Мұражай қызметкері Айдана Тәжиева мұражай көрсетілімін 1956 жылдың 27 желтоқсанындағы Қызылорда облысының милиция басқармасын, Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасы болып қайта құру жайлы тарихи бұйрығымен таныстырудан бастады. Әрі қарай департамент тарихынан бастап мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері, қызметтік міндеттерін өтеу барысында қайтыс болған қызметкерлердің, ішкі істер органдары ардагерлерінің өмірінен сыр шертетін экспонаттармен, фотостендтермен, құнды кітаптармен таныстырып өтті.
Сондай-ақ 13 жылға жуық уақыт Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасын басқарып, 40 жыл өмірін ішкі істер органдарына арнаған милиция генерал-майоры Демесінов Есен Демесінұлының қызмет барысында пайдаланылған заттары мен медальдарын, нысанды киімін де таныстыра өтті. Мұнда сонымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде мерт болғандардың ерлік істері жайында деректер мен естеліктер, кезінде қолданыста болған қарулар, тәркіленген суық қарулар мен оқ-жарақтар да мұражайдың құнды экспонаты.
«Мұражай 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұражай қорында 500-ден аса эскпонат қоры бар, оның ішінде қылмыскер қолынан қаза болған полиция қызметкерлері Ғазиз Байтасовқа, Талғат Қозыбаевқа арнайы естелік бұрышы ашылған. Мұражайға көбіне оқушылар, студенттер мен жас қызметкерлер жиі келеді, мүмкіндігінше мұражай экспонаттары туралы толық мағлұмат береміз» деді мұражай қызметкері Айдана Тәжиева.
Өткен тарихқа куә экспонаттарды тамашалаған ҚАЖ қызметкерлері отансүйгіштік, патриоттық-рухани әсер алып, алдағы уақытта осындай іс-шаралардың жиі өткізілуі қызметкерлерге оң әсерін берері сөзсіз екендігі айтылмай қалған жоқ.