Руханият • 07 Қараша, 2019

Алматыда «Аспантау асқан үркін көш» кітабының таныстырылымы өтті

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматыда «Аспантау асқан үркін көш» кітабының таныстырылымы өтті

1948 жылы жиырма мыңға жуық қазақтың отбасы дүние-мүлкін буып-түйіп, қой мен жылқысын, түйелерін айдап, коммунистер басқарған Қытайдың Шыңжаң аймағынан азапты көшін бастады. Көш соңынан қалмаған коммунист жасақтарының үзбей жасаған соққылары аз болмады. Оған қосымша сусыз шөл даламен жүрген кезде малы шөлден өлді. Тибеттің мұзды қыраттарынан, теңіз деңгейінен бес жарым мың метр биіктіктегі тау асуларынан, жолсыз жерлермен, жан-жағы дұшпан қабақты бөтен елмен өткен кездерде азық-түліксіз түнейтін, баспанасыз қалып, ұзақ жол қияметін кешті. Екі жылдан соң жолға шыққан қазақтардың алғашқы санының төрттен бірінен аз тобы ғана әбден титықтап, Шығыс Кашмирге жетті. Аман қалғандары осы жерден баспана тапты. Бірақ бұл аз ғана уақытқа тынығу еді. Ержүрек адамдардың көпшілігі Түркияға жақсы өмірге жетеміз дегенше басқалары қиын жолда қазаға ұшырады...

 Қалибек хакім бастаған көш өткен ғасырдың 50-жылдары арып-ашып Түркия жеріне жетті. Үркін көштің Түркияға ат басын тіреуі елең еткізген тарихи оқиғалардың біріне айналды. Дәл осы кезде ағылшын журналисі Гофри Лайас ұлы көш куәгерлерінің аузынан осынау тағдырлы сәтті естіп, жазып алады. Қазақтардың көш бойы көрген ауыр тағдыры  1956 жылы «Kazak Exodus» атауымен Лондонда кітап болып жарыққа шықты.

Жақында Гофри Лайас жазған «Kazak Exodus» қазақ және орыс тілдеріне аударылып, «Аспантау асқан үркін көш» және «Великий исход казахов» атауымен «Amalbooks» баспасынан оқырманға жол жартты. Жобаның жетекшісі, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай  Алматыда «Ғылым ордасындағы» Сирек кітаптар музейіне тарихи деректі басылымдарды сыйға тарта отырып, ғылыми ортаға деректі басылымның жарыққа шығу барысынан мәліметтер беріп өтті.

«Тарихта «Қазақтардың Шыңжаңнан босуы» атауымен белгілі болған кітапта 40-60-жылдарда Қытай қазақтарының Шыңжаңнан Қытайдың басқа аймақтарына, Моңғолия мен Үндістанға мәжбүрлі көшу тарихы баяндалады. Онда Қытай коммунистеріне қарсы айқасқан Оспан батырдың да ерлігі дәріптеледі. Ғаламтордан Оспан батыр жайындағы деректерді іздестіре келе Гофри Лайас жазған кітап бар екенін көз жеткізіп, оқып көру мақсатында басылымды іздестіре бастадым. «Amazon» сайтынан ағылшын нұсқасын тауып, екі-үш жүз жыл емес, осыдан сексен жылға жуық уақытта халқымыздың басынан кешкендеріне қайран қалдым» дейді баспагер.

Кітапта қаншама тың мағұлматтар жатыр. Басылымның ағылшын нұсқасы оқиға куәгерлердің өз аузынан жазып алынғандығымен құнды. Сондай-ақ бұл осы тақырыпқа байланысты батыста жарық көрген алғашқы кітап.  Онда автор оқиғаларды, куәгерлер өмірін барынша кең ауқымда баяндайды. Қаншама қиын-қыстау кезеңді бастан кешкен халықты рух пен жігері жетелеп, ұрпағын аман алып қалуға септігін тигізді.  

Кітапты таныстыру барысында «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдін тарихымызға, мәдениетімізге қатысты құнды дүниелерді іздеп, тауып, аударып шығарған баспагердің ізденісіне ризашылығын білдіріп, қазақтың ұлы көшінің тарихына қатысты кейбір кезеңдерге қатысты мағұлматтармен бөлісті.

Тарихи құнды басылымды Сирек кітаптар музейіне табыстау бастамасын көтерген заңгер Айгүл Кенжебаеваның айтуынша, кітапты оқығаннан кейін Қытайдан келген ағайындармен сұхбат құрып, олардың көпшілігінің ел тарихындағы көш жайындағы мәліметтерден бейхабар болғандығына тоқталып, ағылшын журналисінің кітапты жазудағы шеберлігі турасында айтып өтті. Сондай-ақ кітапта жарық көрген деректердің құжаттамалық сипаты бар екендігін айта келе, басылымның ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызы зор деді.  

 

АЛМАТЫ