Руханият • 07 Қараша, 2019

Қостанайда жазушы-журналист Байтұрсын Ілиястың 80 жылдығы аталып өтті

506 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жазушы, ақын, журналист Байтұрсын Ілиястың туғанына 80 жыл толғаны аталып өтті. Оған Байтұрсын ағаның замандастары, қаламдастары, шәкірттері мен студенттер қатысты.

Қостанайда жазушы-журналист Байтұрсын Ілиястың 80 жылдығы аталып өтті

Байтұрсын Ілияс республикалық «Егемен Қазқстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болып 33 жыл қызмет еткен болатын. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, Байтұрсын аға алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы шабыттана жазды, зерттеді. 1996 жылғы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры марқұм Зұлқарнай Алдамжардың қолдауымен «Ақжол» тарихи-танымдық экспедициясын басқарды. Сол сапардан кейін Ахметтің туған жері, айналасы, түп-тамыры туралы «Алтын бесік» атты кітап жазып шықты. Бұл ахметтану ғылымына үлкен үлес болып қосылды.

«Егеменнің» бетінде Қостанай-Торғай өңірінің тыныс-тіршілігі, озығы мен өзекті проблемалары туралы Байтұрсынның мөлдіреген мақаласы жарық көріп тұрды. Сонымен қатар Байтұрсын ағай Қостанай өңірі үшін журналист мамандар дайындау ісіне де атсалысты. Оның алдынан білім алған қыздар мен жігіттер қазір республикалық деңгейдегі қарымды журналистер қатарын толықтырды.

Кеште Байтұрсын ағайдың әріптестері, замандастары Ибрагим Ағытай, ақын Серікбай Оспанұлы, журналист Серік Шайман, ғалым Алмас Әбсадық, ақын Нағашыбай Мұқатов, Ғайнижамал Бердалинова және тағы басқалары естеліктер айтты.

Кеш соңында «Біз білетін Бәкең» атты естелік кітаптың тұсаукесері жасалды.

 

Қостанай