Руханият • 07 Қараша, 2019

Тіл білімі институтына якутиялық ғалымдар келді

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына Ресей ҒА Солтүстік Сібір бөлігіне қарасты Саны аз халықтар мәселесі және гуманитарлық зерттеулер институтының бір топ ғалымы келді.

Тіл білімі институтына якутиялық ғалымдар келді

Екіжақты меморандум аясында бірнеше ғылыми шараға қатысқан ғалымдарды 92 жастағы ф.ғ.д., профессор, академик Петр Слепцов бастап келген болатын. Якутиялық делегация өткен бір аптаның ішінде бірнеше іс-шараға қатысты.

Якутиялық ғалымдар туралы мәліметтермен бөліскен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы Қуаныш Жұмабек бұл сапардың мақсаты түркі әлеміне ортақ құндылықтарды, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін насихаттап, тәжірибе алмасу, ғылыми айналымға енгізу, латын әліпбиі негізінде жасалған қазақ әліпбиінің негізгі мәселелерін талқылау екендігін жеткізді.

Сонымен қатар якутиялық ғалымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әрі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында өткен Ұлттық кітапханасы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының арасында жасалған Ынтымақтастық меморандумы негізінде Саха тілінің 15 томдық сөздігі мен «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің» тұсаукесеріне қатысты. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасының ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік жұмыстарының өзегі, іргетасы болған іргелі зерттеулерін жан-жақты насихаттау, көпшілікке таныстыру мақсатында өткен «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының да құрметті қонағы болды.

PhD Қуаныш  Жұмабектің айтуынша, якуттар – Манжурия тілімен «яку» деп аталатын ескі түріктің саха деген табынан тарайды. Ғалымдардың көпшілігі сахалар Олхон мен Байкал көлінің маңынан қазіргі Лена, Алдан және Вилюй өзендерінің алабына шамамен XIII ғасырда көшіп келіп, сол жерлердің эвендер, эвенктер секілді байырғы тұрғындарымен араласқан болса керек деп топшылайды. Саха тілі – түркі тілдері тобына жатады. Саха (якут) тілі басым көпшілігі Саха республикасын, аздаған тобы Краснодар, Хабаровск өлкелерінде, сол сияқты Амур, Иркутск, Магадан, Чита облыстарын мекендейтін, өздерін саха деп атайтын якут халқының ұлттық, әдеби, мемлекеттік тілі. Бұл тілдің дыбыстық құрамы өзге түркі тілдерінен өзгешелеу. 1818-1820 жылы миссионерлер якут тіліне жазу енгізді. Алайда якуттар 1929-1939 жылы латын әліпбиін, ал 1939 жылдан бастап кирилл әліпбиін қолданып келеді. Әдеби тілінің қалыптасуына Якутияның орталық аудандары тұрғындарының ауызекі тілі негіз болды.                                                 

«Якутиялық ғалымдардың Саха тілінің 15 томдық сөздігі мен «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігін» дайындауы ерен еңбек екенін айта кеткен жөн. Бұнымен тоқтап қалмай, Қазақстанға келіп, түркология саласында бірігіп жұмыс істеуге сақадай сай екендерін көрсетіп кетті. Бұл екі Институт екі жақты меморандум аясында алда әлі талай істерді бірге атқаратын болады» дейді ғалым Қ.Жұмабек.

 

АЛМАТЫ