26 Наурыз, 2010

КОНТР-АДМИРАЛ КОМРАТОВ

1007 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Ашылмаған аралдар Бұл мақаланы жазуға ең алғаш қозғау салып, түрткі болған Қызылорда қаласының тұрғыны Кәрім Есмұрзиннің редакцияға жолдаған хаты еді. Осыдан бір жыл бұрын бізге келген оның үшбу сәлемі: “Сайын атты ұлым бар. Сегізінші сыныпта оқиды. Болашақтағы арманы – теңізші болу, – деп басталыпты. – Баламның талабын қолдап, оған көмектесу үшін аталмыш саланың арғы-бергі тарихы туралы кітаптарды іздеп жүріп оқып, олардағы деректерді ұлыма айтып беремін. Көз жеткізген бір нәрсем, біздің Қазақ елінің патшалық және кеңестік кезеңдеріндегі өмір сүрген әскери қолбасшылар арасында ешбір қандасымыз жоғары дәрежелі теңіз офицерлері лауазымына қол жеткізе алмаған екен. Бұл тек еліміздің тәуелсіздігі кезінде ғана мүмкін болыпты. Оған “Батыс” өңірлік әскерінің қолбасшысы, контр-адмирал Комратовты айтар едік. Өкінішке қарай, аты-жөні мен қызметін баспасөз беттеріндегі ресми хабарлардан ұшыратып қалғанымыз болмаса, бұл азаматтың өмірбая­нын толық білмейміз. Сондықтан газеттеріңізге осы ағамыз жөнінде мақала жазсаңыздар деген өтінішім бар”. Болашақ теңізші ұл әкесінің бұл ойын хатты оқып отырғанда, сөз жоқ, құптағанбыз. Оның осындай идеяны айтқанына қатты риза болғанбыз. Сөйткенбіз де оған контр-адмирал Комратов жөнінде міндетті түрде материал жариялайтынымызды айтып, төмендегідей мазмұнда жауап хат та жазып жібергенбіз. Ол: “Ұлты басқа демесек, бұған дейін Қазақстаннан Лев Анатольевич Владимирский деген бір жерлесіміз осындай дәрежеге қол жеткізген. 1903 жылы Гурьевте өмірге келіп, сонда оқып-ержет­кен соң Орта Азия мемлекеттік универ­ситетінің әскери факультетін бітірген бұл кісі М.В.Фрунзе атындағы жоғары әскери-теңіз училищесіне түскен. Ұлы Отан соғысы жылда­рында Қара теңіз әскери флотына қолбас­шылық етіп, контр-адмирал кейін адмирал атағын алған. Л.А.Вла­димирскийдің қызмет барысында тұтынған кейбір заттары қазір Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр”, – деген сөйлемдер еді. Содан арада үш айдай уақыт өткен. Бір күні Ақтауға екі күндік іссапармен барудың сәті түсе қалды. Ондағы “Каспий теңізі мен оның жаға­лауындағы экологиялық ахуал” атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып болған соң бірден осындағы “Батыс” өңірлік әскер­інің штабы үйіне тарттық. Ойымыз – мұндағы контр-адмирал Комратовқа жолығып, Қызыл­ордадан редакцияға келген әлгі хат иесінің өті­ні­шін орындау. Өкінішке қарай, іздеген ада­мымыз орнында болмай шықты. “Ратмир Әлім­ханұлы Астанадағы Қорғаныс министрлі­гінен келген әскери инспекциямен жүр. Олар Каспий жағалауындағы флотилия жұмысын бақылап қайтпақшы”, – деді қолбасшының адъютанты. “Сонда ол кісі бүгін келмей ме?” “Аны­ғын айта алмаймын”. “Не­ге?” “Себебі, инс­пекция мүше­ле­рінің маршру­ты Каспий акваториясының біз жақ­тағы жағалауын толық қамтып қайтуға ар­нал­ған. Бұл мына шеті Түркіменстандағы Қара­бұғаз бен ана жағы Ресейдегі Астраханьға дейінгі теңіз үстімен ұшып бақылап қайту деген сөз”. Мұны естіген соң біз іштей қынжылған күйде терең бір күрсіндік те қолымыздағы сағатымызға қарадық. Қимыл-қозғалысымызды қалт жібермей қадағалап тұрған қолбасшы адъютанты: “Мұнда қанша мерзімге келіп едіңіздер?” – деді өзін нақ бір кінәлі адамдай сезінген кейіппен: “9 сағаттай уақытымыз бар. Кешкі 8-де чартерлік рейспен кетеміз”. “Мүмкін келіп қалуы да... Жалпы ме­нен бір хабар күтіңіздер”, –деді ол екіұшты жау­ап қатып. Сөйтті де біздің көңілімізді аулағандай болып: “Ал оған дейін сіздер мына папкадағы ксерокөшірмемен танысыңыздар. Бұл Ратмир Әлімханұлының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар. Содан соң... Иә, содан соң мен сіз­дер­ге осы Ақтаудағы әскери-теңіз институ­тының бастығы, І рангалы капитан Марат Төлекбаевқа жолығып, әңгімелесуге кеңес берер едім. Өйткені ол кісі біздің қолбасшының жақын досы. КСРО кезінде екеуі Камчаткада 6 жыл бірге болған ад­ам­дар. Сондықтан Мәкең біздің Ратмир Әл­ім­хан­ұлы туралы қызық әңгімелер айтып беруі мүмкін”. Адъютанттың мына сөзіне біз елең ете түстік. Сөйттік те оған рахметімізді айтып, аз-кем уа­қыт­тан соң ол мегзеген әскери-теңіз инсти­ту­ты­на қарай бет алдық. Жолшыбай мәшине ішін­де папканы да алдымызға ашып қойып, болашақ кейіпкеріміздің өмірімен танысып келеміз. Ан­ке­талық деректерге қарағанда Рат­мир Комратов 1951 жылы Жамбыл қаласында өмірге келіпті. Әкесі Әлімхан 1912 жылғы екен. 1932-1936 жыл­дары Ташкенттегі және Там­бовтағы атты әскер училищесін бітіріпті. Содан соң екі жыл бойы ақ финдермен арадағы соғысқа қатысып, атақты Маннергейм бекінісін алуда оның взводы үлкен ерлік көрсетеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Әлекең әлі елге қайтпаған еді. Төрт жыл бойғы от кешуде үш рет жара­ланып, Жеңіс күнін 3-ші Украина майданының әскерлерімен бірге Дрезден қала­сында қарсы алады. Содан кейін 1945 жылғы тамызда Қиыр Шығысқа аттанып, Жапонияның Квантун ар­мия­сын талқандауға қатысады да жеті жыл ішін­дегі үш соғыста кеудесіне екі жауынгерлік Қызыл ту, Отан соғысы және Қызыл жұлдыз ордендері мен “Ерлігі үшін” медалін қадап елге оралады. Әлімхан аға бейбіт өмірдегі еңбегінде де өзі­нің тәртіпті, тиянақты, адал қасиетімен ерек­шелене біліпті. Оған ол кісінің 10 жыл Жамбыл қалалық құрылыс басқармасының бас­тығы, 12 жыл осы қалалық атқару коми­тетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, құрметпен зей­нет­ке шыққандығы анық дәлел. Ал кейіпкеріміздің анасы Роза Нығметол­лақызы педагог екен. 45 жыл бойы мектепте сабақ беріп, үш баланы тәрбиелеп өсіріпті. Олар: 1948 жылы өмірге келген Руслан, 1951 жылы туған Ратмир және 1953 жылғы Рогдай екен. Береке-бірлігі мол отбасыны қалып­тастырып, көпке үлгі болған әке мен ана бауыр еті – балаларының азамат атан­ғандарын көздерімен көріп, көңілдері жайланған. Сөйтіп барып, отағасы Әлекең 1986, ал аналары Роза 2000 жылы бақилыққа аттаныпты. Міне, осы абзал жандардың ортаншы ұлы Рат­мирге келер болсақ, ол өзі туып-өскен Жам­был қаласының А.С.Пушкин атындағы № 8 орта мектебін үздік бағамен бітіреді. Сөйтеді де Севас­то­польдегі әскери-теңіз училищесіне оқуға түседі. 1973 жылы бұл білім орнынан ядролық-энер­ге­ти­калық реакторлармен жұмыс істеу маман­ды­ғын алып шыққан лейтенант Ратмир Комратов Қызыл тулы Тынық мұхиты әскери-теңіз флотына жіберіледі. Сондағы Камчатка түбегі мен Куриль аралдарында 9 жыл болады. Бұл осында қызмет істейтіндер өмірлерінің көп бөлігі су астында өтетін құпиясы мол қатерлі жұмыс еді. Туғалы мұхит тұрмақ теңіз не көл көрмеген қа­зақ ұланы аталмыш әскери қызмет барысын­дағы қиындықтардың бәріне көнген. Төзген. Сөйтіп өзінің сөзге ермейтін адал, ешкімді қия­нат­қа қимайтын әділ қасиеттерімен адамгершілігі мол азамат екенін дәлелдеп шыққан. Осындай ерекшелігінің арқасында Ратмир Әлімханұлы 27 жасында атомдық ракеталық-ядролық сүңгуір қайықтың топ жетекшісі, 30-ында дивизион командирі болады. 1982 жылы орталықтың сұратуы бойынша Қызыл тулы Тынық мұхиты әскери-теңіз флотының басшылығы оны өте жақсы мінездемемен КСРО Қорғаныс минис­трлігінің қарамағына жібереді. Мұнда ол 6 жылға жуық одақтағы әскери мақсатқа негіз­делген құпия кәсіпорындардың өкілі болады. Осыдан кейін 1988-1990 жылдары Ленинградтағы адмирал М.Г.Кузнецов атындағы әскери-теңіз академия­сында оқиды. Қазақстанның тәуелсіздік алғанын 1991 жылғы 18 желтоқсанда Ресей Қорғаныс министрлігінің Орал қаласындағы әскери кәсіпорындарын аралап көруге келген комиссия құрамында жүріп естіген Ратмир Комратов республика Үкіметіне елге оралғысы келетінін айтып хат жазады. Осы өтініш негізінде оны 1992 жылы мамырда еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал-полковник С.Қ.Нұр­ма­ғамбетов қабылдайды. Сағадат Қожахмет­ұлы­мен арадағы болған сол кездесуден кейін біздің кейіпкеріміз Қазақстанның батыс өңірінде енді-енді қолға алынып, жаңадан құрылғалы жатқан респуб­лика әскери-теңіз базасының командирі ре­тінде Ақтауға аттанады. Мұнда ол табан аудармай 6 жыл жұмыс істейді. Ақ тер, көк тер болып еңбектенген сондағы сан түрлі істердің нәтижесінде алдымен Каспийдің біздің ел жақ бөлігін күзететін теңіз жағалауы патрульдік қызметі, бертін келе су айдынына шығатын флотилия, содан кейін барып әскери-теңіз флоты өмірге келеді. Мұнымен бір мезетте ол Ақтаудағы әскери-теңіз институтын ашудың негізін қалап, соған алғышарттар жасап үлгереді. Міне, аз ғана, тіптен аз уақыт ішінде осындай жан­қиярлық еңбегі мен керемет ұйымдасты­рушылық қабілеті үшін Елбасымыз 1998 жылы өзінің Жарлығымен Ратмир Әлімханұлы Комратовқа контр-адмирал атағын беріп, рес­публика Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы етіп тағайындайды. Адъютант жігіттің берген папкасындағы мәліметтерден жоғарыдағыдай жәйттерге көз жеткізіп бола бергенімізде, жүргізушіміз әскери-теңіз институтының ғимаратына келіп қалғанымызды айтты. Содан аз уақыт өткен соң біз осы жоғары оқу орнының бастығы, І рангалы капитан Марат Төлекбаевтың алдында отырдық. ­– Ратмир Әлімханұлымен мен алғаш рет 1977 жылы Камчаткада танысқан едім, – деп бастады келген шаруамыздың мән-жайын білген соң ол кісі. – Сонда Рыбачье деген бухта бар болатын. Жағалауы толы ығы-жығы поселке үйлері. Біз қызмет ететін 8-ші сүңгуір қайықтар дивизиясы сапарға осы жерден аттанып, осында қайта оралатын. Тапсырма, яғни, су астындағы жорық 3-4 айға созылушы еді. Әрбір әскери кемеде 120-130 адамға дейін болатын. 400 метр тереңдікте жүзетінбіз. Міне, сондай бір кезекті алыс сапардан оралып, жағалауға жақындаған кезіміз еді. Қасымда сүңгуір қайықта бірге қызмет істейтін жалғыз қазақ жігіті, өскемендік Арнауыт Мұқатаев деген жолдасым бар. Екеуміз люк ашыла са­лысымен таза ауа жұту үшін трапты тарпылдата басып жағаға ұмтылға­ны­мыз­да, күтіп тұрған жұрттың ішінен лейтенант шеніндегі қараторы жігітті көріп қалдық. Қи­мы­лы өте тез екен. Батыл басып келді де: “Та­тар­сың ба, кімсің?” – деді маған тіке қарап. “Қа­зақ­пын, – дедім оған. – Түркістан қала­сы­нан­мын”. “Мен де қазақпын. Жамбылданмын”. Міне, Ратмирмен ең алғаш осылай та­нысқан едім. Жолдастық қарым-қатынасымыз бен достығымыз сол кездесуден бастау алды десем еш қателеспеймін. Камчаткада, әрине, онымен жұбымыз жазылмай, ұдайы бірге жүріп тұрдық деп өтірік айта алмаймын. Өйткені, әскери қызмет бабы оған көп мүмкіндік бере қоймады. Соған байланысты бір-бірімізді сирек көретінбіз. Неге десеңіз, ол да, мен де 8-ші дивизиядағы екі үлкен “РПКСН” (ракетно под­водный крейсер стратегического назна­чения) деп аталатын кемеде болдық. Ондағы жұмыс тәртібінің ешкім білмейтін құпия­лығының жауапкершілігін былай қойғанда, атқаратын қызметіміз өте ауыр еді. Вахтаға таңғы сағат 6-да тұрып, сменаны түнгі 12-де бір-ақ өткізіп беретінбіз. Әр крейсерде 16 баллистикалық ракетадан болды. Соны кірпік қақпай күзету керек. Орталықтан дабыл келіп түссе бәріне де дайын тұруға тиіс едік. 1982 жылы Ратмир Мәскеуге кетті де көп уақыт бойы хабарласа алмай, бір-бірімізден көз жазып қалдық. Тек, 1992 жылы кездейсоқ жағ­дайда, республика Қорғаныс министрі С.Қ.Нұр­мағамбетовтің қабылдау бөлмесінде ұшырасып қалмасымыз бар ма?! Осы күтпеген кездесуде екеуміз шұрқырай табысып, іле-шала ол да, мен де аталмыш ведомство басшысынан жаңа әрі жауапты қызмет атқаруға бұйрық алып шықтық. Бұл тағдыр дегеніңізді қойсайшы... Ратмир Әлімханұлымен үшінші рет жол түйістірген тұсымыз 2003 жылы осы Ақтауда болды. Ол кезде сіздердің кейіпкеріңіз мұндағы Батыс әскери округінің қолбасшысы екен. Ал мен елімізде тұңғыш рет ашылған әскери-теңіз институтының бастығы міндетін атқаруға келген едім. Содан бері біргеміз. Ақтаудың 13-ші шағын ауданындағы 23-ші үйде қатар тұрып жатырмыз. Әулетіміз осында өсіп-өнуде. Ал өзіміз қадери-халімізше тәуелсіз еліміздің әс­кери-теңіз күштерін дамытуға үлес қосудамыз. Мәкең жоғарыдағы сөздерді айтты да бір­ауық үнсіз қалды. Біз осы сәтті пайдаланып ол кісіге досы туралы оның бойында тағы қандай үлгі тұтатын қасиеттер бар екенін сұрап үлгердік. – Ол мейірбан, ақкөңіл жігіт, – деді сауа­лымызға іле жауап қатқан әңгіме иесі. – Қазақ­та “батыр – аңғал” деген сөз бар емес пе. Рат­мир дәл соның өзі. Мұны оның алып дене бітімі, кейбір қиын іс кездессе тайсақтамай, бірден бас-көз жоқ қойып кететін жүректілігі, жасы жер ортасына жетсе де жас балаға тән аңқау, сенгіш көңілі анық дәлелдейді ғой деп ойлаймын. Содан соң.., иә содан соң отыз жыл­дай орыс ортасында жүрсе де ол қазақылығынан айырылмаған адам. Олай дейтінім, 1998 жылы Ратмирдің інісі Рогдай, 2000 жылы анасы Роза қайтыс болғанда нағыз жөн білетін мұсылман баласы екенін көрсетті. Еліне барып келісімен осы Ақтаудағы көрші-көлемді жинап құран оқытты. Дұға жасады. Қарапайым да салмақты қалпынан айнымай жиналғандарға тәлім-тәрбиелік әңгімелер айтты. Мұны ата баласына лайық көргендік белгісі деп білген жөн. – Сөзімді Ратмирдің көп ешкім білмейтін бір ерекшелігін айтумен аяқтайын, – деді Мә­кең жөткірініп қойып. – Оның өлең жазатыны бар. Орыс тілінде. Досымыздың бұл өнеріне Шымкенттегі 2-ші Бүкілармиялық кеңесте көз жеткізіп тәнті болғанбыз. Сол жиында ол Елбасы туралы мынадай өлең жолдарын оқып, залды дүр сілкіндіргені бар: “Богом данный людям нашим, Сын народа Нурсултан. В трудный час страну возглавил, Суверенный Казахстан. Было трудно Союз расспался, Потерялись связи все, Экономика упало, Деньги стали не в цене. И никто тогда не думал, Пре­зи­дентом даже стать. Очень трудно тогда было, Всю страну руках держать. И в послании народу, Верь­те мне сказали бы, Что задумал то исполь­ню, Я держу слово свой. Мы вам верим, вы при­мер нам, Как работать, как служить. Дорожит своим народом, и народ весь свой любить”. ... Ақтауға барған іссапардан Астанаға қайтып оралған соң бір ай өткенде жаңа оқи­ға­ның куәсі болдық. Контр-адмирал Ратмир Әл­ім­ханұлы Комратов елордаға Қорғаныс ми­нис­трінің орынбасары боп келді. “Бұл кісімен енді анық кездесетін шығармыз. Сөз жоқ, осы жолы жүздесетініміз анық”, – деп ойла­ғанбыз сол сәтте. Бірақ бәрібір болмады. Бірде: “Жұмысқа енді ғана кірісіп жатырмын. Келе салып сұхбат бергенім ұят шығар. Уақыт өтсін. Сонда әң­гі­мелесерміз”, – деді Ратмир Әлім­ханұлы теле­фон­мен сыпайы ғана. Екіншісінде: “Іссапарға кетті. Министрлікке жарты айдан кейін бір-ақ оралады”, – деді көмекшісі. Үшінші реткі өті­нішімізге: “Міне, міне... Сізді енді қабылдайды. Ескертіліп айтылған. Күтіңіз”, – деген жауап алдық Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен. Өстіп жүргенде... Иә... Осы­дан екі апта уақыт бұрын болуы керек, контр-адмирал Комратов жасының келуіне байланысты әскери жарғыдағы тәртіппен отставкаға шығыпты. “Жақсы болды! Әңгімелесуге енді уақыты болатын шығар”, дедік жоғарыдағы хабарды естігенде біз. Иә, онымен енді сұхбаттасуға болады. Қалған сөзді содан кейін айтып, жазармыз. Қазірше осыған қанағат ете тұрайық, құрметті оқырман. Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев), Жоламан БОШАЛАҚ. АСТАНА.