз де болмай қалған жоқ. Бірақ көптеген құбылыстардың шынайы бағасын бағамдауға үйрендік. Өміріміздегі өзімізге қол, шама-шарқымызға, қабілетімізге лайық кәсіпті таңдауымызға да, дұрыс ұйғарым жасауымызға да сеп болған да, сын болған уақыт. Рудныйға комсомолдық жолдамамен келіп, менімен бірге жұмыс істеген бүгінгі белгілі публицист Нұрмақан Оразбеков те осында жүріп өмірлік оңды дәріс алғанына да көзім әбден жетеді, – Бұл Бөкеңнің өзінің айтқаны.
Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының соңына таман қазақ әдебиетіне келген қуатты толқынның (Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков, Ә.Тарази, Р.Тоқтаров және т.б.) ізін ала қауқары алдыңғылардан бір кем емес келесі қайратты лек (Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, О. Бөкеев, Т. Әбдік, Д. Исабеков және т. б.) келеді.
Тағдыр таңбалаған сол ұрпақтың бір өкілі – Болат Бодаубай, менің пайымдауымша, ең алдымен күн тынысына тынымсыз құлақ түретін, оған іле сергек тіл қататын, сол арқылы ертеңгіні сәтінде ой елегінен өткізуге қарымы қаптал, осы сөздің тура да тамаша мағынасында, өмірдің өтінде піскен, қайыңқаптал газетші. Қалғанының бәрі де содан өрбиді. Оның “Май жаңбыры” повесінің алғашқы беттерін ашқан сәттен-ақ алдымнан ғайыптан баспахана бояуы аңқып кеткендей халде болғанымды жасыра алмаймын. Менікі уақыт өткеннің бәрін алтын түске бояйды дейтін пайымның жетегінде кеткендік те емес, немесе газеттің әр жолы линотипте теріліп, беттелетін, қорғасынға құйылып, ротацияға басылатын айрықша бір ауанды аңсағандық та емес, өзімді өзім алдамай-ақ қояйын, әлгіндей әсершіл сезімдерді бастан кешіруім де мүмкін, дегенмен, ең бастысы, мен сол алпысыншы жылдардағы кез келген редакцияның шығармашылық ұжымының шыншыл суреттелген тіршілігімен, журналистердің ежелден таныс бейнелерімен қайта кезіккендей күй кештім. Салқын ақылдың сарабына салатын болсақ, сөздің құдіреті де, сірә, өткен болмыстың сәттерін қылауын түсірмей, алдыңа көлденең тартуында, оқырманын сол уақытпен ұшырастыруында жатқан да шығар. Сол кезеңде солай болғаны рас. Анау Бөпежанның, Ағзамның, Боранбайдың, Қабдолланың кез келген журналистік ұжымның арасында жүргені де рас. Бәрі де қаз-қалпында.
Болат Бодаубай бояуды ешқашан қалың етіп жақпайды, әрі сөздерді сырлап, сыңғырлатып қоямын деп те әуре-сарсаңға түсіп жатпайды, кейде келте қайыратын секілді, бірақ іркілмей сөйлейді, кібіртіктемей, үзіп алмай, ойын жұмырлап, еркін жеткізеді. Содан кейінгі жерде автор шығармаларының астарында, жоғарыда айтқанымыздай, тіршіліктің өз суреті секілденіп, әрдайым бір деректіліктің жататынын аңғарғандай болатынымызды айтуымыз керек. Әлбетте, болмысты әсірелемей, тура қалпында жеткізем десе, ол жазушының өзінің құқы, тек қана көркемдігіне қылау түсірмей, жайдақтық пен жалаңдыққа ұрынып қалмаудың, талғамсыздыққа ойысып кетпеудің амалын қарастыру керек. Шүкіршілік, ол бұл солқылдақ көпірден де тайғанамай, сүрінбей емін-еркін өтеді, есесіне көпсөзділікке бармайды, оқырманын оқиғасының жиілігімен, шыншылдығымен тартып отырады.
Баспасөз негізінен ақпараттық сипат алған, портреттік очерктер мен моральдық-этикалық тақырыптарды қозғайтын деректі көркем әңгіме сияқты жанрлар ығысып, сұхбат сынды, хабарлама сипатындағы мақалалар алдыңғы кезекке шыққан бүгінгі таңда тағылымдық сипаты мол көркем публицистикаға қайта оралудың, оны тереңірек зерделеудің қажеттілігі зор дер едік. Бұл тұрғыдан келгенде, Болат Бодаубайдың “Қарт тергеушінің әңгімелері” повестер дестесі де көркем шығарма мен көркем публицистиканың шебер астасқан үлгісі ретінде қарастырылуға тиіс деп ойлаймыз. Бұл туындыларда өмірде орын алған нақты оқиғалар шынайы көркемдік деңгейге көтеріле, шымыр суреттеледі.
Мұндайда жазушының дерекке сүйене отырып та бір тыныспен ілкімді жазуының сыры, сірә, оның біраз жылдар жауапты партиялық лауазымды қызметте болуының әсері ме екен деген де ойға қаласың. Білімің мен білігіңді, тәжірибең мен тәртібіңді, қажырың мен қайратыңды аямай жұмылдыруыңды қажет ететін, зілмауыр жүкті иініңе артатын мемлекеттік қызметті және жаратылыс зейінің мен санаңа, жүрегің мен көкірегіңе дарытқан қабілетіңді қапысыз жұмсауыңды талап ететін туындыгерлік жұмысты қатар алып жүру – оңай емес. Бұлар антагонистер ме, әлде бұл екеуін бітістіруге бола ма, жақын салалар ретінде біріне-бірі салқынын, теріс әсерін тигізбей ме, журналшының ілкімді асығыс қалам сілтеуі жазушының бабымен жағатын бояуын көмескілемей ме, әлде олардың біреуін екінші үшін құрбандыққа шалуға тура келе ме? Бұл-дағы әлімсақтан әдібін таптырмай келе жатқан қиын түйін. Мүмкін, ең дұрысы – қабілетті адам қандай істе де қабілетті дейтін тұжырым ба екен?! Бұл жерде тындырымды да тиянақты адам қандай шаруаның да қыбын табады деген қисын дұрыс па екен?
Бірталай жылдар республиканың ең танымал басылымдары – “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) мен “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеттерінде қатардағы тілшіден бастап сатылай өсіп, беделді басшылық қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған, баспасөздің қыр-сыры мен құпиясына бір адамдай қаныққан Болат Бодаубай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөліміне жауапты қызметке шақырылады. Міне, осы орайда тағы да ойға қаласың, бұл бертінде өзіміз саяси тұрғыда “тоқырау” атандырған кезең, әйтеуір, бұрынғыдай “басқа-көзге” көпе-көрінеу төпелеу жоқ, әсіре саясатшылдық саябырсыған, сабырмен салмақтап жұмыс істеуге көшкен кезең. Бөкең бүгін соған шүкіршілік етеді.
“ – Тағдыр бізді аяған сияқты. Ол бізді артынан өкінетіндей, іш құса болатындай залалды шешім қабылдауға мәжбүрлеген жоқ. Біздің алдымыздағы партия қызметкерлері бастарынан кешкен “алдым жар, артым соқпақ” дейтін, талас-тартысқа толы кезеңге ұшырағамыз жоқ, олардың кейбірі құсап, біз “жоғарғының” кәріне, алғысын алмай-ақ қоялық, бірақ төменгінің қарғысына ұшырағамыз жоқ, біз әжептәуір жылынған кезеңде өмір сүрдік. Қалай болғанда да ұжданыңа салып, еліңе азды-көпті пайда тигізетіндей уақытта қызмет атқардық. Бүгінгі ұрпақтың бетіне жанарымызды жасырмай қарай алатындай істер тындырдық. Біздің ұжданымыз таза”, – дейді ол.
Экономика саласындағыдай емес, руханият аясында “тоқырау” болған емес. Жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басы – республикамызда баспа ісі қауырт дамыған уақыт. Бұл, әлбетте, сол кездегі шешуші билік орындарында отырған ұлтжанды азаматтарымыздың, Баспа және полиграфия істері жөніндегі комитет басшылығының үлкен ұйымдастырушылық жұмысының жемісі еді. Сол тұста мен Бөкеңмен Орталық партия комитетінде біраз уақыт қызметтес болдым.
Орталық Комитеттің Насихат және үгіт бөлімінде әрбір қызметкердің алдына айқын міндеттер қойылатын, әркімнің өзіне бекітіліп берілген қадағалайтын тұрақты саласы болатын. Әр қызметкердің өзі қадағалайтын саладағы істің жайын, ондағы моральдық-психологиялық ахуалға дейін бес саусағындай білуі және ол туралы кез келген сәтте жоғарыға толымды мәлімет беруге әзір тұруы шарт еді. Таусылып бітпейтін ағымдағы, күнбе-күнгі шаруалар өз алдына...
Республиканың қоғамдық-саяси кітаптар шығаратын белді “Қазақстан” баспасының жұмысы туралы ОК-нің Бюросына мәселе әзірлеу тапсырылған кезде Бөкеңнің өзіне жүктелген міндеттерді әжептәуір меңгеріп, ысылып қалған кезі еді. Дегенмен, міндет жүгі де бел қайыстырарлықтай тым салмақты болатын. Сонымен қатар бұл көрсетілген зор сенім әрі зор жауапкершілік. Әріптесімнің күн демей, түн демей еңбек еткені, үстелінің үстінде үйіліп жатқан кітаптардың арасында төбесі ғана көрініп отырғаны, ойланып-толғанып жұмысының басым бағыттарын белгілеген жоспар жасағаны, оны басшылықпен үйлестіргені, негіздегені, дәлелдегені; түсіністік тапқанда – қуанғаны, кедергіге ұшырасқанда күйінгені – қаз-қалпында есімде қалыпты. Бір баспаның, соның өзінде ең үлкен баспаның біраз жылдың бедерінде шығарған кітаптарын саралап, екшеп баға беру оңай болып па, онсыз да сидам Бөкең аз уақыттың ішінде мүлде сылынып шыға келген, біраз жылдан бері қойып кеткен шылымын қайтадан ерніне қыстырғанына да куә болғамыз, жымиып қойып: “Апырай осы зорығып кетпесек жарар еді” деген әзілімен қан қысымы төмендеп, пісек алғанын да көргеміз. Былайша айтқанда, бұл қарбалас та қауырт қызметтің бір фрагменті ғана...
Бертінде, алып империя ыдырағаннан кейін, құдіретті билікші партия даралық сипатынан айрылғаннан беріде кемсіткісі, кішірейткісі келетін реңкі бар “партийный функционер” – “партияның уәзипашысы” деген мағынада айтылатын атаудың пайда болғаны рас. Ендігі жерде осы ұғымға басқа қырынан көз салып көрелікші. Жалған пафосқа бармай-ақ қоялық, дегенмен сол “уәзипашыларымыздың” өзі уақыт пен тағдыр таңдауы өздеріне түскен, сол қатарға формальды тұрғыда дегеннің өзінде қоғам алдындағы кәсіптік қызметі, былайғы жұрттың оның адамдық кескін-келбеті жөніндегі түсініктері терең ескеріліп, ол еңбек ететін ұжымның, содан кейін кемінде беделді деген үш адамның кепілдемелері әбден екшелгеннен кейін барып қабылданатын. (Задында бұл үлкен әлеуметтанушылық зерттеудің мәселесі. Бұл жайында білікті ғалым марқұм А.А.Зиновьевтің “О бюрократизме в советском обществе” деген еңбегінде жан-жақты жазылған).
“Қызығы сол, өзінің пікірін дұрыс санаса, онда бітті, Бөкең көзілдірігін көтеріп қойып, қыр соңыңнан қалмай ығыр қылады. Ақыры айтқанын орындатып тынады, әрі пікірі оң болып шығады”. Бұл сол кездегі баспасөз секторының меңгерушісі, ойын астарлап сөйлеп, айғайсыз, зілсіз әзілмен жеткізуге тырысатын салиқалы кісі Виталий Валерьевич Энголидің пікірі.
Витекеңнің (ол кісіні қазақы мақамға салып, солай да атай беретінбіз) сөзінде шындықтың үлкен ұшығы жатыр. Принципті мәселеге келгенде, Бөкең өзінің көзқарасын қолдан бермеу үшін көзілдірігін бір көтеріп қойып, алдымен майда қоңыр әзілге басады, сосын жайлап қана бір күліп алады, артынша әуенін өзгертіп, арыдан орағытады, жобасы іске аспай бара жатса, араға “пауза” салып, оңтайлы сәтін тауып, иландыруға көшеді, нәтижесі неғайбылға айналып бара жатса, тақымдаудан тайынбайды. Осындай сәттерде бір байқағаным, Бөкең әсте даусын көтермейді, дағдылы коңыр мақамынан жазбайды. Сол әдісімен-ақ жоғарыға “айқас кілеміне” шақырылған (газет-журналда қате кетпей тұра ма, мағына бұзған жалғыз әріптің қатаң есепке алынатын кезі, кінәлінің бір қабат жон терісін сылып алу да бар) “басына күн түскен” талай әріптесті арашалап қалған кездері бар. Көз көрген мен болмасам, оны көп адамдардың білмеуі де мүмкін.
“Қайнар” баспасының директоры марқұм Хайдолла Тілемісов ағамыздың “басына бұлт үйіріліп”, әлдекімдер сілікпеге салмақ болғанда, Бөкең: “Құдай-ай, ә, ол кісінің жүрегі ауыратын еді, қатер болмаса неғылсын”, деп күйінгені, арлы-берлі жүгіргені көз алдымда. Ақыры қатер бұлты ыдырағанда “уһ” деп кең тыныс алып, бір желпініп отыра кеткен. Сірә, тағдырдан теперіш көрген ұрпақ өкілдері басқалардың жай-күйін сергек көңілмен сезініп тұратын тәрізді.
Бөкеңнің “сірескен тәртіптің” де адамы емес екенін айтқан дұрыс. Төңірекке селқостық үйездей бастаған кезде амалын тауып ортаға әзіл тастап жіберетін әдеті де бар... Қызыл сенбілік. Күн салқын. ОК-нің бір топ қызметкерлері ағаш отырғызудамыз. Жаурап қалған да жайымыз бар. Лекторлық қызмет атқаратын марқұм Сәбит Бектұров:
– Бөке, шөл бассақ қайтеді, сыраға қалайсыз, – деп күлімсірейді.
– Әй, Сәбит, көздің отын жарқ еткізетін бірдеңең болмаса, мына суықта дірдектеп, бұта іздейтін жайым жоқ, – дейді Бөкең көзілдірігін қағып қалып. Бір серпіліп қалған жұрт күлісіп жатыр. Сөзден жығылған Сәбит такси ұстап, Бөкеңнің сол кезде тапшылығы анық білініп тұрған тапсырмасын орындауға кетті...
“Жанып кете беретін” біздердей емес, Бөкең ұйымдастырушылық қызмет үшін жаратылған жан секілді. Ол жұмысын өрекпіп, өртеніп істейтін адамдардың санатынан емес, арыны аңдап, аңысын аңдып, иін әбден қандырып істейтін адамдардың санатынан. Сол бір кітаптар тақырыбы, көркемдігі кеңінен екшеліп, жоспар бойынша қатаң түрде кезегімен ғана шығарылатын кезеңде сол жоспарға кірудің өзі күш. “Жалын” баспасының мүдірі болып тағайындалған Болат Бодаубай кітаптары сүрленіп жатып қалған біраз балғын дарын иелерінің “бағын ашқан”. Қағаздары сарғая бастаған қолжазбаларды жеке өзі оқып шығып, өтілі жеткен шығармаларға есе теңдік әперген. Бүгінде әлгі жас талаптардың біразы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қабырғалы қаламгерлерге айналып отыр.
Тегінде, қандай қызмет атқарса да, Болат Бодаубай бойындағы білігі мен білімін, тәжірибесі мен қабілетін, ынта-ықыласын нысаналы нәтижеге жету жолына жұмсайды. Бұл орайда ол алдымен басшы ретінде талапшыл бола отырып, бағыныштыларының бойындағы қарымын оңды пайдалануға, дұрыс арнаға бағыттауға тырысады, оларға қиянат жасап алмауға тырысады.
Республикалық “Казкнига” кітап саудасы бірлестігінің Бас мүдірі қызметіне келген Болат Қамиұлы алдымен осы мекеменің атауын қазақшалап қайта бекіттіруге көп күш жұмсайды. Жоғары жаққа жасаған ұсыныстары алғашында біразға дейін қабыл алынбай жүреді. Оған Бөкең мойыған жоқ. Тіке маңдайдан шабуылдаудан ештеңе өндіре алмаған ол орай шабуға көшеді, ендігі жерде ұранының астына жақтастарын топтастырып, бүйірден тиіседі. Сөйтіп, оңтайын тауып, оны “Қазақкітап” атандырып тынады.
Бастапқыда қазақ кітаптарының таралымын көбейте алмай біраз әуреленеді, осы мәселенің ұтымды жолдарын іздестіруге кіріседі. Содан кейін, таралымды көбейтудің пәрменді амалы ретінде республикамыздың облыстарын аралайды, көршілес Өзбекстанның, Қырғызстанның, Ресейдің қазақтар шоғырлана қоныстанған аудандарына сапарға шығады, Қарақалпақстанға барады, сыртта жүрген бауырлар үшін ақын-жазушыларды, көркемөнер шеберлерін шақырып апарып, мазмұнды кездесулер өткізеді. Бұл шаралар игі нәтижелерге қол жеткізеді. Сол тұста кітаптардың таралымы едәуір көтерілгенін білеміз. Қаламгерлер қауымының өздерінің ел кезіп жүріп, там-тұмдап таралым жинауға мәжбүр болған әуре-сарсаңнан құтылатын кезі осы тұс. Мұны айтып отыруымыздың бір сыры бүгінгі күні де осы тәжірибені пайдалануға болар ма деген ой.
Қарбалас әрі қауырт жұмыстың құрсауында жүріп те Болат Бодаубай қара қалам, ақ қағазбен сырласуын доғарған кезі болған емес. Оның шығармашылығындағы ерекше бір тұшымды дүние – “Қарт тергеушінің әңгімелері” повестер дестесі осы кезде дүниеге келген. Оған кірген “Күлжәміш”, “Шегебай мен Алдаберген”, “Жамал”, “Прокурордың ажалы” мен “1932” повестері әрқайсысы жеке дара дербес шығармалар болғанымен, бәрі де бір тақырыптың аясында топтасып тұр. Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басындағы ет пен сүйектен жаралған пенде баласының иманын қасым ететін сұрапыл зұлматты бейнелейтін кең ауқымды полотно. Әлбетте бір адамның аузымен баяндалатын хронологиялық тұрғыда оқиғалары бірінен бірі өрбіп жататын бұл дестені повестерден тұратын роман деуге де әбден болады. (Роман в повестях дейтін жанр орыс жазушыларында кездеседі). Ендігі жерде автор осы шығармасына қайтадан бір оралып, кеңінен ойлана, толғана келіп, тағы да қырнап, толықтырып деген сияқты, оны кең тынысты, кесек шығармаға айналдыруға тиіс деген ойдан арыла алар емеспін. Ұлтымыздың шеккен қасіреті осыған міндеттейтін тәрізді. Меніңше, автордың қолында бұған қажетті қосымша деректер де, туындыгерлік әлеует те бар секілді.
Болат Бодаубай көркем тәржіма ісімен де құлық қоя шұғылданған туындыгер. Оның белгілі орыс балалар жазушысы Николай Носовтың танымдық және тағылымдық, әрі тәрбиелік мәні мен маңызы зор “Дымбілмес пен достарының бастарынан кешірген хикаялары”, “Дымбілмес Күн қаласында”, “Дымбілместің Айға саяхаты” романдарын, сондай-ақ Юз. Алешковскийдің “Кіш, Қоспортфель және бір аптадағы оқиғалар”, “Кіш екеуміз Қырымдамыз” повестерін ана тілімізге тәржімалаған кезде, жас өскіндерді ашқұрсақ қалдырмау қамын ойлап, үлкен мұратты көздегені айқын сезіледі. “Незнайканы” “Дымбілмеске” айналдырған жазушының тәржімашылық шеберлігі туралы әңгіме – алдағы уақыттардың да еншісі.
...Журфактың он тоғыз жастағы студенті Болат Бодаубаевтың елді елең еткізген, тіпті дүрліктірген деу керек те шығар, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” атты мақаласының “Лениншіл жаста” жарияланғанына да тура жарты ғасыр уақыт өткен екен. Бұл қатары аласапыран ашаршылық жылдары мен алапат соғыс салдарынан селдіреген қазақ жұртының қасиетті тілінің басындағы қатер бұлты бұрынғыдан да қоюлана түскен кезең. Елуінші жылдардың басында “ұлтшылдық” таңбасы таңылған тарихшылар Е.Бекмаханов пен Б.Сүлейменов, әдебиетшілер Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов абақтыға қамалатын, академиктер Қ.Сәтбаев пен А.Жұбанов қызметтерінен қуылатын, ал қызметсіз қалған М.Әуезов Мәскеу кетуге мәжбүр болатын, ұлттық санаға тағы да бір жойқын шабуыл жасалатын кезең.
Содан кейін тілге келесі бір жымысқы соққы әзірленеді. 1957 жылы қазақ газет-журналдарын орыс тілінен аударма басылымдарға айналдыру әрекеті жасалып, ана тілін әлсірету үшін тағы да бір тұзақ құрылады. Бұл қарекеттің арғы астарын аңдап, қарсы шыққандарға қамшы жұмсалады (Көп ұзамай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Ж.Тәшенов, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы С.Мәуленов және т.б. біраз лауазым иелері қызметтерінен шеттетіледі). Сондай уақытта балаң қаламгердің туған тілінің тағдыры мен тазалығын ойлап, толғақты мәселенің төңірегінде қалам тербеуі – шынында да ерте есейгендігінің, азаматтық тұғырының бекігендігінің, керек десеңіз, үлкен батылдығының белгісі еді. Осы мақаладан кейін кейбір газеттер мен журналдар арнайы тапсырыс бойынша жарыса жазып, шаңын қаққан жас ұлтшыл тілін қорғаудың басқа тәсілдерін таңдауға мәжбүр болған. Ол ендігі жерде тілдің тікелей өзіне қызмет етуге көшіп, баспасөз органдарында ана тіліндегі шығармалары арқылы ана тілінің абыройын асқақтатуға кіріседі. Осы жерде оның қаламынан әр жылдарда туып, қалың оқушыларға жол тартқан “Жас жүректер”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Бір үйдің балалары”, “Май жаңбыры”, “Ескі дәптер шерткен сыр”, “Қарт тергеушінің әңгімелері”, “Прокурордың ажалы”, “Таңдамалы” сияқты қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптарын атап шықсақ та оның ғұмыр бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан жазушылардың қатарына жататыны аңғарылады. Оның қазақ кітаптарын кеңінен насихаттау, оның оқырмандарының қатарын көбейту арқылы туған тілінің тұғырын нығайту жолындағы қызметін жоғарыда айттық.
Бертінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратындағы Аударма, редакциялау және Парламент актілерін шығару бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, мәртебесі өскен туған тілінің заңнамалық терминдерін түзуге үлкен үлес қосады. Авторлар ұжымымен бірлесе әрі өзі тікелей ұйтқы болып, 2004 жылы “Заң терминдерінің сөздігін” шығаруға қатысады. Былтырғы жылы “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған, тіл жанашырларын елең еткізген “Мемлекеттік тілді төрге оздырудың мүмкіндігі бар” атты ана тілінің түбірлі мәселелері мен түпкі міндеттері, түйткілді тұстары мен түбегейлі проблемалары туралы жазған салмақты, ойлы мақаласы да оның тілге деген құрметінің дәлелі.
Бүгінде өмірдің жеті белесін артқа тастаған жазушы Болат Бодаубай туралы айтылған әңгімелерді тиянақтай келе, таяуда ғана өмірден озған, қазақ әдебиетінің беделді сыншысы, үлкен әдебиет зерттеушісі, жалған марапатқа бармайтын академик Рымғали Нұрғалидың Алматыдағы “Үш қиян” баспасынан осы таяуда ғана жарық көрген “Толғауы тоқсан қызыл тіл” атты кітабындағы мынадай пікіріне тоқтамай кете алмадық: “Бүгін жазушы Болат Бодаубайды қалың оқырман жақсы біледі. Тұстас қаламдастары біз де жақсы білеміз. Білгендіктен де шығар, жазушы атына журналист деген кәсіби мамандығын қоса тіркейміз. Ризалықпен, сүйінішпен айтамыз. Өйткені лиро-романтикалық сазда талай көркем әңгіме, повесть ұсынып танылған, талай-талай деректі көркем проза туындылары бар жазушының жан-дүние пернелерін басып, табиғи талантын ашқан факторлардың бірі де осы журналистикаға тән ерекшеліктері. Болат өмірбаяны мен шығармалары, байқап-байқап қарасақ, қатар өріліп отырған сияқты. Ол әдебиетке көлденеңнен емес, өмірдің тура өзінен келген жазушы. Оның басты-басты көркем туындыларында ... тазалық, сыршылдық, қаламгерлік көркемдік сипаттарымен бірге қазіргі өмірдің нақты моральдық-этикалық, адамдық-имандық мәселелерінің астасып жүретіні де сондықтан”.
Болат Бодаубай 1975 жылы өнер адамдарының өмірінен жазылған көркем очерктері үшін Қазақстан Журналистер одағының бірінші дәрежелі сыйлығын алған еді. Соңғы жылдарда Бөкең халқымыздың атақты композиторы Еркеғали Рахмадиев туралы сыр-сұхбатқа құрылған “Тұлға” атты кітап жазып бітірді. Оның жеке үзінділері бірқатар газеттер мен журналдарда жарық көріп, жұртшылықтың тәуір бағасын алып үлгерді. Соңғы жарты ғасырдағы халқымыздың мәдени өмірі, музыка өнерінің дамуы туралы, осы салалардағы халқымыздың аса дарынды, біртуар перзенттерінің өмірінен көптеген қызықты мағлұматтар беретін бұл кітабы да жарық көрген соң қалың жұртшылықтың көзайымына айналарына күмәнданбаймыз.
Қаламгер зейнетке шықпайды деген сөз, сірә, шындық шығар.
Кеңес ЮСУП, жазушы.