– Энхтүвшин мырза, Ұлы дала төсіне қош келіпсіз?
– Жошы бабамыз ту тіккен қасиетті мекенге табан тіреткен тағдырға рахмет.
– Естуімізше, сіз тарихшысыз, демек көне көшпенділердің тікелей мұрагері бүгінгі моңғол және қазақ халқы арасында ежелден келе жатқан дәстүр сабақтастығы, тұрмыстық ұқсастықтар және рухани тұрғыдан мәдени алмасулар жайлы не айтасыз?
– Расында, қазақ пен моңғол халқы тарихы ертеден жымдасып жатқан әрі іргелес өмір сүрген, сонымен қатар адамзат өркениетінде айрықша ізі бар көшпенділер мәдениетін тұла бойына сіңірген, тағдыры ұқсас, тұрмысы тамырлас жұрт. Бүгінгі әлемдік интеграция мен жаһандану дәуірінде Қазақстан елінің экономикалық өрлеуі, халықаралық аренада беделінің артуы алыстағы ағайын бізді де қуантып отыр.
Көне тарихтың сорабын аңдай алатын адам екі халықтың өткен өмірінде қалдырған өшпес сүрлеуінің белгісіндей: мәдениеті, салт-дәстүрі, ел басқарудағы жол-жорасы, ырым-тыйымдарына дейін өте ұқсас екенін байқай алады. Бұл үрдістер қазіргі таңда ғылыми этнографиялық, археологиялық деректер арқылы да дәлелденіп отыр. Сондықтан да болашақта тарихы тамырлас екі халықтың достығы, бір-біріне деген сыйластығы өте маңызды.
– Дұрыс айтасыз, вице-премьер мырза! Ендеше, кешікпей Қазақ елі Ұлы даланың іргелі ұлысы, біздің көне тарихымыз бен мемлекеттігіміздің түп негізі Алтын Орда империясының 750 жылдығын атап өту шарасын қолға алғалы жатыр. Бұл дүниені өзіңіз айтқандай, тарихы ұқсас, тамырлас ағайын, сіздер де құптайды деген ойдамыз.
– Әрине. Қазақстандық ағайындар ұлы қаған Шыңғыстың ұрпақтары іргесін қалаған Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын тойлауға ниет етумен қатар, Жезқазған жерінде жатқан Жошы бабамыздың кесенесін де көздің қарашығындай сақтап, келешекте тарихи-туристік орынға айналдыру жолында жасап жатқан жоспарын құптай отырып, осы игі іске біз де атсалысуға әзір екенімізді айтқым келеді. Қайталап айтамын, қазақ халқына осы әрекеті үшін, яғни Алтын Орданың 750 жылдық мерейін тойлау шарасын қолдай отырып, зор ризашылық білдіремін.
Сонымен қатар Моңғол елінің байтағында мәңгілік орын тепкен көне түркі абызы Тоныкөктің 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында, жоғары деңгейде атап өту жайлы бастама көтерген Халықаралық Түркі академиясының шешімін де ризашылықпен құп аламыз. Тағы бір айта кететін дүние – келер жылы тамыз айында біз Ұлы Моңғол империясының алғашқы астанасы болған Қарақорым қаласының 800 жылдығын атап өту шарасын қолға алмақпыз. Осы іске ғылым саласында зерттеушілікпен айналысып жүрген қазақстандық ағайындардың да атсалысуын қалаймыз.
– Моңғолияда Алтын Орда тарихына қатысты зерттеу жұмыстары қандай деңгейде?
– Соңғы жылдары бұл тақырып бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. 2006 жылы Ғылым академиясы «Алтын Орда ұлысы» атты кітап шығарды. Бірнеше диссертация қорғалып, ғылыми еңбектер жазылды. Бұл тақырып туысқан екі халықтың да ортақ құндылығы дегенді жоғарыда айттым. Демек, қазірден бастап екі ел зерттеушілері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі академиясының шаңырағында топтасу арқылы болашақта үлкен ғылыми еңбектер жазады деген үміт бар.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»