Қоғам • 06 Қараша, 2019

Кітапхана саласында кілтипан көп

1052 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім беру және мәдени-ағарту қызметінде орны айрықша кітапхана ордалары халықты ақпаратпен, біліммен қамтудың заманауи талаптарына қаншалықты жауап бере алады? Ел кітапханаларының бүгінгі жай-күйін бағамдау мақсатында жан-жаққа сұрау салып көрген едік, уақыт оздырмай шешілуі тиіс бірнеше мәселе айқындалды. Белгілі болғандай, кітапхана ісіндегі ең бірінші мәселе – саланың нормативтік-құқықтық негізінің жетілмегендігі бірқатар қиындық туғызып келеді.

Кітапхана саласында кілтипан көп

2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде қы­рықтан астам көпшілік кітапхана жабылған. Бұл соңғы жылдары ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуінен және өңірлер­дегі кітапхана желісін оңтайлан­ды­рудағы асығыстық салдарынан туындап отырған дүние. Ал Ақмола, Алматы, Аты­рау облыстары мен Нұр-Сұл­тан қаласында ашылған бірлі-жарым жаңа кітапханалар өңір­лердегі қордаланған мәселе­лер­ді шешіп бермейтіні анық. Ұлттық кі­тап­хана директоры, Қазақстан кітапханалар одағының төрағасы Бақытжамал Оспа­нова­ның айтуынша өңірлердегі кітап­хана желісін оңтайландыру шараларында асығыстыққа жол бермеу керек, сондай-ақ жауапты істі науқанға айналдыруға болмайды.

«Мәселен, көпшілік кітап­ха­налардың ең көп шоғырланған жері – Түркістан, Батыс Қазақ­стан және Ақмола облыстары. Соңғы жылдары, өкініш­ке қарай, аймақтардағы демогра­фия­лық және басқа әлеуметтік-ма­териалдық қиындықтардың салдарынан көпшілік кітапханалары қызметінің негізгі көр­сеткіштері төмендесе, кейбір өңірде жер­гілікті мемлекеттік басқару органдары тарапынан кітапханалар жүйесін оңтайландыруға жете мән бермеу, тарату секілді теріс тенденциялар байқа­лады. Соның салдарынан көпшілік кітапханалар саны 44-ке қысқарған», дейді Бақытжамал Оспанова.

Ал кітапхана саласын реттейтін арнайы заңның жоқтығы кітапханаларға ақ­параттық, мәдени және білім беру қыз­меттерін толық түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермей келеді. Еліміздегі барлық жүйелер мен ведомстволарға тиесілі 11 мыңнан астам кітапхана қызметін «Мәдениет туралы» Заңның жалғыз 24-ші бабы ғана айқындайды.

«Шынында да кітапхана ісіндегі ең бірінші мәселе – саланың нормативтік-құқықтық негізінің жетілмегендігі. Ар­найы заң еліміздегі кітапхана ісін дамытуды құқықтық реттеуге, түрлі деңгейдегі кітапханалар жұмыстарын қалыптастыруға мүмкіндік берер еді», деген маман «Кітапхана ісі туралы» арнайы заң әзірлеу қажет екендігін айтады. Бұл өз кезегінде республикалық және об­лыстық кітапханалардың әдістемелік орталық ретіндегі мәртебесін арттыруға, облыс кітапханаларының кітапхана қо­рына басылымның міндетті тегін данасын алу ісін бір жолға қоюға ықпал еткен болар еді.

 Цифрлы Қазақстан: Кітапханалар сканерге жарымай отыр

Қазақстандағы ең көне кітапхана­лардың бірі – Семей қаласындағы Шы­ғыс Қазақстан облыстық Абай атын­дағы әмбебап кітапхана. Ке­меңгер ақын Абай кітапхананың ал­ғашқы оқыр­­­­мандарының қатарында болып,­ Е.П.Михаэлистей пікірлес досын тап­қаны баршаға мәлім. Аталған кітап­хана директорының орынбасары Гүлмира Мұратқызы кітапхана қорын толықтыруға байланысты қиын­шылықтардың көп екенін айтады.

– Бұрын баспаның барлығы мем­лекеттік болған кезде міндетті дана барлық кітапханаларға берілетін-ді. Қазір баспалардың көбі жекеменшік болғандықтан, ондай жүйе жоқ. Тек Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Ұлттық кітапхана қорына ғана беріледі. Осыдан келіп әлеуметтік ма­ңызы жоғары басылымдарға, көркем әдебиеттерге қол жетпей отыр. Оқырман ең көп сұрайтын Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романының кейінгі басылып шыққандары мүлде жоқ. Осындай көп сұралатын көркем әдебиеттер жетпей жатады. Өйткені бізге бөлінетін қаржы көлемі де аз, – дейді Гүлмира Мұратқызы. Оның айтуынша, 4,5 мыңнан аса сирек басылымдар қоры тиесілі кітапхана әлі күнге дейін жөні түзу сканерге жарымай отырған көрінеді. Ал Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көпдеңгейлі әлеуметтік-мәдени институт ретінде кітапханалар алдыңғы орыннан көрінетіні рас.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында кітапхана қорын цифрлы форматқа көшіру жұмыстары басталды. Осыған байланысты облыстық кітапханаларға сканер алып берсе дей­міз. Қазір бізге Ұлттық академия­лық кітапхана бір сканерін уақытша беріп отыр. Абай атындағы әмбебап кітап­ха­наның қоры өте бай. Заманында Абай оқы­ған кітаптар, одан берідегі латын әліп­биімен жарық көрген басылым­дардың көбі бізде сақталған. Сканердің құны 23 млн теңге көлемінде екен, ал ондай қаржы бізге бөлінбейді, – дейді ол.

 Аудан кітапханаларына қаржы берілмей келеді

Мемлекеттік қолдаудың жетімсіздігі, баспалардың бірыңғай тақырыптық-типтік жоспарының жоқтығы Семей кітапханасын ғана емес, Павлодар облысына қарасты бірнеше кітапхананы да тұқыртып отырғанын байқадық. Мәселен, С.Торайғыров атындағы Пав­лодар облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасының кітап қорына жергілікті бюджеттен бөлінетін міндетті қаржы көлемі биыл қысқарып қалған.

– Жыл сайын 5-6 млн теңге көлемінде қаржы берілетін еді, биыл 3 млн теңге ғана қаржы бөлінді. Бірақ алдағы жылғы тапсырысқа артығымен қосып отырмыз. Әйтсе де кітапханамыздың базалық-техникалық жабдықталуы республикалық кітапханалардан көп озық, – дейді аталған кітапхана бас­шысының орынбасары Баршагүл Байжанова. Оның айтуынша, Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданына (2015, 2019 жылдары), Ертіс ауданына (2014, 2016 жылдары), Шарбақты ауданына (2016, 2019 жылдары) қатарынан бірнеше жыл жаңа кітап сатып алуға мүлдем қаржы қарастырылмаған.

– Әдетте аудандық кітапханаларға жылына 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлінуі тиіс. Кей аудандарға тиісті қаржы кейде бөлінбей қалып жатыр, – дейді ол.

Мұндай қаржы тапшылығы Шығыс Қазақ­стан облысы Аягөз ауданына қа­рас­ты ауылдық кітапханаларға да тән мәселе болып тұр. Аягөз ауда­нын­­да­ғы орталық кітапханаға хабарлас­қа­ны­мызда, кітапханаға 2015 жылдан бері кітап сатып алуға тиісті қар­жы бөлін­бегенін естідік. Тек биыл ғана жергілікті биліктің пейілі түсіп, кітап­хана қорына 375 дана кітап сатып алынған.

– Ауданға қарасты 23 ауылдық кітапхана бар. Бүгінде олардың бесеуі ғана интернет желісімен қамтылған. Жергілікті бюджеттен биыл 758 мың теңге шамасында қаржы беріліп, сұ­ра­­ныс­тағы кітаптарды сатып ал­дық. Оқырмандар көбіне детектив жанрын­­дағы көркем әдебиеттерді сұрап ке­ле­ді, – дейді кітапхана директоры Мер­уерт Жақсылыққызы. Ал кітапхана қо­рын цифрлы форматқа көшіру аудан кітапханасына оңайға соқпай тұр, кітаптарды он-оннан 300 шақырым қашықтағы Өскемен қаласына тасуға мәжбүр.

«Қалаға 20 шақты кітапты апарып, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітап­ханасының сканерінен өткізгенбіз. Осы жолы тағы 10 кітапты апарып тастадық. Негізгі мәселе осы, басқа жағы жақсы. Ай­тарымыз, кітапханаларға жаңа компьютерлер беріліп, интернет желісін тартса екен», дейді ол. Әманда билік наза­рынан тысқары жататын Аягөз ауданының мынадай жыларман халін естіп, ауыл кітапханаларын жаңғырту бағдарламасы Аягөзді айналып өткен бе деп қалдық.

Кітапханалар жүйесінің қазіргі жай-күйіне жасаған шолуымыз ортақ кітапхана стандартын белгілеу, ақпараттық элек­тронды дереккөз жүйесін бірыңғай форматқа келтіру, сондай-ақ арнайы жаб­дықтармен қамтамасыз ету, кітап­хана қызметкерінің құзыреті мәсе­лелері қайта қарауды қажет ететінін көрсетіп отыр. Үлкен мегаполистердегі жағдай жақсы, «бақытты» кітапханаларды атамағанда, өңірлердегі кітапханалар қоры халықты ақпаратпен қамтудың заманауи талаптарына жауап бере алмай отырғанын мойындауымыз керек. Бір-бірінен оқшау жұмыс атқаратын және ведомстволық тұрғыдан да бытыраңқы күйдегі елі­міздің кітапханалары ақпараттық ресурс­тарын бір жүйеге түсіре алмай келеді. Кітапханалар Қауымдастығы Халық­аралық Федерациясының (ИФЛА) стандартына сәйкес көпшілік кітап­ханалардың қоры үнемі жаңартылып отырылуы  тиіс, оның құрамына  жылына 5% жаңа өнім түсуі керек. Кі­тап­ханаларды қаржыландырудың айыр­машылығы салдарынан кітап қоры­ның көлемі мен сапасы да ала-құла. Сон­дықтан қорларды мәдени, ғылыми және көркемдік құндылығы жоғары шетелдік құжаттармен және басқа да ақпараттық ресурстармен толық­тыру қаншалықты деңгейде орындалып жатқаны тағы беймәлім. Аталған мәселелердің жай-жапсарын сұрастырып мардымды жауап ала алмадық. Әйтсе де «Қазақстан Республикасында кітапхана ісін да­мы­тудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын» әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылып, оның құрамында Nur Otan партиясының стратегиялық бастамалар институтының қызметкерлері мен кітапханалар қауым­дастығының өкілдері жұмыс атқарып жатқан көрінеді.