Аймақтар • 08 Қараша, 2019

Балалар тілегіне құлақ асқан әкім

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаттың бір топ тәрбиеленушілері бейнеүндеу жолдап, әкіммен кездескісі келетінін айтқан болатын. Бүлдіршіндердің тілегіне құлақ асқан әкім аталған мектеп-интернатқа арнайы барып, тәрбиеленуші балалармен кездесті.

Балалар тілегіне құлақ асқан әкім

Әуелі әкім білім ошағының ғимаратын аралап, бүгінгі жай-күйімен танысты. Мектеп-интернат директоры Ельмира Жақсылықова мұнда бүгінде 390 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізіп, олардың қатарында жартылай жетім, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың да балалары бар екенін айтты. Балаларға бүгінде 86 педагог және тәрбиешілер білім беріп отырғанын мәлімдеді.

Асқар Мырзахметов мекеме ауласындағы жаяу жүргіншілер жолы мен жатақханадағы балалардың төсек орындарын жаңалау мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар ауланы жарықтандыру, асхананың талапқа сай болу керектігіне де көңіл бөлді. Бұдан кейін балалармен кездескен әкім олардың түрлі сұрақтарына жауап берді. Мәселен, 8-сынып оқушысы Аяна Ким өзінің сүйіп оқитын сабағы қазақ әдебиеті пәні екенін, болашақта журналист болуды армандайтынын айта келіп, әкімнен бала күнінде қандай пән ұнағанын сұрады. Бұл ретте әкім бала күнінде биология, физика пәндерін жақсы көріп оқығанын айтып берді. Сонымен қатар Айзере Мұханқызы, Айгерім Мырзабек, Олжас Жұмабек сынды оқушылар да түрлі сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Жалпы, кездесу еркін форматта өтті. Кездесу барысында әкім өзінің оқушы кездегі естен кетпес қызықты оқиғаларымен де бөлісті. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов жеткіншектерді білімді, парасатты болуға шақырып, оларға әрдайым тілектес екенін жеткізді. Балаларға қай салада еңбек етсе де елге, ұрпаққа пайдасы тиетін мамандықты игеру керек екенін түсіндірді. Өз кезегінде 8-сынып оқушысы Әскербек Жамантай «Рахмет саған, туған ел!» әнін орындап берді. Сонымен қатар бүлдіршіндер әкімге өздеріне интерактивті тақта, музыкалық аспаптар қажет екенін айтты. Жеткіншектердің арман-тілектерін тыңдаған әкім олардың қажеттіліктерін алып беруге уәде берді. Бұдан кейін Асқар Мырзахметов мектеп-интернат музейімен де танысып, балалармен естелік суретке түсті.