Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Шығыс Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары мен Алматы, Шымкент шаһарларын аралап, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Аталған жұмыс апта басында елордада жалғасын тапты. Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 5 сағаттан аса уақыт азаматтарды жеке қабылдаған министр олардың жәрдемақы, баспана, тегін дәрі-дәрмек алу, мүгедек балаға күтім жасаушы аналардың зейнет жасын қысқарту, шипажай мен оңалту орталықтарында ем-дом алу, АӘК-пен алған жәрдемақыларын кері қайтарып алумен келіспеушілік сияқты өтініштерін қарады.
Мысалы, 19 жастағы туғаннан мүгедек баласы бар Роза Абдуллина шағын несие алып, кәсіппен айналысып, тұрмысын түзегісі келетінін баяндады. Қысқа жіп күрмеуге келсін бе?! Пәтер иелерінің кооперативінде (КСК) 60 мың теңге алып аула тазалайтын 54 жастағы әйел астанаға келген 8 жылдан бері пәтер жалдап тұрады екен. Пәтерақысын төлей алмай қиналған кезде несие алуға да мәжбүр болған. Әкімдікке үй кезегінде тұрған жалғыз басты ана бір күн бұрын кезегінің жоғалып кеткеніне аң-таң. II топтағы мүгедекті асырап отырған әйелдің өтінішін тыңдаған министр оған шағын несие беру жағын қарастыруды немесе жалақысы жоғары жұмысқа орналастыруды Нұр-Сұлтан қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Исекеевке тапсырды. Сондай-ақ пәтер кезегінен түсіп қалуының себебін білу үшін қала әкіміне хат жазып, тікелей өзі бақылауға алатынын айтты.
Министрдің алдына арнайы ұсыныспен келгендер де болды. «Miras-A» қайырымдылық қорының президенті Жүзбай Серік Нұр-Сұлтан қаласында арнайы Зағиптар үйін салғысы келеді. Өз жобасын министрге таныстырған ол еліміздегі зағип жандардың тап болып отырған қиындықтары туралы баяндады. «Өзім I топтағы мүгедек болғаннан кейін мұндай жандардың жағдайына баса мән беремін. Көз жанарынан айырылған адамдардың қиындыққа төзе алмай, кейде өз-өзіне қол жұмсап жататын кездері де болады. Оларды сабырға шақырып, «көзімде кішкене саңылау ашылса, Зағиптар үйін салуға әрекет жасаймын» деп уәде бердім. Сол әрекетіміздің оңынан шешілгелі тұрған жайы бар. Мақсатымыз – жер алып, ғимарат салу. Қазақстанның жер-жерінде көз жанарынан айырылып, жалғыз қалған жандар сол жерде тұрса деймін», дейді Ж.Серік.
Мұндай істі бастап отырған белсенді азаматқа алғысын білдіріп, жобаны қолдайтынын жеткізген Біржан Нұрымбетов елімізде зағип жандар жолығатын кедергілердің аз емес екенін айтты. «Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға біршама жағдай жасалып жатыр. Жәрдемақы төленіп, басқа да жеңілдіктер қолға алынуда. Мысалы, жеті бағыттан тұратын 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың қабылданғанын білесіздер. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ортаны қалыптастыру керек. Қазір біз бір мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс тауып беріп жатсақ, ғимаратқа кіретін жағдай қарастырылмаған болып жатады. Бұл жерде жұмыс берушінің де жауапкершілігі бар», деді ол.
Министрдің айтуынша, осыған дейін әлеуметтік сала қызметкерлері мүгедек жандардың кез келген ғимаратқа оңай кіруіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде біршама жұмыс берушіге айыппұл салынған. «Әйтсе де, мәселе айыппұл салумен шешілмейді. Ең алдымен, қоғамның пікірін өзгерту керек. Кез келген құрылысты бастаған кезде арбада отырған, зағип жандардың бары ескерілуі тиіс. Бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолында да оларға тиісті жағдай жасалуы қажет. Жоспарға сәйкес, соның бәрін ретке келтіру мәселесі бойынша жұмыс жүргіземіз. 2019 жылға осы бағытта 18 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондықтан бұл проблеманың барын білемін», деді Б.Нұрымбетов.
Қабылдауда өңірдегі азаматтар бейнебайланыс арқылы тілдесуге мүмкіндік алды. Ақтау қаласынан байланысқа шыққан Айгүл Нұрқуатқызы жергілікті органның өзіне АӘК беруден бас тарту туралы шешімімен келіспейтінін жеткізді. 5 баланы жалғыз асырап отырған ана үлкен ұлының оқуға түсіп, басқа қалада тұрып жатқанын, осыған байланысты оның отбасына беріліп келген АӘК тоқтатылғанын баяндады. Бұл шешімнің дұрыс еместігін кесіп айтқан министр жергілікті жауапты қызметкерлерге А.Нұрқуатқызының отбасына беріліп келген АӘК-ті қалпына келтірілуі керек екенін тапсырды. Себебі балаларының біреуі өзге қалада тұрып жатқанымен, ол студент, ешқандай табыс тауып жатқан жоқ.
Сондай-ақ министр Мәжіліске жаңа заң жобасының ұсынылғанын және жаңа жылдан бастап АӘК төлеу жүйесі ретке келтірілетінін тағы бір рет атап өтті. Қабылдауда болған барлық тұрғынның өтініштері мен талап-тілектері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз өкілеттілігі шегінде тиісті құзырлы мекемелер мен қызметкерлерге тапсырмалар берді және барлық өтініштердің өзінің бақылауында болатынын айтты.