07 Қараша, 2019

Қар тұтқынында қалғандар құтқарылды

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында қазан айының соңына дейін бір қалыпта тұрған ауа райы қарашаның басында нілдей бұзылды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Ырғыз ауданы аумағын, Самара – Шымкент халықаралық жол дәлізінің тұсында қоныс тепкен Қалыбай ауылының маңын ұзақ уақыт жапалақтап жауған қалың қар басып қалды.

Қар тұтқынында қалғандар құтқарылды

Соның салдарынан бұл кезде ауа райының күрт өзгеруі жол үстіндегі 200 автомобильдің қоз­ғалысын тежеді. Қар тұтқынына 125 жүк машинасы мен 70 жеңіл көлік және салонында 15 жолау­шысы бар «Ташкент – Түмен» рейстік автобусы тап болды.

Адамдарды құтқаруға 15 автопатруль құрамы жұмылдырылды. Соның ішінде Ырғыз бен Әйтеке би аудандарының полицейлері мен ТЖД қызметкерлері және «Қазавтожол» ЖШС өкілдері дер уақытында қимылдай білді. Қосымша көмекке мұқтаж бол­ған 30 адамға шұғыл көмек бе­рілді. Өзге жолаушылар жол бо­йындағы сервистік орындар мен тамақтандыру қосындарына ор­наластырылды. Мұндай күр­делі жағдайдың қалыптасуы көптеген көлік иелерінің қысқы кезеңге әзірленбеуі, соған сәйкес автомобильдерінің дөңгелектерін ауыстырмағаны себеп болыпты.

Сөйтіп құтқарушылар қар кептелісінен 190 автомобильді сүйреп алып шықты. Кемпинг­терде барлық жолаушылар мен жүргізушілерге тегін тамақ ұй­ым­дастырылды. Сонымен бір­ге оқиға орнында қалған кей­бір адамдарға тамақ тасылып берілді. Өкінішке қарай, рейстік автобустағы жолаушылардың бірі, Тәжікстан азаматы Түменде атқарып жүрген жұмысынан еліне қайтып келе жатқан сапарында қайтыс болды. Мар­құмның өлімі жол үстіндегі оқи­ғадан емес, ағзасында бұ­рын­нан бар дерттен, яғни жүрек ишемиясы талмасынан болған екен. Дәрігерлік сараптама қо­рытындысы осындай. Оның мәйі­тін патрульдік қызметкерлер «Қарабұтақ трассалық медици­налық құтқару бекетіне» жет­кізді. Әрі қарай оның денесін Тә­жікстанға жеткізу жолдары ұйымдастырылады.

Дүйсенбі күні Қалыбай ауылы маңайында қар тұтқы­нында қалған автомобильдер толық шы­ғарылды. Мұндай жағдай Шал­қар мен Ырғыздың ортасында да орын алған. Мұн­да бес автокөлік табиғаттың күрт құбылысынан көздеген жеріне жете алмай бө­гелген. Құт­қарушылардың кө­мегімен аталған көліктер Ыр­ғызға жет­кізілді. Сондай-ақ Шал­қар мен Тал­дықұм арасында жеті жолаушысы бар «УАЗ» автокөлігі де тұрып қалған. Бұл жөніндегі хабар құтқарушыларға кешірек тисе де оқиғаның соңы нәтижелі аяқталды. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

 

Ақтөбе облысы