Ағайынның қадірі басқа қиын күн туғанда білінеді емес пе? Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында болған тасқыннан зардап шеккен жұртшылықтың бұл ақиқатқа көзі жете түскендей. Мәселен, Алатаудың арғы бетін жайлаған қырғыз бауырларымыз 20 наурыз күні 9 “КамАЗ” көлігімен көмектерін алып жетті. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Ақыл Айтбаев бастаған бір топ азамат пешпен жылытылатын палаткалармен қоса цемент пен шифер сияқты құрылыс материалдарын әкеліпті. Ал 21 наурыз күні Талдықорған қаласына Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы республикалық этномәдени орталықтардың көмек керуені атбасын тіреді. Ең бірінші кезекте қажет азық-түлік пен киім-кешек, оқу құрал-жабдықтары мен малға құрама жем жеткізген бұл керуенді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бастап келді.
Ағайынның басына түскен ауытпалықтан шет қала алмаған “Еврей мәдени орталықтарының “Мицва” ассоциациясы” қоғамдық бірлестігінің президенті Александр Барон мен дұнған этномәдени бірлестіктері ассоциациясының президенті Хусей Дауров, “Қазақстан немістерінің “Возрождение” қоғамдық бірлестіктері” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Александр Дедерер, “Ахыска” түрік орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов, Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті Роман Ким, “Барбанг” күрд ассоциациясының төрағасы Князь Мирзоев, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаты Леонид Питаленко, “Қазақстанның тәжік мәдени-қоғамдық бірлестіктері ассоциациясы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекпулат Ташпулатов, “Әзірбайжан мәдени-қоғамдық бірлестіктер конгресі” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Абилфас Хамедов, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева, Беларусь этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Петр Цеховой, “Республикалық ұйғыр мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардиновтар 22 наурыз күні Қызылағаш ауылында тасқыннан қаза болғандарға арнап құран оқытып, ас берді. Кең жайылған дастарқан басында ағайынды сабырға шақырып, олардың қиыншылықта жалғыз қалмайтындықтарын сезіндірді.
Ағайындық сыналар сәтте әсіресе, түрік пен әзірбайжан бауырларымыз айрықша жанашырлықтарымен танылды. Олар екі бірдей жүк көлігінде қыруар затпен қоса көмек қорына 9 миллион теңге көлеміндегі қаражат қосатындықтарын жеткізді. “Ахыска” түрік орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов пен “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы, “қаным әзірбайжан болғанымен, жаным қазақ” дейтін Асылы Осман жүрекжарды тілектерін айтқаннан кейін Алматы облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Үсейн Касанов жаңағы аталған қаржыға Қызылағашқа көпшілікке арналған монша салып беретіндіктерін жеткізді.
– Дана қазағым “қайғыны бөліссе жеңілдейді” дейді ғой. “Өмір қымбат, бірақ бәрінен де көңіл қымбат” деген тағы бір ғажап сөз бар. Сол айтқандай, біз бәріміздің қабырғамызды қайыстырған осы бір қайғыны бөлісіп, аз да болса жеңілдету үшін келіп отырмыз, – деді Асылы Әлиқызы. – Қандастарымыз қазақтың бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Ендеше бүгінгі күні біз де аянып қалайын деп отырған жоқпыз. Бір Алматы облысының ғана емес, Шымкент пен Жамбылдың, тіпті бүкіл Қазақстанның түрігі мен әзірбайжаны осынау игілікті іске өз үлестерін қосуда. Қысқа жібі күрмеуге келмей жүргендерінің өздері де қолдағы барын беруде. Көрсетілген бұл көмекті біздің қазақ халқына деген ыстық ықыласымыздың бір белгісі деп қабыл алса екен деймін.
Қызылағаштық тұрғындар қанатымен су сепкен қарлығаштай болып көмек қолын созған ағайынға шын көңілден шыққан алғыстарын білдірді.
Бүгінде Қызылағаштағы бірлік біртіндеп қалпына түсіп келеді. Ауылға қайтып оралғандар палаткадан жасалған уақытша қалашыққа орналастырылды. Небары үш айдың ішінде салынып бітуі тиіс үйлердің алғашқы қазығы қағылып, құрылыс шындап қарқын ала бастады. Бүгінде бұл жұмыстармен 47 құрылыс мекемесі айналысуда. Бірнеше күн бұрын тасқын су алып кеткен көпір қайта салынып, қатынас қалпына келтірілді. Облыс басшылары құрылыстың тоқтаусыз жүріп, зардап шеккендердің ештеңеден таршылық көрмеулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Көмек керуені болса, тоқтаусыз ағылу үстінде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.