Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алып, оның 5 мыңға жуығы алғашқы 10 күн ішінде қайтыс болады. Инсультке шалдығатындардың 53%-ы ерлер болса, 47%-ы әйелдер көрінеді. Бұған қоса 37%-ы 41-60 жас аралығындағылар болса, 31%-ы 61-70 жас аралығындағылар екен. 28%-ы 71 жастан асқан қарттарды құраса, 16-40 жас аралығындағылар 4%-ды құрайды. Ал осы жалпы инсультке шалдыққандардың 68%-ы еңбекке жарамды адамдар болып шықты.
Бұл туралы Дүниежүзілік инсультпен күрес күні қарсаңында Ұлттық нейрохирургия орталығы Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы мен Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Инсульттен сақтану жолдары» тақырыбында өткен ашық конференцияда айтылды.
Конференция жұмысына медицина қызметкерлерінен басқа республиканың денсаулық сақтау саласының әлеуметтік қызметкерлері, нейрохирургия орталығының емделушілері, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қатысты. Конференция спикерлері ретінде «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы, доктор Серік Ақшолақов, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру директоры Мағрипа Ембергенова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Тұрақты өкілі доктор Олег Честнов сөз сөйледі.
Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанып, күнделікті дене шынықтырумен айналысқанда және арақ, темекіден бас тартқан жағдайда жүрек талмасы мен инсульттің 80%-ының алдын алуға болады. Сондай-ақ қан қысымын, холестерин деңгейін тұрақты өлшетіп тұру да маңызды. «Әлемде жүрек-қантамырлары ауруынан зардап шегетіндердің қатары артып келеді. Біздің халыққа да дендеп кірген дерттің алдын алу үшін адамдарды ақпараттандырып қана қоймай, нақты бағдарламалардың орындалуын тоқтатпауымыз керек. Салауатты өмір салтын насихаттауды жаппай жүргізуге тиіспіз. Сонда ғана біз нәтижеге жетеміз», деді Серік Ақшолақов.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, қан айналымы жүйесінің аурулары өлімнің негізгі себептерінің қатарына ғана емес, сонымен қатар халықтың медициналық көмекке жүгінуінің және ауруханаға жатқызудың ең жиі себептері де болып отыр. Сондықтан да денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберіне өңірлердегі өлім-жітімнің және басқа да терапевтік аурулардың негізгі себептерінің бірі болған жүрек-қантамырлары ауруының алдын алудың, емдеудің, диагностикалаудың және медициналық оңалтудың тиімді әдістері енгізілген. Сондай-ақ министрлік «Қазақстанда өткір инсульттерді басқарудың интеграцияланған моделін енгізу бойынша Жол картасын» бекіту қажеттілігі туралы стратегиялық маңызды шешім қабылдады.
Жиынға жиналғандардың айтуынша, Қазақстандағы жүрек-қантамырлары ауруының өршуіне темекі, арақтан бас тартпау, тұзды шамадан тыс пайдалану, дене белсенділігінің төмен болуы, сондай-ақ халық арасында холестериннің жалпы деңгейінің жоғарылауы, артериялық қысымның көтерілуі себеп болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстандағы инфекциялық емес аурулардың көрсеткіші Еуропа аумағындағы елдермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Яғни жүрек-қантамырлары ауруы, диабет, обыр және созылмалы респираторлық аурулардан 2015 жылы 100 мың адамның 486-сы қайтыс болса, бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде 100 мың адамға шаққанда 380 адам ғана болған. Дәл осы жылы еліміздің өмір сүру ұзақтығы 72 жас болса, Еуропа елдерінде 77,9 жасқа жеткен.
«75 жасқа дейінгі халықтың өлім-жітімін болдырмау көбінесе инсультке қарсы жүргізілген нәтижелі күреске байланысты болады. БҰҰ-ның 2015-2030 жылдарға арналған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қатысушы елдер, оның ішінде Қазақстан да 2030 жылға дейін өлім-жітімді 30%-ға азайту міндеттемесін алатыны туралы мәлімдеген. ДДҰ Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде инсульт ауруларын анықтауды қолдайды және қазақстандық серіктестерге барынша қолдау көрсете отырып, осы саладағы жұмысты жандандыру қажет деп санайды», деді конференцияда сөз алған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Тұрақты өкілі доктор Олег Честнов.
Конференция кезінде Серік Ақшолақов пен Олег Честнов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі мен Ұлттық нейрохирургия орталығы арасындағы «Ниеттестік туралы меморандумға» қол қойды. Бұл құжатта инсульттің алдын алу және емдеу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы басқа да мәселелер бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу көзделген.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»