Руханият • 07 Қараша, 2019

«Сарбаз» газеті 90 жылдығын атап өтіп жатыр

886 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін еліміздің басты әскери басылымы «Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық газетіне 90 жыл толды. Дәл осы күнді қазіргі редакция ұжымы басылымның негізін қалаған, басылымда материалдары жарық көрген қаламы қарымды журналистерді еске алды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Сарбаз» газеті 90 жылдығын атап өтіп жатыр

90 жыл ішінде газет Қазақстандағы әскери баспасөздің қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Оның маңызын ескере отырып, Қорғаныс министрлігі мерейтойға орай әскери журналистика саласындағы «Әскер Медиа-2019» сыйлығын өткізу туралы шешім қабылдады.

Оның тарихы Қазақ әскери комиссариаты мен "Еңбекшіл қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") баспасының «Qьsul әѕкег» қазақ әскери газетінен бастау алды. Ол аптасына бір рет латын қарпімен қазақ тілінде шығып тұрды. 

Кейін, 1969 жылы 1 қарашада Алматы қаласында газет «Жауынгерлік ту» деген атпен жарық көре бастады. Сол кезде әр округте өзінің баспа органы, соның ішінде Орта Азия әскери округінде болды. 20 жыл газет әскер өмірінің жылнамасын жасады. 1989 жылдың мамыр айында округтің таратылуына байланысты басылымның шығарылуы да тоқтатылды, ал редакция таратылды.

Тәуелсіздік алғаннан бастап баспа әскери журналистикада жаңа тарих басталды. «Жауынгерлік ту» газетінің негізінде Қорғаныс министрлігінің орталық баспа органы – «Қазақстан сарбаздары - Воин Казахстана» газеті құрылды. Бірінші нөмірі 1992 жылдың 16 желтоқсанында, сәрсенбі күні қазақ және орыс тілдерінде шықты.

«Қазақстан сарбаздары» еліміздің негізгі әскери басылымына айналды. Бірінші нөмірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті айтулы оқиғаның маңыздылығын атап өтті.

«Газет республиканың қорғаныс мүдделерін және қарулы қорғаушыларын, оның Достастық мемлекеттерімен тиімді байланысын білдіруші болуға тиіс. Жастардың өз әскери борышын адал атқаруға ұмтылысын оятып, Отан алдындағы батырлық негізінде патриоттық рухта тәрбиелеу маңызды», - деп атап өтті Елбасы.

Газеттің бірінші редакторы подполковник Виль Рахманқұлов болды.

Басылымда көптеген талантты да танымал журналист жұмыс істеді. Сапарғали Жағыпаров, Григорий Красилов, Николай Завьялов, Николай Мальцев, Александр Бавтуто, Василий Даньшин, Людмила Бондарцова, бүкіл Орталық Азияда танымал әскери фототілші Виктор Дубровченко басылымның өркендеуіне зор үлес қосты. Сондай-ақ газетте бұрынғы майдан тілшілері – Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, белгілі жазушы, ақын Сағынғали Сейітов те қызмет етті.

Қазіргі таңда редакция штатында 10 журналист пен облыстағы өңірлік өкілдер жұмыс істеуде. Газеттің бас редакторы Батырхан Қуатбектің басшылық етуімен газет өзінің болмысы мен әскери журналистика дәстүрін сақтай отырып, заманауилығы мен бәсекеге қабілеттігін жоғалтпаған.

«Сарбаз» газетін оқи отырып оқырмандар әрқашан қазақстандық әскердің қызметі, әскери оқу-жаттығулар мен әскери қызметшілердің жетістіктері жайында ақпаратты оқып, өзге елдердегі әскер саласындағы оқиғалардан хабардар болып, Қазақстан Қарулы Күштеріндегі қару-жарақ пен әскери техникаға қатысты мағлұматтарды біле алады. Сонымен қатар газеттің электронды нұсқасы sarbaz.kz порталы мен мобильді қосымшасы да қолжетімді.