Қоғам • 07 Қараша, 2019

Дала дидары

716 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әли Бақтыгереевтің қолтаңбасында дала дәстүрі, ұрпақ сабақтастығы, ұлт тарихы дара мәнге ие. Кескіндеменің пластикалық-образдық жүйесін және алуан түрлі ком­по­зициялық шешімдерді жіті меңгерген шебер бұл тақырыпқа келгенде ерекше шабыттана түсетіндей. Оның туын­дылары стилистикалық мәдениетке, ерекше көңіл күйге, махаббат мен мейірім шуағына толы.

Дала дидары

Қылқалам шебері дала ха­лықтарының дәстүріне, мәде­ниеті мен тұрмысына асқан сезімталдықпен ден қойған. Кез келген туындыгер аңғара бермейтін жеке құбылыстарға жан-жақты көз­қараспен ұмтылысы сурет­шіні ұлттық та­қырыптың этноромантикалық биік сатысына жетелейді. Таным мен тағылым, ұлт тари­хының боя­масыз бейнесі, дә­уір шындығы суретшінің шы­ғармашылық кредосы дерсіз.

Ол суретші ретінде де, педагог ретінде де қазақ заманауи кескіндеме мектебінің дамуына зор үлес қосты. Ұс­таз­дықпен өткен 25 жыл ішін­де О.Таңсықбаев атын­дағы Алматы сәндік-қол­дан­балы өнер колледжінің қа­быр­ға­сында ерен жүйрік сурет­шілердің тұтас бір шоғырын шыңдап шығарды. Шәкірттері қазіргі таңда «Бақтыгереевтің мектебі» сурет өнерінде өзіне тән өрнегін қалыптастырған, ұлттық мінезге бай мектеп екенін дәлелдеп келеді.

Ә.Қастеев атындағы өнер музейіндегі «Алау» деп аталған көрменің экспозициясындағы Бақ­тыгереев шығарма­шы­лы­ғы­ның әртүрлі кезеңін қам­тыған 80-ге жуық кескін­демелік картина көрерменнің ойы мен көңілін тереңге тартады. Бұл тұрғыда дарын­ды қылқалам шеберінің «Көш», «Батыр», «Күннің ба­туы», «Әуез», «Өмір», «Кеш» секіл­ді әсерлі де әуезді шығар­ма­ларын айрықша атай кеткен жөн. Көрмеде сонымен қатар суретшінің халықаралық және республикалық конкурс­тарда топ жарып жүрген шәкірт­терінің туындылары да топ­тас­тырылыпты. Бұл өз кезе­гінде дегдар өнердің терең діңінен нәр алып, өнегелі өмі­­рін ұстаздық жолмен ұш­тастырған туындыгердің ізде­ніс іздері кеңге қанат жай­ғанын әйгілейді.

«Оның шығармашылық әлемі ұлттық дәстүр бай­лы­ғымен тығыз байланысты. Ол адам жанының жылуын дәл, анық беретін техникаларды артық көреді. Көркемдік стилі мен қолтаңбасы, тақы­рыптары мен сюжеттері ерекше. «Алау» топтық көрме екендігіне қарамастан, экспо­зицияның басты бөлігін Ә. Бақтыгереевтің туындылары құрайтындықтан, көрмені бейнелеу өнері шеберінің өзіндік бірінші жеке көрмесі деп ай­туға болады», – дейді көрме же­текшісі Еркежан Омарова.

 

АЛМАТЫ