Биыл байқауға қатысуға 224 өтінім келіп түсті, оның ішінде өңірлік кезең барысында 57 жоба таңдап алынды. Алпыс шақты жобаны қарап шыққан комиссия мүшелері «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық көрмесінің қатысушыларын анықтады. Олардың ішінде Алматы қаласынан 4 жоба, Жамбыл облысынан 2 жоба, Шымкент қаласы, Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 1 жобадан ұсынылды.
Комиссия құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, бизнесмендер, ҮЕҰ және БАҚ басшылары, сондай-ақ әлеуметтік сала ардагерлері кірді. Биылғы жобалар «Әлеуметтік проблемаларды шешуді ақпараттық ілгерілету», «Әлеуметтік саладағы волонтерлік қозғалысты дамыту», «Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету», «Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету» және «Өмірлік қиын жағдайларды жеңуге көмек көрсету» сынды 5 бағыт бойынша бағаланды.
Құттықтау сөз сөйлеген Б.Сапарбаев әлеуметтік қызметкер мамандығының қаншалықты маңызды әрі жауапты екендігін баса айтты.
Конкурс жеңімпаздарын құттықтай отырып, Біржан Нұрымбетов олардың жұмысының маңызын атап көрсетті.
Алматы облысының «Адаптивті атқа міну» жобасының үйлестірушісі Қуаныш Нұрмахамбет «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» конкурсының жеңімпазы атанды. Бұл жоба иппотерапия бойынша қызмет көрсету арқылы ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған. Қуаныш Нұрмахамбеттің айтуынша, екі жыл ішінде 80-ге жуық адам атқа міну арқылы ақысыз оңалту қызметтерін алған. Осының нәтижесінде мүгедектігі бар балалардағы вестибулярлы және тірек-қимыл аппараты мен барлық бұлшық ет топтарының функциялары жақсарып, вегетативті жүйке жүйесіне оң әсерін тигізді.
Екінші орынға алматылықтар Ләззат Қалтаеваның «Мүгедектігі бар қыздарға арналған жеке өмір мектебі» және Раиса Сыпабекованың «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобалары ие болды.
«Мүгедектігі бар қыздарға арналған жеке өмір мектебі» жобасы мүмкіндіктері шектеулі жастарды қоғамға ықпалдастыруға, елде инклюзивті қоғам құруға бағытталған. Мұнда оларға мүгедектікке қатысты қорқыныш пен қауіпсіздікті жеңуге көмек көрсетіледі, өзін-өзі бағалауды жоғарылату мен өз өмірін жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
«Шыңға өрлеу» жобасы көп балалы және табысы аз отбасыларда тәрбиеленетін мектеп жасындағы балаларға өмірлік тәжірибені, білім мен дағдыларды берудің үйлесімді процесін қалыптастыру арқылы әртүрлі форматтағы нәтижелі, екі жақты қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде өмірде қиын жағдайға тап болған аға буын өкілдерін қоғам өміріне тартуды көздейді.
Үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Сәлімхан Сәбитовтің «Тең жол» және Қостанай облысынан Айсұлу Жұмабаеваның «Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету» атты жобалары иеленді.
Сәлімхан Сәбитовтің жобасы қолмен басқарылатын көлікте автомобиль курстарын ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін беру арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оқытуды ұйымдастыру. Мүгедектігі бар әйелдерді жұмысқа орналастыратын тігін цехы – Айсұлу Жұмабаеваның табысты жобасы.
Байқау қорытындысы бойынша
1 орын – 1,5 млн теңге, 2 орын – 1 млн теңге, 3 орын – 500 мың теңгелік ақшалай сертификаттармен, дипломдармен және стеллалармен марапатталды. Барлық финалистерге алғыс хаттар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында өткізген онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған үш жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында 1 орынға Павлодар облысынан Светлана Качураның «Жүрек үнімен» жобасы (9911 дауыс), 2 орынға Нұр-Сұлтан қаласынан Евгения Чеботаревскаяның «Шуақты әлем» жобасы (8422 дауыс), 3 орынға шымкенттік Кәмила Ишметованың «Ерекше балаларға арналған аква терапиясы» жобасы (5100 дауыс) тұрақтады. Онлайн дауыс беру жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шара Гүлзира Бөкейхан, Нұрғали Тұрлыбеков, Тамара Асар, Ғаділбек Жанай, Ерхан Төлейбек, Қазақ саңыраулар қоғамы, Қазақ филармониясының ұжымы және «Назар» тобының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» конкурсы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде мүгедектігі бар және мүгедек балалары бар отбасыларды оңалтуға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жұмысқа орналасуға, сондай-ақ олардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған жобаларды қолдау мақсатында өткізіледі. 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін конкурсқа қатысуға 1 192 өтінім берілді, оның ішінде өңірлік деңгейде 228 әлеуметтік жоба және республикалық деңгейде 19 жоба жеңімпаз деп танылды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.