Қоғам • 11 Қараша, 2019

Жастар үшін олжалы жыл

900 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда алғаш рет жарияланған Жастар жылының аяқталуына екі ай уақыт қалды. Бұл тарихи бастаманы қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жас ұрпақтың өмірін жақсарту бағытында түрлі шаралар қабылданды. Кез келген қоғамда жас азаматты, ең алдымен, білім беру мен әлеуметтік мәселелер толғандырары сөзсіз. Соның ішінде мемлекеттік грантқа ие болу мен жатақхана тақырыбы бірде-бір студентті айналып өтпейді. Сонымен Жастар жылында осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

Жастар үшін олжалы жыл

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазанда жасаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Осылайша еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Жастар жылы аталып өтіп, жас буынның өзекті мәселелеріне респуб­лика деңгейінде мән берілді. Осы жылға арнап Үкімет арнайы Жол картасын әзірледі. Жоспар бойынша жастарға қолжетімді баспана ұсыну, білім беру, жұмыспен қамту, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру бойынша бірқатар іс-шаралар қамтылды.

Жалпы, елімізде осыған дейін де жастар саясаты мен олардың білім алуы, кәсіби маман ретінде қалып­тасуы мәселелеріне үлкен мән беріліп келді. Елбасы әрдайым «Жастар – еліміздің болашағы» деп, оларға айрықша көңіл бөлді. Оған дәлел ретінде талай қазақ баласына шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берген «Болашақ», сондай-ақ «Серпін», «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығы, «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Жайдарман», 10 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Жастар кадрлық резерві» секілді бірнеше бағдарламаны келтіруге болады. Жыл соңында биыл қолға алынған жобалардың біразы қорытындыланып, нәтижесі саралануда.

Жастар жылына орай ел Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай  «Президенттік жастар кадрлық резер­ві» үздік жас мамандарды ірік­теуді бастап кетті. Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік баспалдаққа айналуы тиіс екендігін алға тартты. Жоба жедел шешім қабылдауға қа­бі­летті, құбылмалы жұмыс жағдай­ла­рына жылдам икемделе алатын, мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіреді. Бұл үздік жас мамандардың біліктілігінің арқасында еш кедергісіз лайықты басшылық лауазымдарға тағайындалуларына жол ашпақ.

Елімізде бүгінгі таңда 3,9 млн жас бар, олардың ішінде 2,2 млн жас азамат қалалық, ал 1,6 млн жас ауыл­дық жерлерде өмір сүреді. 600 мыңға жуық жас өрен жоғары оқу орындарында, ал 480 мыңнан астамы колледждерде білім алады. Мектеп бітірген түлектер мен ата-аналары үшін жоғары оқу орнына түсу мен мемлекеттік грант иегері атану мәселесі жылда өзекті болып отыр. Биыл елімізде 53 785 грант саны бөлінген. 2018 жылмен салыстырғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінен кейін гранттар саны 20 мыңға көбейген. Осыған дейін білім гранттарына 30-35 мың түлек қол жеткізсе, биылдан бастап бұл көрсеткіш едәуір өскен. Жалпы конкурсқа қатысқан 64 452 түлектің 80 пайыздан көбі білім грантының иегері атанды. Одан өзге жергілікті облыс және қала әкім­де­рі­нің гранттары бар екенін ескерген жөн. Көпбалалы немесе аз қамтылған отба­сылардан шыққан балаларға Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 5 мың әлеуметтік білім гранты тағы бөлінген еді. Аталған гранттардың бірін иеленген елордалық Дәулет отбасында бес баланың төртіншісі. ҰБТ-дан 78 балл жинап мемлекеттік грантқа ілікпеген. Көп балалы отбасыларға берілетін арнайы грантты естіп, бағын сынап көрген. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орын­да­ры­ның бірінде білім алып жүр.

«Алғашында грантқа түспегенімді білгенде, ақылы бөлімде оқып отба­сыма ауыртпашылық түсіретін болдым ғой деп қатты уайымдадым. Қосымша жұмысқа орналасу тура­лы ойлана бастадым. Алайда әлеумет­тік грант алып, қалаған оқу орныма түстім. Өзіме берілген екінші мүмкіндікті, онымен қоса жауап­кер­ші­­лікті сезінемін. Сабақты жақсы оқып, бос уақытымда университет өмі­ріне белсенді қатысуға тырысамын», дейді Дәулет Сыздықов.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл игерілмеген 3 мыңға жуық білім гранты 25 қазаннан бастап қайта үлес­ті­ріле бастаған. Сондықтан грант­қа ілікпей, ақылы негізде оқып жат­қан студенттердің грантқа түсіп кетуі әбден мүмкін.

Сапалы білім алудан кейін жас­тарды толғандыратын мәселелердің тағы бірі – жатақхананың жетіспеуі. Шындығында ақылы бөлімге оқуға түскен студенттермен қатар, үздік үлгерімімен мемлекеттік грантқа ие болған жастардың өзіне жатақхана жетпей жататыны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасында» жоғары білімнің қолжетім­ді­лігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған еді. Бұл бастамаға сәйкес еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындары қарқынды жұмысты бастап кетті. Жалпы елімізде 91 мың студент жатақханаға мұқтаж. Олардың ішінде ЖОО-лар бойынша – 68 мың, колледждер бойынша – 23 мың. Ең жоғары қажеттілік – Алматы қаласында – 31 мың орынға, Нұр-Сұлтан қаласында – 17 мың орынға, Шымкент қаласында – 8,4 мың орынға.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл жыл соңына дейін 9 196 орынға арналған 29 жатақхана пайдалануға берілуі тиіс. Осыған дейін әр жылда беріліп келген 2-2,5 мың орынмен салыстырғанда, бұл – Қазақстан тарихында болмаған көрсеткіш. Бұл жұмысқа мемлекеттік жоғары білім ордаларымен қатар, жекеменшік оқу орындары да белсенді атсалысуда. Үкімет отырыстарының бірінде Премьер-Министр аталған проблема бойынша нақты жұмыс атқарылуы керек екенін алға тартты.

«Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бір­лесіп, студенттер жатақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспар­лан­ған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін», деп тапсырды Асқар Мамин. Нәтижесінде, өңірлерде жатақхана салу мәселесі жергілікті атқарушы билік пен оқу орын­дарының күн тәртібінде алға шықты. Осылайша Ақмола облы­сында барлығы 2870 орынды қамти­тын 11 жатақхананың, Қостанай педа­гогикалық университетінде үш қабат­ты 4 жатақхананың, Солтүс­тік Қазақ­станда 1700 орынды 4 жатақ­хана­­ның, Батыс Қазақстан облысында 5 жатақхананың құрылысы басталып кетті. Өзге аймақтарда да жатақхана құрылысы жолға қойылған. Ендігі мақсат – Елбасының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың соңына дейін 75 мың студентті жаңа жатақханамен қамтамасыз ету. Тіпті Шымкент қала­сын­да бұл мәселе 2021 жылы толық шешімін табады деп отыр.

Жастар жылында студенттердің жатақхана мәселесінен бөлек, оқуды аяқтап қызмет етіп жүрген 29 жасқа дейінгі жас қазақстандықтардың да баспана мәселесі шешімін тапқандай. Осыған дейін айтылғандай, биылдан бастап сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй еліміздегі басты 3 қалада жүзеге аса бастады. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1 050 пәтер, Шымкент қаласында 904 пәтерді беру қараша айынан басталатыны айтылды. Осылайша биылғы айтулы жылы жастардың білім беру мен әлеуметтік мәселелерінің бірқатары шешімін тапты. Жастар тарапынан айтылар бір ғана уәж бар: «Бұл тек алғашқы қадам болып, сәтті бастамалар мен жобалар алдағы жылдары да дәстүрге айналса игі!».