Президент • 05 Қараша, 2019

Президент Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваның сапары екі елдің парламентаралық байланыстарын дамытып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті.

–2018 жылы сауда айналымы 2,5 миллиард долларды құрады. Ал биылғы 9 айдың өзінде өткен жылғы нәтижеден артық жетістікке жетіп отырмыз. Соған сәйкес, жыл соңында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымының көлемі де арта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сәуір айындағы Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, өзара сауда айналымын біртіндеп 5 миллиард долларға дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көлік-транспорт байланыстарының, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың даму барысы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

–Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып қана қоймай, сонымен қатар бірқатар мәселелер бойынша бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан біздің өзара ықпалдастығымыз табысты болатыны сөзсіз. Оның үстіне, әріптесім, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен екі ел арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.       

Танзила Нарбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

–Сіздің Қазақстан Президенті лауазымына сайлануыңыз – бұған дейінгі абыройлы қызметіңіздің нәтижесі. Сіз тәжірибелі дипломат, ықпалды басшы ретінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту және экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастырып келесіз, – деді өзбек саясаткері.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ізгі тілегін жолдады.