Осы орайда Қ.Тоқаев әлеуметтік әлсіз топтардың тым көп несие алуы шұғыл шаралар қабылдауға алып келгенін атап өткен-ді. Яғни мемлекет тарапынан аталған санаттағы азаматтардың борышын жеңілдету мақсатында белгілі бір сомасы бюджет есебінен өтелгені, сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылғаны белгілі. Расында, Мемлекет басшысы айтқандай, ақша-кредит саясаты тиімділігінің жеткіліксіздігі ел экономикасының дамуын тежейтін себептің біріне айналып отыр. Осы негізде Үкімет пен Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізу жұмысын аяқтау қажеттігі тапсырылса, елдегі шағын несие беру ұйымдарының қызметіне қатысты да қордаланған мәселелер шешімін күтіп тұр.
Айталық, Ұлттық банктің мәліметінше, елімізде 5 миллион қазақстандықтың мойнында 4 триллион теңге қарыз бар. Яғни әр борышкерге шаққанда бір адамға орта есеппен 800 мың теңгеден келеді. Осы орайда айта кететін түйткілді мәселенің бірі, кейбір микроқаржы ұйымдарының несие мөлшерлемесі 1 мың пайызға дейін өскен.
Еліміздегі шағын несие ұйымдары 2014 жылға дейін бөлек құқықтық кеңістікте қызмет көрсетіп келген болатын. Сондықтан олардың қызметін Ұлттық банк тарапынан реттеу мақсатында бес жыл бұрын қабылданған заң бойынша барлық шағын несие ұйымдары қайта тіркеуден өтіп, қаржылық ұйым мәртебесін алуы міндеттелді. Қайта тіркелу барысында Қазақстандағы 2 мыңға жуық шағын несие ұйымының саны сирегенімен, олардан жылдам несие алушылар қатары кемімеді. Ұлттық банктің сол тұстағы басшысы оның себебін тұтынушылардың қаржылық сауатсыздығынан, сондай-ақ терминдердің ұқсастығынан көріп, шағын несиелік ұйымдар атауын шағын қаржылық ұйымдар атауына ауыстыруды қолай көргені есімізде. Алайда, содан бері бес жыл өтсе де қарызға иек артушылар қатары төмендемей отыр.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков жыл басында онлайн-кредит беретін ұйымдардың көбейіп кеткенін, олар жалақы алғанға дейін қарыз ұсынатынын, осы шағын несиелердің жоғары мөлшерлемесі халықты қарызға белшесінен батырып жатқанын жеткізген-ді. Осы орайда келер жылдан бастап күшіне енетін қаржы нарығы мен микроқаржыландыру қызметін реттеу бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасында шағын несие беруде бірқатар шектеу енгізу жоспарланып отырғаны айтылған болатын. Мәселен, енді қарызды қайтару мерзімі өтіп кеткен азаматтарға кредит берілмейді, сондай-ақ кредит сомасының шекті мөлшері бекітіледі.
Ұлттық банк мамандарының айтуынша, сондай-ақ шағын несие ұйымдары тарапынан кредиттік бюроға тиісті ақпарат жетпейді. Бұл несиелендірудегі қаржылық қауіп-қатерлерді зерделеуге тосқауыл болып отыр. Қаржылық есеп аудитінің жүргізілмеуі де табысты жасырып, салықтан жалтаруға мүмкіндік береді.
Осы ретте шағын несиелеу нарығында 10 жылға жуық қызмет көрсетіп келе жатқан Tas group компаниясының негізін салушы әрі жетекшісі Дулат Тәстекеевтен аталған заңнаманың шағын несие беру нарығына әсері қалай болатыны жөнінде сұраған едік.
– Жалпы, несие – қазақстандықтар үшін жаңа өнім. Себебі кеңес өкіметі кезінде қарапайым халық негізінен несие алған жоқ. Тәуелсіздік алған кезде ғана батыс қоғамынан несие ұғымы ене бастады. Мысалы, бұрын банктердің барлығы мемлекеттікі болса, енді жеке банктер пайда болып, несие беру басталды. Несие жеке және заңды тұлғаларға берілсе, заңды тұлғаларға берілетін несиенің өзі шағын және орта кәсіпкерлік, сондай-ақ ірі компанияларға берілетін корпоративтік несие болып бөлінеді. Сол кезде халықтың қаржылық сауатының болмауы үлкен борышкерлердің пайда болуына әкеліп соқты. Экономика құлдыраған кезде несиенің жылдық пайызы 400-600 пайызға дейін өскен сәттер де өтті. Бірақ осы несиені де алып, пайда тауып үлгергендер болды. Өйткені нарық ашқұрсақ еді. Сол кезде шет елден тауар әкелу, кедендік баж салығын төлеу, өндірушілермен есеп айырысу үшін ақша қажет болатын. Сондықтан жылына жүздеген есе өсімі болса да, олар пайда таба білді. Осы арқылы халықта «кредит» деген тегін ақша екен, алуға болады екен» деген ұғым қалыптасты. Өйткені алғашқы кезде 1 доллардың бағасы 4 теңге шамасында болды ғой. Яғни несиеге алған 400 теңгені тауарға айналдырып, бір жылдан кейін құнын жоғалтқан кезде банкке қайтарып бере салу оңай болды. 2000 жылдардан кейін несие бағасының түсуі нәтижесінде халықтың көбі кредит алды, – дейді кәсіпкер.
Дулат Тәстекеевтің айтуынша, «кредит» деген сөз латын тілінен аударғанда «сенім» деген мағынаны береді. Яғни алған ақшаны қайтаруға сенім білдіру. Жалпы «кредит – жаман» ұғым бар. Кредит қай кезде жаман болмақ? Егер кредит алған адам өз күш-қайратын дұрыс анықтап алмай, өтеуге қиналатын болса, әрине, кері әсері көп. Ал борышкер кредитті мерзімінде төлеп, жаба алатын жағдайы болса, жақсы жағы да бар. Бұл әлемдік экономикада бар құрал. Осы арқылы батыс елдері экономикасын дамытып отыр. Мәселен, мен жинаған ақшама үй алдым, тағы бір жұмыспен айналысқым келеді. Бірақ жиған-тергенімді үйге салғаннан соң қолдағы ақшам жұмыс істемей қалды. Бұл ақша жұмыс істеген кезде тағы табыс табуға болар еді. Осы арада кредит пайда болады. Өйткені ақшасы бар инвесторлар кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға жеке мүлкін кепілдікке ала отырып, кредит береді. Егер несиені еліміздегі сияқты тойға жұмсап жібермей, баласына көлік алып бермей, үстінен табыс табатын нақты бағытқа жұмсаса, пайдасы болар еді. Оның жақсы мен жаман жағын салыстыруда қаржылық сауат үлкен маңызға ие. Біз осы тұрғыда тығырыққа тірелеміз. Қаржылық жағдайын толық бағалай алмайтын адамдар кредитін өтей алмайды. Бұл – Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі құбылыс. Сондықтан кей дінде қарызға шектеу қойылған. Мысалы, ислам елдерінде. Десе де, ислам банктерінің де өзіндік қарыз беру жүйесі қалыптасқан. Бұл экономиканың қаржыландыру жүйесінсіз жұмыс істей алмайтынын көрсетеді.
«Ұлттық банк 2014 жылға дейін банктерден басқа қаржылық ұйымдарды қадағаламады. Себебі, банктерден басқа қаржылық ұйымдардың депозит ретінде халықтың ақшасын жинауға құқы жоқ. Шағын қаржылық ұйымдар халықтан ақша жинап, қаржылық пирамида құра алмайды. Ұлттық банк өз ақшасын өзі тәуекелге барып халыққа жұмсайтын болса, шағын несие ұйымдарын қадағалап, реттеп, арнайы штат ұстаудың қажеті жоқ деген ұстанымда болды. 2014 жылдан бастап шағын несие ұйымдары арнайы тіркеуден өте бастады. Ал келесі жылдан бастап барлық несие ұйымдары өнімдерінің жылдық пайызы, мөлшері, көлемі Ұлттық банктің қадағалауында болады. Ұлттық банк тарапынан қойылатын шарттар аясында қаржылық ұйымның жарналық қоры болуы, қызмет көрсетуі белгілі мөлшерден аспауы талап етіледі. Аталған заң жобасында шағын қаржылық ұйымдардың несие мөлшерлемесі 56 пайыздан аспауы керек делінген. Мысалы, онлайн несие беру ұйымдары жылына 700 пайызбен несие беріп жүрген кездері де болды. Ұлттық банк былтырдан бастап оның мөлшерлемесін 100 пайызға дейін түсірді. Ал келер жылдан бастап 56 пайызға дейін төмендейді. Бұл несиелік қызметтердің халыққа жақын болуына жол ашады. Дейтұрғанмен, бұл шарттар нарықта жүрген бірқатар шағын ұйымдардың қызметін тоқтатуына мәжбүр етіп, ірі ойыншылар тұтынушыларының арта түсуіне алып келеді, сонымен қоса қызмет көрсету бағасы арзандайды. Бұл халыққа пайдалы. Бірақ арзан дүниені көрген тұтынушылар қайтадан несиеге лап қоюы мүмкін. Яғни Ұлттық банк несиенің пайыздық мөлшерін төмендете отырып, тұтынушылардың санын көбейтіп жіберуі ықтимал. Бұл қымбатшылыққа ұласуы да мүмкін. Арзандау ақша пайда болғаннан кейін халық оны алып, оңды-солды жұмсай бастайды. Яғни сатылатын тауарға сұраныс көбейеді. Тауарға сұраныс көбейген соң бағасы өседі. Бұл бір-біріне байланысты тізбек. Сұраныс көбейген соң затты көбірек сату үшін өндіруші де несие алады. Бұл экономиканың көлемін өсіруі мүмкін. Бірақ қымбатшылыққа, халықтың қарызының артуына әкеледі», дейді Д.Тәстекеев.
Мемлекет атаулы әлеуметтік көмек аясында тұрғындардың жеке кәсіп ашуына мүдделі. Осы орайда микрокредиттік ұйымдар арқылы шағын кәсіп ашудың мүмкіндігі бар ма деген сауал туады. Әртүрлі шағын несие ұйымдары өкілдерінің айтуынша, олардың тауары – ақша. Ал ақшаны сату үшін өздері бір жерден сатып алуы керек. Яғни тауарды 10 пайызға алып, халыққа 15 пайызға сататын болса, арадағы 5 пайыздық табысынан олар қызметкерлер жалақысын, кеңсе жалдауы сияқты шығындарын төлейді, тағы біраз бөлігін өзіне пайда ретінде қалдырады. Бұл ретте шағын несие ұйымдары да мемлекеттен қолдау күтеді. Яғни шағын несие ұйымы банктен несие алуы мүмкін. Екінші деңгейлі банктерде ең төменгі пайыз мөлшерлемесі – 15 пайыз. Осыдан соң тұтынушыларға ұсынылатын өнім қымбаттап, 20-30 пайызға дейін өсуі мүмкін. Мұндай мөлшерлемемен алған несие арқылы кәсіп ашу бастапқы жағдайда өте ауыр. Бұл азаматтардың кепілзатын жоғалтып алуына әкелетін бірден бір себеп болуы да мүмкін. «Мемлекет пен шағын несие ұйымдары арасында тиімді келісімдер мен өзара қолдау болса бұл мәселені реттеуге болады. Мұндай бағдарламалар мүлде жоқ деуге де келмес. Бұл жобалар негізінен ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған. Аграрлық корпорациялар, несиелік серіктестер арқылы берілетін қаржы түрлері бар. Бірақ оған қол жеткізу үшін қойылатын талап ауыр. Осы орайда шағын несие ұйымдары, ломбардтар мен банктердің айырмашылығы бар. Банктің пайыздық мөлшерлемесі шағын несие ұйымдарына қарағанда төмен. Себебі банктің тұтынушыға қоятын талабы жоғары. Табысын, кепілзатын, барлық сипаттамасын құжатпен бекітеді. Шағын несие ұйымдары бұл талапты жеңілдетіп, жылдам ақша беретіндіктен бағасы да қымбаттау. Ал ломбард табыстың бар-жоғына қарамайды, кепілзат болса жеткілікті. Яғни қарыз беру моделдері әртүрлі болғандықтан бағасы да әртүрлі. Сәйкесінше қарызды алу уақыты да әртүрлі. Ломбардтан жарты сағатта алсаңыз, шағын несие ұйымынан бір күнде, ал банктен бір аптада алуыңыз ықтимал. Мұнда уақыт факторы үлкен роль ойнайды. Микрокредиттік ұйымдар халыққа жақындауы үшін талаптары жұмсаруы керек. Шағын несие ұйымдарын қорландыру жағы ескерілуі тиіс. Себебі ол өзін өзі қорландырса, қорландыру көзі қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл тұтынушыға да көрсетілер қызметтің қымбатқа түсуіне себеп. Қазір біздің компанияда 12 мыңға жуық тұтынушы бар. Қазақстан бойынша 30 филиалы жұмыс істейді. Ел аумағында шағын несие беру ұйымдарының барлығын қосқанның өзінде олардың несие нарығында ойыншы ретіндегі үлесі аз. Яғни 30-40 миллиард теңгені ғана құрайды. Бұл әлеует алдағы уақытта 100-200 миллиард теңгеге дейін жетуі ықтимал. Десе де, 56 пайызды 12-ге бөле салуға болмайды. Бұл жылдық мөлшерлеме болғаннан кейін Ұлттық банк ұсынып отырған өзіндік формуласы бар. Яғни біз клиенттен капиталдандыру арқылы күнделікті пайыздық мөлшерлеме алып отырған сияқтымыз. Шағын несие ұйымдары үшін белгіленген 56 пайыз айына 3,3 пайызға айналады. Біздің ұйымда бүгін алған несиені ертең толық жабу мүмкіндігі қарастырылған. Ал банктер бұл шартпен несие бермейді. Біздің өніміміздің басты артықшылығы жылдам берілетіні және күндік мөлшерлемені санауға болатыны. Қарызды алдын ала төлеуге мораторий жоқ. Банктерде бұл сақтандыруымен, басқасымен қосып есептегенде қымбат болып шығады. Ал Ұлттық банк жоғары пайыздық мөлшерлемені шектегеннен кейін біз күнді санауды өзгертетін шығармыз деген ойдамыз. Тұтынушы несиені кемінде бір айға алуы керек болады. Себебі, айына 3,3 пайыз ғана болғаннан соң, біздің де шығындарымызды есептей келгенде, қиын жағдайға душар болуымыз мүмкін. Әрине, кішігірім ойыншылардың кетуі арқылы нарық тазарады. Ірі ойыншылар нарықта ереже бойынша ойнауы мүмкін. Бірақ кішігірім ойыншылар егер көлеңкелі экономикада қызмет көрсетуге көшсе, оларды тауып, жазалау тетігі әлі мемлекет тарапынан қарастырылмаған. Бұл салық түсімін азайтып, көлеңкелі экономиканы көбейтіп жіберуі де кәдік. Сондай-ақ ірі компанияларға да кедергі келтіріп, әбігерге салуы мүмкін деп ойлаймыз», дейді қаржылық ұйым жетекшісі.