100 • 07 Қараша, 2019

Газеттің тойы Көкшеге ортақ

411 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрікті Көкше өңірінде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Облыс аудандарында оқырмандармен жылы жүзді кездесулер өткізіліп, аға газеттің өткен тарихын қамтыған шапағатты шолулар жасалып, бүгінгі бедерлі бейнесіне сүйсіністер айтылуда. 

Газеттің тойы Көкшеге ортақ

Осындай мазмұны толымды, әсері айта қаларлық кездесу Целино­град ауданының орталығы – Ақмол­да өткізілді. «Егеменнің» өткен тарихын қамтитын көрме ұйымдас­тырылыпты. Осы газетте қызмет еткен қаламгерлердің әр жылдары жарық көрген жинақтары да менмұндалап тұр. Жергілікті өнерпаздар Арқаның төрт алыбы – Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерін шырқады. Әнмен ажарланған кездесуге «Egemen Qazaqstan» газеті­нің жауапты хатшысы Самат Мұса, «Егемен Қазақстанның» ардагері Бақберген Амалбек қатысты.

– Аға газет қазір ел тәуел­сіз­дігін бекем­деп, іргесін бекі­туге айрықша атсалысып отыр, – де­ді аудан әкімі Мәлғаждар Тәт­ке­ев оқырмандармен кездесуді аш­қан сөзінде. – Назар салып қара­саңыз­дар, басылымдағы әр материал­дан елдікті көксеген ойды аңғарар едіңіздер. Маған, әсіресе, жұртшы­лық­ты жақсы істерге бағыттайтын, жақ­сылықты насихаттайтын, ел­дік­­ке ұйытқы болатын салмақты сөзі ұнайды. Аға газет деп емес, Алаш­тың қамын ойлаған ақсақал кейпіндегі, аузы уәлі, сөзі бәтуалы ата газет деп айтар едім. Шынында да, ақыл­ман атаның жасына жетіп отыр ғой. Ғұмырлы болсын.

Жүздесуге келген журналистер қауы­мы жүз жылдық жылнамадан есте­ліктер айтысты. Басылымға әр жылдары басшы болған игі жақ­сылардың шығармашылық қыз­меті мен ұлт үшін еңбек еткен қияпат жұмыстары көлденең тар­тыл­ды. Бұл туралы тарих пәні­нің мұғалімі Серік Қанафин, Це­ли­ноград аудандық әкімдігінің қыз­меткері Дидар Оралбек өз лебіз­де­рін білдірді.

Ба­сылым бетінде мемлекеттік, ұлттық маңызы бар мәселелердің орынды әрі өткір көтерілуі де газет­ оқыр­мандарының көңілінен шығып отырғандығын аңғаруға бола­ды. Осы орайда кездесу барысында келелі мә­се­ле­лер көтерілді. Таратып айт­сақ, тақырып аясы былайша өріс­­те­мек.

– Қазақ тілінің қуатын, көркем­ді­гін біз осы газеттен үйрене­міз. Кей­де көп қолданыла бермейтін архаизм сөздер де кездесіп жатады. Кей­біреулер дұрыс ұқпағанымен, қазақтың бар сөзі өз бояуымен жазылғаны дұрыс. Әйтпесе тіліміз жұтаң, жадағай қалыпта қалады. Ті­лі­мізді тірілтіп отыр­ған осы ба­сы­­лым, – деді газет оқырманы Серік Қанафин.

Шортанды ауданында да «Егеменнің» тойы газет оқырмандарын бір серпілтіп тастаған әсерлі кешке айналды. Жиналған қауым мерекеге арнайы ұйымдастырылған «Egemen Qazaqstan» тақырыбындағы көр­ме­ні тамашалады. Жүздесу барысында оқырмандар аға газет көтеріп отырған қадау-қадау тақы­рыптар төңірегінде өзде­рінің көкі­рек­те­рін­де жүрген нәрлі сөздерін тілге тиек етті.

– Біздің ауданда аттөбеліндей ғана жергілікті ұлт өкілдері бар, – деді аудандық ішкі саясат бө­лімінің басшысы Сәуле Қа­сено­ва. – Газет бізге рухани азық бо­лып отыр. Мен, әсіресе, тұл­ға­­лар тақырыбымен берілетін Алаш­тың жақсы-жайсаңдарының өне­гелі өмірі мен ұлтқа сіңірген еңбегі жайлы сүйсініп оқимын. Га­зетті тұрақты оқыған адам көп жайға қанық болатындығы айдан анық.

Осындай кездесу қияндағы Жар­­қайың ауданында да өткізілді. Жур­­­налистермен жүздесуге аудан­да­­ғы зиялы қауым, аға газеттің тұ­рақ­ты оқырмандары жиналды.

– Ағынан жарылып ақ сөй­лей­тін аға газеттің тойы біз үшін де қуаныш,–деді аудан әкімі Мұрат Бал­пан. – Бұл той жалғыз газеттің ғана тойы емес, бар­лық оқыр­мандар үшін ақ түйенің қарны жарылған ұлы­ той. Өзіміз күн сайын газетті қалт жібермейміз. Ба­сы­­лымның бүгінгі бейнесі көп көңілінен шы­ғуда. Безендірілуі де көркем. Қа­зір­­гі нарық заманында газет
тауар есебінде. Егер онда оқырлық материал болмаса, оқырманның қолына көркемделіп, безендіріліп тимесе, жазылымы да олқы болар еді.

Кездесу барысында ұстаздар қауымы «Egemen Qazaqstan» га­зе­тінің білім саласын тереңнен қаузап жазып жатқандығын, оның өздерінің күнделікті шаруасына септігін тигізетіндігін айтып, ризашылық лебіздерін білдірді. Замана тынысын тамыршыдай тап басып отырған ұстаздардың айтуы­на қарағанда, бұл күнде бел алып тұрған әлеуметтік желілердің қайсыбірінде жарияланған дүние­лер­­дің көбі адам сенбейтін жайлар. Ақиқат сөз, адал сөз арлы газетте. Арлы газет – жүз жылдық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті.

Көкшелік оқырмандар көпшілік сүйіп оқитын басылымның бағасы салмақты сөзінде екендігін саналарымен түйсініп отыр. Жақсылыққа жақын тұратын жұртшылық жүз жылдық той ел үшін сіңірілер еңбектің тағы бір жарқын бастауы, асқақ белесі деседі. «Белестен белеске белі талмай жете берсін, ел газеті – «Егемен»!» деп ақ тілектерін жолдап қалды.

 

Ақмола облысы