Қоғам • 06 Қараша, 2019

Қайырымдылық қорлары қоғамды ізгілендіре ме?

2158 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел арасында қоғамдық қорлардың жұмысына қатысты пікір сан алуан. Қалай айтқанда да жақсылыққа негізделген істің түпкі өзегінде жақсы үміт жататынын ескерсек, қоғамның ізгіленуіне қомақты үлес қосып жүрген қайырымдылық қорларының игі бастамаларын бірауыздан қолдаған болар едік. Бүгінде елімізде 14 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар.

Қайырымдылық қорлары қоғамды ізгілендіре ме?

Былтыр «Медианет» ұйымы жүр­гіз­­ген сауалнама нәтижесі, ел тұрғ­ын­дарының 85 пайызы «Үкіметтік емес ұйымдар деген не және олар немен ай­на­лысады?» деген сауалға жауап таба алмаған.

 Парықтап қарасақ, үшінші сектор болып саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы және эко­но­микадағы рөлі орасан. Ал олар арқылы берілетін білім гранттары мен әлеуметтік қолдауларды, түр­лі жеңілдіктерді тиімді пайдалана алып жүрміз бе? Мәселен, бір ғана «Сорос-Қазақстан» қоры елімізде 24 жыл ішінде түрлі бағытқа 90 миллион АҚШ долларынан асатын грант бөлген. Бұл қомақты қолдау ЖИТС сын­ды ғасыр дертіне баланған түрлі ін­дет­тердің алдын алуға, шетелде оқу­ға арналған стипендиялық бағ­дар­­ламалар мен сыни тұрғыдан ойлау бойынша білім беру жобаларын жетілдіруге, сондай-ақ мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған кең ауқымды жұмыстарды жүзеге асы­руға жұмсалған. Қазақстандағы қыз­ме­тінің алғашқы жылдарында қор үкі­метке денсаулық және білім беру сала­ларындағы негізгі қызмет жүйесін жеке тұлғалардың қажеттіліктерін қана­ғаттандыру бағытына өзгертуге қолғабыс еткен. Соның нәтижесінде Ашық қоғам стипендиялары жүзде­ген студентке Еуропа мен АҚШ уни­вер­ситеттерінде тегін білім алып, елге тың тәжірибемен оралуға мүмкіндік сыйлады.

Айталық, 1998 жылы қор қолда­уы­мен негізі қаланған «Сорос-Алматы заманауи өнер орталығы» Қазақ­стан суретшілерінің қолтаңбасын шет мем­лекеттерге танытып, сан сала­да­ғы өнер қайраткерлерін бір ар­на­ға тоғыстырған мәдени алаңға ай­налға­ны мәлім. Соның нәтижесінде дарынымен дараланған қылқалам шебер­лерінің сурет көрмелері әлем жұртшылығының назарына ұсыныл­ған болатын.

Дегенмен қор басшылығы күн санап қатары көбейіп келе жатқан қазақ­тіл­ді аудиториямен әріптестік байланыс орнату әлі де шешілмеген мәселе болып отырғанын айтады. «Сорос-Қазақстан» қорының қызметі санаулы адамға арналған, көптің қолы жетпейтін дүние деп қабылданбауы тиіс», деген қор­дың басқарма төрағасы Аида Айдарқұлова бүгінгі таңда қорда «Қоғам­дық саясат» бастамасы, «Ашық­тық және есептілік» және «Адам құқықтары» бағдарламалары аясында үш стипендиялық жоба жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастар, ЖОО магистранттары, журналистер, зерттеушілер, экономика және білім саласының мамандары, құқық қорғаушылар қатыса алады. Іріктелген қатысушылар бір жыл бойы жоба шеңберінде өтетін бір апталық тренингке қатысуы шарт. Әдетте тренингтер Алматы мен Нұр-Сұлтанда өтетіндіктен шалғай өңірлердегі көптеген азамат оған қатысу мүмкіндігінен бас тартатын көрінеді. Бір қарағанда Сорос-Қазақстан қызметінің аумағы Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты ірі қала­лармен шектеліп қалғандай көрін­генімен, тек «Ашықтық және есеп­ті­лік» бағдарламасының өзі соңғы екі жылда 12 облысты қамтып үлгеріпті.

Журналистік білім беруді қаржы­лан­дырудың аясында 2005 жылдан бері 700-ге жуық журналист сала бойынша терең білім алса, 2008 жылы қор қолдауымен жасөспірімдерге қатысты арнайы әділ сот жүйесі әзірленіп, отандық құқық саласының дамуын маңызды межеге көтерді.

Тарқатып айтар болсақ, ювенал­ды әділет жобасы – кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған әділет жүйесі. Ересектер мен балалардың псхихологиялық ойлау деңгейі тең емес. Сондықтан оларға арналған әділет жүйесінде де өзіндік ерекше­лік­тер болуға тиіс еді. Осыған байланысты 1998 жылдары қор алғаш болып әділет жөніндегі дискуссияларды бастады. Бастапқыда қанатқақты жоба ретінде қолға алынған бас­та­ма уақыт өте келе жеміс берді. Нә­ти­жесінде, ел Үкіметі ювеналды сот құру туралы шешім қабылдады. Кейін­­­­­­нен ювеналдық әділеттен бастау алған соттарды мамандандыру үдері­сі кең қанат жайып, әкімшілік, эко­номикалық соттар, басқа да маман­дан­ды­рылған әділет алаңдары құрылды.

 – Жер бетінде құм түйіріндей ізгілік пен мейірім қалмаса тіршілікте еш мән болмас еді. Біздің түпкі мақсат – қоғамды ізгілендіру, қайырымдылық шуағын шашу. Мемлекетпен бірге жүзеге асырған жобаларымыз көп. «Азаматтық бюждет» туралы бастама да біздің қор арқылы көтерілді. Азаматтық бюджет дегеніміз – баршаға түсінікті бюджет. Себебі қара­пайым адамдардың көзімен қара­сақ, бюджет деген қаптаған сан мен цифр. Бірақ бұл сіз бен біздің салық төлеуші ретіндегі қаржымыз бол­ғандықтан, кез келген азамат бюджеттің қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Сондықтан қарапайым жандарға түсінікті бюджет жасай білу керек. Кезінде осы жобаның әсерінен Қаржы министрлігі аталған мәліметтер барлық мемлекеттік органдардың веб-сайттарында болу керек деген шешім шығарған еді. Сондай-ақ қорымыз уақытында қолға алған жоба ретінде «Паллиативтік көмек» жобасын айтуға болады. Бұл жоба өмірінің ақырғы күндерін өткізіп жатқан жандарды қолдауға бағытталған. Мұндай жандар медициналық көмектен бөлек, психологиялық қолдауға зәру. Сол тұста Денсаулық сақтау министрлігі таб­летка түрінде шығарылатын мор­финді қолдануға рұқсат берді. Көп­те­ген мемлекеттерде бұл жабық мәселе еді. Себебі морфин есірткілік зат болып есептеледі. Ал есірткі заттардың қолданысын шектеу керек. Сондықтан ауыр халде жатқан адамдардың ауруын жеңілдететін дәрі-дәрмектердің айналымы Қазақстанда өте қатты шектелген. Біз бірнеше жыл бойы осы мәселені биік мінбелерден көтеріп, нәтижеге жеттік. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынғанымен, әлі толық қолданысқа енген жоқ. Бір қуа­натынымыз, тым болмағанда осы санаттағы адамдардың өмірін өз­герт­тік. Бұл қадамдардың бар­лы­ғы қоғамның ең осал топтарын эко­номикалық реформалардан тыс қалдырмай, олардың мүдделерін ескеруге бағытталған. Қандайда бір шешім қабылданар кезде ең алдымен халықтың пікірі еленуі керек, – дейді «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрайымы Айда Айдарқұлова.

 Бүгінде қорды Қамқоршылар кеңесі басқарады. Оның құрамына елдің беделді қоғам қайраткерлері енген. Кеңестің басшылығымен қор елімізде ашық қоғам құндылықтарын таратып, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік қаржының ашықтығы мен есептілігі, тәуелсіз БАҚ пен бел­сен­ді азаматтық қоғамды дамыту ісін қолдауды көздейді.

 Соңғы жылдары «Ашық экономика» бастамасы аясында әйелдердің экономикадағы үлес салмағын арттыру мәселесіне де айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істейтін 90-нан астам ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналары «Мама про» ұйымы арқылы қордың қолдауымен біліктілігін арттырып, табыс көзін табуға мүмкіндік беретін машықтарды игерген. Аталған жобаның ерекшелігі – қатысушы аналар сырттан көмек күтпей, өзінің бизнес бастамасын жүзеге асырып, кәсібін ашып, сондай-ақ қиын жағдайдағы басқа да аналарға қолдау көрсете алады.

 Осы бастама аясында биыл 8 қараша­да Алматыда екінші рет «Ашық экономика» форумы өтпек. «Ашық экономика» форумы – эконо­ми­калық саясаттың өзекті және өткір мәселелері талқыланатын тәуелсіз алаң. Биыл форумға танымал экономистер қатысады деп күтілуде. Ал желтоқсан айында білім беру сала­сын­дағы инновациялар тақырыбы аясында ұстаздарға арналған тағы бір форумның шымылдығы түрілмек. Форумға қор қолдауына ие болған бірқатар инновациялық жобалардың авторлары қатысады.

 

АЛМАТЫ