Қоғам • 08 Қараша, 2019

Полицейлер әулеті

949 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бізді жақын-жуықтарымыз «полицейлер әулеті» деп атайды. Өйткені өзім де ішкі істер органдарында қызмет атқардым, қазір ұлым да, келінім де осы салада еңбек етеді» деп бастады әңгімесін Серікбай Нұрмұханбетов.

Полицейлер әулеті

Облыс орталығының тұр­ғы­ны Серікбай Рамазанұлы ішкі істер саласындағы қыз­ме­тін 1983 жылы Қорғасын-мырыш комбинатында (қазіргі «Қазцинк» ЖШС) күзетшіліктен бастап, шаһардағы бұрынғы Октябрь аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыспен күрес бөлімінде жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, қалалық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінде жедел кезекші, кейін қалалық Жедел басқару орталығында же­дел кезекші қызметтерін атқа­­­рыпты. «Осы орталық ашыл­­­­­­­ғанда жұмыс істедім. Тә­жір­и­­­белі қызметкер ретінде мені сонда жіберді. Үш жылдай жедел кезекші болып еңбек еттім. Кейін Өскемен қалалық Ішкі істер басқармасының жедел кезекші бөлімінің бөлім басшысы қызметіне шақырылып, 2007 жылы сол жерден зейнет­кер­лікке шықтым. Бір қызығы, көбінде кезекші бөлімде жұмыс істеппін. Өзім негізі Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылының тумасымын, 1979 жылы мектеп бітіріп, қалаға келдік. Әкеден 6 жасымда қалып, анамыздың тәрбиесін көрдік. Шешем 5 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Балаларымның ешқай­сы­сына осы салаға бар немесе барма деп айтқан емеспін. Өздері таңдады. Менің жолымды ең бірінші қызым Динара жалғады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейді. Қызымның жұбайы, яғни күйеу баламыз Руслан да полиция майоры», дейді ішкі істер саласының ардагері.

Серікбай Нұрмұханбетовтің ұлы Дастан бүгінде Өскемен қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығында жедел кезекші қызметін атқарады. Ол мектеп бітірген соң Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алғанымен, әскери борышын өтеп келгеннен кейін әке жолын жалғастыруды жөн деп ұйғарыпты. «Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды атты әскер взводында патрульдік полиция болып бастадым. Кейін Ертіс полиция бөлімінде кәмелетке тол­мағандар ісі жөніндегі инс­пектор, осы бөлімнің кезек­ші бөлімінде инспектор қызметтерін атқардым. Соңғы екі жарым жыл Жедел басқару орталығында еңбек етіп жатырмын. Полиция болу – өз таңдауым. Көзімізді ашып көргеніміз милиция формасы болғандықтан, таңдауымыз осы салаға бекерге түспегені анық. Жұмыстағы әріптестерім кейде мені әкеммен шатастырып жатады. Бір қызығы, әкем жұмыс істеген жерлерде мен де жұмыс істеп жатырмын. Жұбайым Ақботамен 2014 жылы Ертіс полиция бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезде таныс­тым», дейді әке жолын қуған тәртіп сақшысы.

Дастанның жұбайы Ақбота Нұрмұханбетова облыстық По­лиция департаментінің кадр жұ­мысы басқармасында поли­ция инспекторы. «Полицей болуды бала кезімнен армандадым. «Өскенде кім боласың?» де­генде «Милиция боламын» дей­тін­мін. Арманым орындалды. Менің туған ағам да ішкі істер саласында жұмыс істеген. Өзім 5 жыл Ертіс полиция бөлімінде кә­мелетке толмағандар ісі жө­нін­дегі инспектор қызметін атқар­дым. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 7 жылға жуық­тады» дейді бүгінде бала тәрбие­сімен уақытша үйде отыр­ған Ақбота.

Орайы келгенде айта кете­йік, бүгінде Дастан мен Ақбота екі қыз бен бір ұлды тәрбие­леп отыр.

 

ӨСКЕМЕН

 Суреттерді түсірген Мерей ҚАЙНАРОВ