Тарих • 07 Қараша, 2019

Әбдіғапар әмір

1306 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

1916 жылы қазақ жерін түгелге жуық қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстың шындығы енді ғана айтыла бастады. Осы қозға­лыстың ең ірі ошағы Торғай да­ласы болғаны белгілі. Торғай көте­рілісінің көсемі болған Әбдіғапар Жанбосынұлының өмірден өткені­не биыл жүз жыл толады.

Әбдіғапар әмір

 

Біз тұрған жер – өзеннің суы терең­деу қысталаң тұсына орнатылған көпір. Ендеше, өзіміз іздеп келген ауыл да алыс болмады. Баяғы сол ара-арасы шашыраңқы үйлер, үйлер болғанда бірі­нің қабырғасы ғана қалған, бірінің есік-терезесі үңірейіп қорқыныш шақыратын ескі жұрт. Қазір жазғы демалыс уақыты, әкімнің орнында жоқ екенін білсек те, кеңсенің алдында иіріліп тұрмыз. Бетпақтың қиыр шетіндегі алыс ауылға екі бірдей кәделі көлік келе бермейді, ендеше, бізді де іздейтін адам табылар...

Ойлап та үлгермедім, жанымызға асығып-үсігіп іздеушіміз де келіп жетті. Тым арық, орта бойлы ақсары балаң жігіт. Аты – Асхат. Осындағы мектепте тарих­тан сабақ береді. Біздің мұнда неге келгенімізді де біледі, біледі емес-ау, ша­малайды. Шынында да бөтен облыстың нөмірін жапсырып алған машиналар мұн­да Көртоғайдағы хан кесенесін кө­руге­ келмегенде, құдалыққа келеді дей­місің.

Алдымыздағы ну қалың тоғайға жақын­дай бере:

– Қай жерге келдік... – деп сұраймын.

– Көлтоғай аталады...

– Көртоғай емес пе?

– Көктемде осы ара көлге айналып кетеді...

Көлтоғай болса болар, мына қалың ағаш­тың ара-арасында ойдым-ойдым су жатыр.

Анадай жерде дөңкиіп тұрған ақшаң­қан мазарға жақындай бердік. Өзім суреттен көрген кемене-мазар. Аста­на­ның жанындағы Нияз бидің ақ кесене­сінен ауса-шы.

Алдымен кесенеге емес, қоршауының қызыл кірпіші мүжіліп таусылуға айнал­ған төртқұлақ тамға келдік. Топырағы оңып кеткен екі төмпешік жатыр. Сағана емес, төмпешік. Екеу... «Жағыпардікі қайсысы екен?» деп ойлаймын. Мына бі­рінің ортасы ойыла бастапты – Жағыпардікі болар...

Кесенеге бардық. Мазардың қабыр­ға­сындағы жазуларға қараймын келіп, қараймын. «1870-1919 жыл» деген жазу бадырайып тұр.

Кесене ішін тамашалап, (иә, тамаша­лап) шыққан соң мәйіттер жатқан жер­ге қайтып оралдық. Күн жеп, жел мүжіп тастаған төртбұрышты қызыл­ гранитке ағайынды екеудің аты ойы­лып жазылған. Жағыпар – Әбдіғапар­дың інісі, ағасының қасында жатыр. Бәлкім, ағасы інісінің жанында жатқан шығар?.. Жиырма жастан енді асқанда, майдан даласында шейіт болған боздақ бауырымды аяймын. Жағыпар өлгенде, Әбдіғапар әмір үстіне ешкімді кіргізбей, жер бауырлап жатып алған деседі.

...Ең алғаш мектеп партасына отыр­ған­нан Ыбырай ата жазатын, бай баласы Асан мен кедей баласы Үсеннің бастан кешкендерін оқып өскен біздер үшін жоғарғы класқа барған кезімізде байлар мен кедейлер арасындағы таптық күрестің мән-жайын түсіну оншалық қиын болмаған.

«Жаман бай» мен «жақсы бай» деген ұғым­ды санаға салып, саралай баста­ғанымыз – университет қабырғасында жүрген кезімізде ғой. Рымғали аға секілді «төбесі тесік» ағаларымыз сөз арасына сыналап кіргізіп жіберетін жақсы бай­лар мен ақылды хан, төрелердің де бол­ғанына осы кезде көз жеткізе бас­тағандай едік. Торғайдағы Әбдіғапар хан жайлы мәліметтердің құлағыма алғаш жеткен кезі осы. Ал тәуелсіздік алған күннен бастап, басылым беттері батыр-бағландарға, бай-манаптарға, «қарадан шығып хан болғандарға» толып кетті. Солардың бірі – аты-жөні өзіме жақсы таныс Әбдіғапар еді...

Сосын... Ол кездері қолдан-қолға тимейтін «Жас Алаштың» бетінен «тың дерек» – қызық мақала кездестірдім. Мақаланың аты – «Әбдіғапар хан Тор­ғай көтерілісінің көсемі болғанымен, неліктен Амангелді Имановтың көлең­ке­сінде қалып қойды?» Атының өзі айқайлап тұрған мақаланың авторы – Жанболат Сәрсенбай.

...Әбдіғапар 1915 жылы бірде салық мәселесін ретке келтірмекші болып, екі болыстың азаматтарын жинап, Ашу­тасты бойындағы Ақбидайық де­ген жерде үлкен мәжіліс өткізеді. Бұл жерге қалың шаруалар егін салатын. Жиналыста Әбдіғапардың інісі Әбусадық шығып сөз сөйлеп, халыққа салықтың мағынасын түсіндіреді де: «Бұл ақ патшаның жылма-жыл түндік басына төлейтін салығы, сондықтан бәріміз жабылып төлейік» деген ұсыныс айтады. Осы сәтте Әбдіғапар, «ауыл үшін бұл салықты түгелімен байлар төлесін!» дейді. «Байлар үшін ол түк те емес, кедейлер үшін ауыр» деп, Әбдіғапар кедейлерді тақырға жазғызды. Ал байлар «әрбір жүз қойдан бір қой төлейтін бол­сын» деген ұсыныс жасады. Міне, осыдан кейін ауылдың түндіктеріне келетін жалпы салық кедейлерге ауыр соқпай-ақ орындалатын болды. Көп­шіліктің дауысына салынған мәселе кедейлердің пайдасына шешілгенімен, бұл кезең халық арасыңда «бай-салық» деп аталып кеткен болатын...»

Бұдан әрі, иә, бұдан әрі... көпшіліктің көңілін тапқан Әбдіғапар болыстың бедел-дәрежесі өсіп, рейтингі көте­ріліп жатқан кезде Сарыторғай мен Қайдауыл болыстарының жігіт­тері де Амангелді мен Өменнің айнала­сына топтасып жатқан еді. Содан Сары­торғайдан келген Мұсабай қажы­ның баласы Өменнің ықпалымен үш болыстың басы қосылып, Торғай уе­зі­нің шығыс бөлігінде қолбасшы болып, елге аты шығып, аталары бұрын­нан хан аталып жүрген Әбдіғапар Жан­босынұлын көтерілісшілердің бас қол­басшысы етіп сайлады. Бұл ел аға­­ларының шешімі болды. Қазан айы­ның басында Әбдіғапар інісі Жағы­парды жанына сенімді Бекболат дейтін жігітін қосып, Торғай дуаны жа­ғы­на елшілікке жіберді. Елшіліктен алын­­ған мәліметтерге қарағанда, әр жер­лер­де казақ жастары топ құрып, көтері­ліске дайындалып жатқаны анық­тал­ды. Әсіресе қазан айының орта ке­зінде Қараторғай болысына жиналған сарбаздардың жалпы саны алты мың­нан асты. Әбдіғапар сарбаздарды бо­лыс-болысқа бөліп қолбасшыларын тағайын­дады. Бұлардың ішінде Аман­гелді, Өмен, Қосжан, Уәлі сияқты бұ­рыннан халыққа танымал жігіттер бол­ды. Әбдіғапар да соңынан ерген сар­баздарын Сужарғанға әкеліп қо­ныстандырды. Осы кезде Ресейден Әліби де келген екен. Бір-екі күн өткен соң қарамағында екі мыңдай сарбазы бар Кәрбоз хан да келіп қосылды. Сар­баз­дар қарашаның алтыншы жұлды­зында таңертеңмен Торғай гарнизонын шаппақ болды. Уақыт дегеніне келгенде сарбаздар қалаға үш топқа бөлініп, шабуыл жасады. Бірақ еш нәтиже шығара алмады. Пулеметтен жауып тұрған оқ сарбаздарды мүлде жақындатпады.

Көп ұзамай Торғайдың он үш болысы түгел жиналып Әбдіғапарды ақ киізге отырғызып, хан сайлады. Хан өзінің сардарын, сардарбегін тағайындады. Кеңес құрылды. Қызыл үйлер жұмыс істеді, бұйрықтар мен хаттарды тасыды. Сарбаздар мың-мыңға бөлініп, қатал тәртіп орнады. Хан қазынасына қор жи­налды. Не керек, бір-екі айдың ішінде қа­зақтар ширатылып халық мүддесіне жұмыс атқара бастады...

Бір кездері Бетпақдала төсіндегі жер жәннаты іспеттес Қараторғай өзенінің иініндегі тоғай тал мен қызыл жыңғылға малынған Көлтоғайға қараймын келіп, қараймын.

Бір кездері... мына жерде... Көлтоғай­дың жағасында алты қанат, сегіз қанат киіз үйлер тізіліп тұрған. Көлтоғай ауы­лының дәл ортасында – Хан сарайы атан­ған зәулім екі бөлмелі жапсырма киіз үйдің алдында найза, қылыш... жо-жоқ, шолақ мылтық асынған екі сарбаз кірпік қақпай қаздиып тұрған. Хан сарайдың төрінде Троицкінің базарынан арнайы алдырған, арқалығын алтынмен аптаған, ақ күмістей жұмсақ пүлішпен қаптаған биік креслода қара мұртын шиырып, Бат­паққара жақтағы қанды қырғынға өз қолымен аттандырған Амангелді іні­сі мен Қорғасын кенішінде отырған ақ­қылшық-ағылшындардан қару-жа­рақ сатып алуға келісім жасау үшін жұм­саған Әліби бауырынан хабар күтіп, Ті­леулі батыр ұрпағы Нияз ханның шөп­шегі Әбдіғапар әмір, жапсарлас тігіл­ген киіз үйдің түкпіргі бөлмесінде астына Тәшкеннің базарынан келген бес қабат батсайы көрпешелерді қабаттап төсеп, төбедей болып сары қарын бәйбі­ше Ты­нышбала шешеміз отырған... Боса­ғадағы бәйбішенің қарнындай сары са­баны күрпілдете пісіп, ақ жаулығының ас­тынан жұмсақ қана жымиып, жаңа түс­­кен жас келін Жәмила тұрған күлім­деп... Сосын... Тоғай талдың кө­лең­кесінде семіздіктен жарылғалы тұр­ған ту биенің қарнын ақтарып тастап, пы­шақтарын жалаңдатқан жігіттер мен түтіні аспанға будақтаған қазан-ошақ басында аяқтарын ұшынан басып ақ кимешек киген келіншектер жүрген... Миды шаққан төс-балғаның ащы дауысы естілмес үшін Хан ордадан аулақтау жер­ге тігілген қараша құрым үйлермен екі ортада жалаңдаған жасауылдар жо­сыған. Сол жасауылдардың басшысы – өзі елгезек, өзі батыр інісі Жағыпар әкел­ген білтелі, білтесіз мылтықтарды Кей­кі мен Өмен, Қосжан мен Әмірбек батырлар бастаған хан кеңесінің сына­ғынан өткізген...

Айхай да айқай дүние-ай, бұл енді толықсып та толып аққан Қараторғайдың иініндегі көк майса көкорай шалғыны тобықты қаққан ашық алаңқайдағы хан ордасы атанған бай-бақуат ауылдың Көлтоғай атанған кезі еді ғой...

Бұдан әрі не болды дейсіз бе?..

«...Ертесіне мамыражай тұнып тұр­ған тыныштықты: «Келіп қалды, шұ­бырып келе жатыр» деген айқай бұзды. Арт жақтан Өменнің дауысы шықты. «Ал жігіттер, дайындалыңдар, оқтаңдар» деп барып, «Атыңдар» деді. Атыс бас­талып, астан-кестен болды да кетті. Гүр­сілдеген зеңбірек дауысы құлақ­ты тұндырады. Осы шайқаста көтері­ліс­шілер жеңіліс тапқанымен, әлі де қарсыласуға тұрарлық күштерін сақтап қалды... Орыстар да Үрпектен ары бар­мады, өліктерін он бес шанаға тиеп, Бат­паққараға кетті...»

Осы Доғал-Үрпек соғысында қайтыс бол­ған отыз жігіттің ішінде Жағыпар да бар еді. Мына біз отырған жерге Әбді­ғапар көкем өз қолымен жерлеген Жағы­пардың бейіті анау.

Анадай жерде дөңкиіп тұрған ма­зар там Жағыпарға да, Өменге де емес, Әбді­ға­парға бағыштап салынған. «Қазақ­тар ширатылып, ел мүддесіне жұмыс істей бастаған кезде» салынған ақшаң­қан кесене. Кәдімгі мемлекеттік стан­дарт емес, халықтың өз қаржысына тұрғы­зылған ғимарат... Күндердің кү­нінде мұның да мемлекет қарауына алы­нып, халыққа қажет жәдігерге айна­ла­тынына сенем. Кесенеге қарап оты­рып Қостанай мен Амангелдідегі мем­лекеттік стандартпен салынған мұражай­лардың сөресіндегі жәдігерлер – білтелі, білтесіз мылтықтар көз алдыма келеді...

Сол мылтықтарды жиып-теріп мына Көлтоғай ауылына әкеліп, он алтының қырғынында қыршын кеткен көкелеріме арналған бір мұражай салып тастасақ та артық етпес еді-ау деп ойлаймын ғой баяғы...

...Бейіттің ішін аралап келем. Өз-өзімнен елегізіп, әлденені, бәлкім әлдекімді іздейтін секілдімін. Сөйтсем... Сөйтсем, Тынышбала анамыздың бейітін іздеген екенмін ғой. Жоқ... Жәмила анамыздың бейіті де жоқ... Құлағыма әлдебір зарлы үн келеді...

«...Орта жүздің ішінде, нәсілі қыпшақ таза еді.... Пайдасы көп хал­қына, залалы жұртқа аз еді... Бір біз емес, Орта жүз маңдайына сыймады... Қауы­мына келгенде, шыбыны жоқ жаз еді. Әділдіктен аумаған, үкіметлі қазы еді... Жұрт бағуға жалықпай, жоғары-төмен қалықтай, балапанын шұбыртып, шалқар қонған қаз еді... Мен жыламай, қайтейін-а-й-ай, қайтейін?!.».

Жоқтау... Әбдіғапар әмір өлгенде Тынышбала анамыздың аңырап айтқан жоқтауы ғой мынау...

«...Арғын, қыпшақ ұлдары, құрмет етіп түсетін, көкорай біткен саз болды... Қадірін біліп халқының, мейманын күтіп алғанға, халық қарындас мәз болды... Даңқың шықты ғаламға, мемлекет хал­қын ұстадың... Қамал бұзып баһадүр, қан­шама әскер бастадың!.. Уа, дариға, сұл­таным! Қайраты асқан арыстан, өл­генімше үзілмес, мәңгілік ғазиз дас­таным... Қайтейін-а-а-й, қайтейін?!..»

Жоқтау... Жоқтау ғой мынау... Бәлкім, азаматынан айырылған, қанатынан қайырылған қаралы көңілдің жан-жарына аңырап айтқан арнауы шығар?..

 «... Қараңғы тұман желдетіп, жарлығы келді патшаның... Он сегіз бен отыз бір... керегі болмай басқаның... Тауды ұшырған қаһарын, құйындай көріп, саспадың.... Жұртыңды жатқа бермедің, қорқаққа азып ермедің... Қарсы тұрып кәпірге, қылмадың ісін басқаның... Азаматын қорғап Алаштың, басыңды жауға тоспадың... Заһар шашқан аузынан Николайдан қашпадың... Алпыс мыңдай әскермен, қаласы еді шапқаның... Қалай қиып атты екен, екі көздің біреуі – Ті­леулінің баласын... Бар білгені сол ма екен, өлімнің тауып қиясын, мерген алып аулады, өзінің бірге тумасын... Құдайдан қорқып, аруақтан ұялмаған оңбасын! О, дариға, ғазизым, болдыңыз қалай жазада?! Қанша айтсам да хақ ісі, не амал бар қазаға... Қайтейін-ай!..».         

Жоқтау емес, қаралы көңіл жесірдің көкірек түкпірінен тұншығып шыққан гөй-гөйі ғой мынау... Әлде... Әлде, батырдың өмірбаянын, жорығы мен ерлігін, түгел, түг-е-е-л қамтыған жыр-қисса ма екен?..

...Бас-аяғы шоп-шолақ опасыз ғана дүние-ай, бұл енді мың тоғыз да он тоғызыншы жылдың желтоқсан мен ақпан айының тоғысында бетінің мұзы тас болып қатқан Сарыторғайдың иінін­дегі қаралы ауылдың Көлтоғай атанған кезі еді ғой...

Апырмай-ай, азаматынан айырылып, қанатынан қайырылып, Жаратқаннан жапа шеккен кезінде мұң мен зарын өлең-жырға сыйдырған байғұс ананың мына жоқтауына бәрі-бәрі сыйып кет­кенін қарашы...

Осыдан кейін Әбдіғапар көкем жай­лы жазам деп жүрген менде де ес болса-шы...

Тынышбала анамыз: «Мерген алып аулады, өзінің бірге тумасын...» дегенді неге айтты екен, қай туысын меңзеп айт­ты екен?..» деп ойлаймын ғой баяғы... Жол үстінде атылған Амангелді, жол үстінде атылған Кейкі мерген... Ол аз десең, жол үстінде атылған Иманжүсіп... Жол үстінде атылған Шәһ-Кәрім... Бәрі де жол үстінде... Сот алдына апармай, соң­ғы сөзін айтқызбай...

Әбдіғапардың қазасы да жол үстінде болыпты. Аш халықты тойындыру үшін қызылдар жүргізген «жаңа экомикалық саясаттың» қызып тұрған уақыты. Үкі­меттің ұсынған мәртебелі қызметінен бас тартып, мына Қараторғайдың қопа­сында жылқысын Қарасудың бойына айдап тастап, қойы құрттап, қымызын ұрт­тап тыныш отырған Әбдіғапар ауы­­лына қызыл әскер сау ете түсіпті. Тұт­қынға алынған көкеміз жолшыбай «Зәуре қопасы» деген жерге келгенде, күзетшілердің қабағынан өзінің тер­геусіз, сотсыз атылатынын сезген соң жай­на­мазын жайып, отыра қалған деседі. Атқан... Желкеден атқан... Бәлкім, қара ниет қарабет көзіне қарай алмаған шығар...

Кім атқанын, неге атқанын білмедім, сол жылдары Қазақ үкіметінің төрінде отыр­ған Әліби көкемнің жол үстінде атыл­ған бауырларына араша түсе алма­ғанына өкпелеймін ғой баяғы.

Жаныма аяғын ақсаңдай басып Ақылбек келді. Әулиекөлдің басында аңыратып өлең оқыған ақынымда бұ­рынғы көңіл күй жоқ.

– Тынышбаланың жоқтауын білетін шығарсың, Ақа?..

– Оны кім білмейді?.. Хан әйелінің жоқтауы болғандықтан, айтылмай келді ғой...

– Мына жерде Тынышбаланың да, Жәмиланың де бейіті жоқ...

– Қайдан болсын... «Бас-басына бай қайда», қаңғып кеткен ғой... Хан деген, әмір деген атағы бар Әбдіғапар көкем түгілі, «қызыл большевик» Амангелді батырдың әйелі де Тәшкен жаққа бас сауғалап қашып кетпеуші ме еді?..

– Жанболат Сәрсенбай өз мақала­сында: «Әбдіғапар хан мен Амангелді сар­дар 1919 жылы Торғай даласында шейіт болды. Бір қиыны, Әбдіғапар ұрпақ­тары үшін «хан» деген ат жайлы тимеді. Оның інілері мен балалары атыл­ды, сотталды. Тіпті хан атына қатысы жоқ інісі – Жағыпардың әйелі Айсұлу да елін, жерін тастап, Шымкенттен бір-ақ шықты. Тегін жасырып күйеуге шығып, Әбдіғапар ұрпақтарына жақындамады. Ол 1917 жылы туған қызының атын Үміт қой­ған еді, міне сол қызы қазір Шымкент қаласында тұрады» деп жазыпты. Осы сөздің рас-өтірігін білесің бе?..

– Мен не деп тұрмын... «Бас-басына бай қайда?» дегенді неге айттым?.. «Тесік моншақ жерде қалушы» ма еді, әйел жолы жіңішке, байға тисе тиген де шығар... Есесіне тегіне тартпай тұр­сын ба, сол Тілеулі батырдың, Нияз бидің ұрпағы бүгінде өсіп-өніп отырған бір қауым ел... Ағаш екеш ағаш та құнар­лы жерге тамыр жаймаушы ма еді, ба­ла­лары шетінен дөкей... Әбдіғапар әмір­дің жүз қырық жылдық тойында немерелері Қабден Жанбосын мен Марат Мырзағалиұлы, шөбересі Сағадат Әбді­ғапар келді. Аталарының асында тік тұрып қызмет жасады... Айтпақшы, сол тойға сен келмедің ғой...

– Алтайда қаңғып жүріп, естімей қалыппын... Әйтпегенде, шақырмаса да келетін едім...

«Шақырмаса да, келетін едім». Соң­ғы кезде шетімізден өкпешіл болып барамыз-ау осы...

Осымен әңгіме аяғы тұйықталып та қалған. Қараторғай өзенінің иініндегі Көлтоғайдың жанында Ақылбек ақын екеуміз тұнжырап отырмыз.

Солтүстік беттен жел тұрып, қоға ба­сын қисайтты. Бүгін тамыз айының алтысы. Мына желде ызғар бар. Шіліңгір шілденің артта қалғанын еске салса да өзі білсін...

Ескен желмен ілесіп, құлағыма Ты­ныш­бала анамыздың зарлы үні келетін сияқты ма, қалай?..

 

Серік БАЙХОНОВ,

жазушы